РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
18 октября 2021 | 17:04

"Бала тәрбиелеу тек әйелдің ісі емес" - Италияда тұратын қазақ келіншегі

Камила Долаева Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сурет: Instagram/maral_kurysh Сурет: Instagram/maral_kurysh

Италия шетелде бала босанғысы келетін қыздар арасында танымал елдердің бірі. 36 жастағы алматылық Марал Құрыш қазір италиялық келін, ол екінші қызын осында дүниеге әкелген. Келіншек Tengrinews.kz тілшісіне Италияға қалай көшкенін, бала босануы, мемлекеттен берілетін көмек пен ондағы балаға деген қарым-қатынас туралы әңгімелеп берді. 


Италия шетелде бала босанғысы келетін қыздар арасында танымал елдердің бірі. 36 жастағы алматылық Марал Құрыш қазір италиялық келін, ол екінші қызын осында дүниеге әкелген. Келіншек Tengrinews.kz тілшісіне Италияға қалай көшкенін, бала босануы, мемлекеттен берілетін көмек пен ондағы балаға деген қарым-қатынас туралы әңгімелеп берді. 

Марал Құрыш Талдықорғанда дүниеге келген, Италияға көшпес бұрын 20 жыл Алматыда тұрған. Мамандығы - салықшы және журналист. Елімізде 8 журнал мен газеттің бас редакторы болған, тағы бір журналды өзі басып шығарған. Телеарнада жаңалықтар қызметінде жұмыс істеген. Ал Италияға жұмыс бабымен бірнеше жыл барып жүрген. 

"Кейін өмірім күрт өзгерді, жұбайым Давидэні кезіктірдім, 5 айдан кейін тұрмысқа шықтым, қазір Дария және Софи атты екі қыздың анасымын", - дейді кейіпкеріміз.

"Италияда табиғи жолмен босану құпталады"

Италияда статусына қарамастан кез келген әйел үшін босану тегін екен. Марал елде 5 жылға тұруға рұқсаты бар екенін айтты. Ал қызы Софияның азаматтығы бар, өйткені оның әкесі Италия азаматы.

"Сіз турист немесе заңсыз иммигрант я босқын болсаңыз да, босанғанда бәрімен бірдей тегін қызмет аласыз. Алайда балаға автомат түрде азаматтық берілмейді, отбасының барлық мүшесі және нәресте 6 айға тұруға рұқсат алады.

Шетел азаматы Италияда бала туса және оның ресми тұрғылықты тіркеу қағазы болса, елде үш жыл тұрғаннан кейін бала Италия азаматтығын ала алады, ал отбасы мүшелеріне шектеусіз тұруға рұқсат беріледі", - дейді ол.

Марал Құрыш жүктілігі қалай өткенін айтып берді. Ол жеке клиникадағы гинекологқа қаралған. Қабылдау және ультрадыбыстық зерттеуге 80 доллар жұмсаған. Әр қабылдау алдындағы талдаулар бөлек төленеді екен, 30-45 еуродан. "Үш синдромға арналған генетикалық тест 500 еуро тұрады, алайда бұл міндетті емес", - дейді ол.

"Босану кезіндегі атмосфера өте жақсы. Дәрігерлер мейірімді, жанашыр, бәрі жақсы боларына толық сенім береді. Италияда босану кезінде табиғилық құпталады, сондықтан толғақ шақыратын препараттар мен анестезия аса қажет болмаса қолданылмайды.

Толғағым басталғанда эпидурал анестезия сұрадым, бір күн бұрын анестезиологтың рұқсатын да алдым. Бірақ дәрігерлер анестезияны қолданбау үшін бәрін жасады, сол үшін оларға және босанғанда серік болған Давидэге рақмет, өте ризамын", - дейді Марал Құрыш.

Босанғаннан кейін бәрі жақсы болса, 48 сағаттан соң ана мен бала перзентханадан шығарылады.

"Палаталар барлық қажет құралмен жабдықталған. Әр анада пульт болады, онда екі SOS батырмасы бар: біреуі ана үшін - акушерге қоңырау шаласың, екіншісі бала үшін – педиатр қажет болған жағдайға. Батырманы басқаннан кейін дәрігер уақытқа қарамастан 10-20 секундта жетіп келеді.

Сондай-ақ, перзентханадан шыққан соң бірінші айда күндіз-түні жедел телефон істейді, анаға көмек қажет болса хабарласа алады. Мұндағы жүктілігім мен босануға көңілім толды", - дейді ол.

Балаға берілетін жәрдемақы қандай?

Маралдың айтуынша, бір реттік жәрдемақы сомасы - 800 еуро. Оны Bonus mamma domani дейді. Мемлекеттік көмекті барлық әйел алады, ресми жұмыс істейтін де, жұмыссыздар да. 

"Ал Bonus bebè бала 1 жасқа толғанға дейін ай сайын төленеді, отбасының табысына байланысты 80 еуродан 160 еуроға дейін. Екінші балаға тағы 20 пайыз қосылады.

Ананың жұмысы болса, жүктілік және босану демалысына 5 айға дейін беріледі. Осы кезеңде әйел жалақысының 80-100 пайызын алады. Анасы бала күтімі бойынша демалысын тағы 6 айға ұзарта алады. Бұл жағдайда ол жалақысының тек 30 пайызын алады.

Bonus latte artificiale - бұл денсаулығына байланысты баланы емізе алмайтын аналарға арналған көмек. Баланың 6 айлығына дейін жылына 400 еуроға дейін төленеді.

Bonus asilo nido - балалары бөбекжайға баратын ата-аналар мемлекеттен жылына 1500-ден 3000 еуроға дейін көмек ала алады", - деп түсіндірді келіншек.


Суреттер: Instagram/maral_kurysh

Италиялық балалар туралы қызық деректер

Маралдың сөзінше, италиялықтар балаларды өте қатты қадір тұтады.

"Италиялық отбасында міндетті түрде бала көп болады деген стереотип бар, алайда кейінгі статистикаға сәйкес, бір үйде негізінен бір баладан ғана. Бұл көбіне әйелдер бала тууды кейінге қалдырып, алдымен карьера құруды қалағандықтан. Италияда алғаш рет босанған әйелдердің орташа жасы 31", - дейді ол.

Онда ойын алаңында, ойын-сауық саябақтарында аналарға қарағанда әкелерді көбірек көресіз. "Италияда бала тәрбиелеу - тек әйел жұмысы деген түсінік жоқ", - дейді ол.

"Ата-аналар баласын сәби кезінен халыққа шығарып, өзімен алып жүреді. Ересектер баланы жақсы көретіні сонша олар өте ерке", - дейді келіншек. 

Италияда 2006 жылы барлық балалар үйі жабылған. Алайда бұл жетім балалар жоқ дегенді білдірмейді. Кейіпкеріміз тастанды балалар қайда баратынын айтып берді. 

"Италияда да басқа елдердегідей тастанды балалар мен жетімдер бар. Оларды әсіресе нәресте кезінде қуана-қуана асырап алады. Перзентханадағы бұл мәселе осылай шешімін табады. Католик баспаналарының да үлесі зор. 

Жалпы мұндай үйлерді жеке және қайырымдылық қорлары қаржыландырады, мемлекет ақша бөлмейді. Сондықтан Италияда үлкен мемлекеттік балалар үйі жоқ, бірақ ата-анасыз қалған балалар мәселесіне өзіндік шешім қарастырылған", - дейді Марал Құрыш. 

Келіншек бұл жерде отбасы бала асырап алса ешкімнен жасырмайтынын, керісінше той жасайтынын айтты.

"Қазақстанда мұндай жағдай көпке аса жариялана бермейді. Кейбіреуі тіпті басқа қалаға көшіп жатады. Мұнда керісінше. Бала асырап алғандар той жасап, мереке ұйымдастырады. Жұмысына торт апарып, қуанышын бөліседі. Оның бала асырап алғанын жақындары да, баланың өзі де біледі, бұл өте жақсы. Айтпақшы, мұнда басқа нәсілді бала асырап алу өте жиі кездеседі", - дейді ол.

Италиядағы демографиялық жағдайға келер болсақ, мұнда жыл сайын нәресте саны азайып барады. Бала күтімі бойынша төлемдер 3 мың еуроға дейін жетті, сондай-ақ балабақша мен бөбекжайға бару шығындары қосымша қаржыландырылады.

Италияда бір әйелге 1,29 баладан келеді. Салыстырмалы түрде Қазақстанда туу коэффициенті - 2,84. Бұл Марал Құрыш келтірген деректер.

Биыл Италияда - 143 мыңнан аса сәби, Қазақстанда - 19 мыңға жуық сәби дүниеге келді. Бұл тұста Италияда 60,5 милионнан аса адам тұратынын, ал Қазақстан халқы - 19 миллион екенін ескерген жөн. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети