ПОДЕЛИТЬСЯ
17 июля 2020 | 13:03
"Айлап жаңармайды". Аида Балаева әкімдіктерді сынады
Атырау, Ақтөбе, Жамбыл облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары әкімдіктері мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасына әлі көшпеген. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Атырау, Ақтөбе, Жамбыл облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары әкімдіктері мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасына әлі көшпеген. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның онлайн отырысында мемлекеттік органдардың интернет ресурстары туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов баяндады.
"Мемлекеттік органдардың интернет ресурстарының бірыңғай платформасында 76 мемлекеттік орган және 17 жергілікті атқарушы органды көшіруді жоспарладық. Бірақ осының ішінен тек 69 мемлекеттік орган және 12 жергілікті атқарушы орган көшірілді. Осы шараны әрі қарай жалғастыру керек. Сол себептен біздің тарапымыздан ұсыныс: қалған 5 мемлекеттік орган жедел түрде бірыңғай интернет ресурстардың платформасына көшірілсе және тағы қалған 5 жергілікті атқарушы орган: ол Нұр-Сұлтан, Алматы (қала - авт.), Атырау облысы, Ақтөбе облысы және Жамбыл облысы. Біз өз тарапымыздан бүкіл оқыту жұмыстарын өткіздік. Бүгінгі күнге дейін 623 мемлекеттік қызметші оқытылды, 863 мемлекеттік қызметтің паспорты толтырылды. Тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Осы жылдың аяғына дейін жоспарланып жатқан жұмыстарды аяқтаймыз деп үміттенемін", - деді Абылайхан Оспанов.
Вице-министр баяндамасын аяқтаған соң Аида Балаева бұл министрлік мемлекеттік органдардың интернет ресурсын - порталды ашқан кезде неліктен министрліктің (Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі - авт.) атауы шығатынын сұрады.
"Бұл енді барлық мемлекеттік органның ресурстары қосылғаннан кейін сіздікі шықпауы керек қой. Сондықтан бұл олқылықты дұрыстау керек сияқты. Әйтпесе, бірден министрлік атауы шығады", - деді Балаева.
"Түсінікті, Аида Ғалымқызы, жедел түрде оны түзетеміз", - деп уәде етті вице-министр Оспанов.
Сондай-ақ, ақпарат және қоғамдық даму министрі бірқатар әкімдіктің мемлекеттік органдардың интернет ресурстарының бірыңғай платформасына көшпегенін атап өтті.
"Осы жерде Атырау, Ақтөбе, Жамбыл облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қаласының әкімдіктеріне осы бағытта жұмысты белсенді етуіне назар аударғым келеді", - деді Балаева.
Сондай-ақ, министр бұл ресурстың жүйелі жаңартылуы мәселесіне тоқталды.
"Кейде ақпарат айлап жаңармайды. Бізге уақыты өтіп кеткен, ескі ақпараттың керегі қанша? Ақпарат әрдайым өзекті болуы керек. Біз "дұрыс ақпарат берілмей жатыр, адамдар өсек-аянға сенеді" деп ренжиміз. Бірақ бұған ресурстарымыздағы ақпаратты жаңартпай, өзіміз түрткі боламыз. Мемлекеттік органдар ресурстарыңыздағы ақпараттың жаңартылып отыруын ерекше бақылау керек. Тұрғындарға ақпарат уақытылы әрі дұрыс баруын қамтамасыз ету керек. Осыны хаттама түрде атап, ерекше бақылау керек", - деді Аида Балаева.
Айта кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан құрылған ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның онлайн отырысы өтіп жатыр.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Показать комментарии
Читайте также