ПОДЕЛИТЬСЯ
11 мая 2018 | 14:39
"Ауылдың қарапайым әйеліміз". Қатын күрес Көкмайса фестивалінде жаңғырды
Соңғы жылдары ашық алаңда өткен той, ас, фестиваль кезінде ұйымдастырылып жүрген "Қатын күрес" ойыны көп айтылып жүр. Әлеуметтік желіде белдесіп жатқан әйелдердің видеолары да тарап жатыр. Біреулер оны әдепсіздік, ұят деп айтса, екіншілері қазақтың әзіл шоуына балайды. Тengrinews.kz тілшісі Ұлытау жерінде өткен "Көмайса" фестивалінде осы бір қызықтың куәсі болды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Соңғы жылдары ашық алаңда өткен той, ас, фестиваль кезінде ұйымдастырылып жүрген "Қатын күрес" ойыны көп айтылып жүр. Әлеуметтік желіде белдесіп жатқан әйелдердің видеолары да тарап жатыр. Біреулер оны әдепсіздік, ұят деп айтса, екіншілері қазақтың әзіл шоуына балайды. Тengrinews.kz тілшісі Ұлытау жерінде өткен "Көмайса" фестивалінде осы бір қызықтың куәсі болды.
© Айдос Қосыбаев
Қатын күрес - дәстүрлі қазақы ортада той-томалақтарда, ойын сауық барысында өткізілетін сайыстың түрі. Әдетте қарулы жас әйелдердің арасында өткізілетін күрес. Жеңген адамға жүлде беріледі. ХХ ғасырдың 50-60 жылдары қазақ ауылдарында сабан той кезінде және жайлауда өткізілетін "қойшылар күні" деп аталатын кәсіби мереке барысында да ұйымдастырылатын болған.
Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімдігі фестиваль барысында түрлі қазақи ойын түрлерін ұйымдастырды. Соның барысында әйелдер күресінің жеңімпаздары анықталды. Астанадан, Қарқаралыдан, Алматы мен Маңғыстау өңірінен және жергілікті тұрғындар арасынан шыққан балуан әйелдер өз бағын сынады.
© Евгений Волков
Қатын күрестен бас жүлдені жеңіп алып, қаржылай сыйақы алған Ұлытау ауданы Амангелді ауылының тұрғыны Сандуғаш Есенгелдіқызы бұл спорт түріне арнайы дайындалмағанын айтады.
"Ширек финалда кездескен Шынар есімді қарсыласым өз ауылдасым. Ол былтыр жеңімпаз атанған еді. Бұрын-соңды алысып көрмегенбіз. Қарапайым ауылдың әйеліміз, ондай бір күрес үйірмесіне барып, жаттығу жасап, әдіс тәсілді үйреніп жүргеніміз жоқ. Шөп түсіреміз, басқа да үйдің тірлігімен айналысамыз соның әсері болар", - дейді Сандуғаш Есенгелдіқызы.
Жеңімпаз - Сандуғаш Есенгелдіқызы. © Айдос Қосыбаев
Екінші орын алған палуан осы жарысқа қатысу үшін өзі тұратын Қарқаралыдағы күрес мектебіне барып, бапкерден дәріс алғанын айтады.
"Көкмайса-2018" этнофестивалі тұңғыш рет Ұлытауда 6-9 мамыр аралығында өтті. Танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсембайдың бастамасын қолдаған жергілікті әкімдіктің қолдауымен өткен фестивальге Қазақстанның әр өңірінен келген 1500-2000 жуық адам қатысып, үш-төрт күн бойы көшпенді халық ғұрпымен танысып, ыстық суығын бастан кешірді. Осы шараға қонақ болып келгендер қатарында Мұрат Әбенов, Жәния Әубәкірова, Мұхтар Тайжан сынды танымал адамдар болды. Фестивальдің бірінші күнінде келген қонақтар жергілікті халықтың тіккен киіз үйлерінде, өздерімен алып келген шатырларында, автокемперлерде қоныстанды.
Көрмеге қойылған қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысқан жұрт, қазақтың жат болып бара жатқан ұлттық ойындарын (Мешкейлер жарысы, Қымыз ішу жарысы, Қатын күрес) тамашалап қана қоймай, өздері де қатысып, жүлделі орын үшін таласты. Этнофестиваль қонақтары Ұлытау жеріндегі Ер Едіге би мен Тоқтамыс ханның жерленген тау шыңына шығып, Алашахан, Жошыхан және Домбауыл кесенелерін аралады.
Показать комментарии
Читайте также