ҚР жетекші инфекционист дәрігері Динагүл Баешова қазақстандықтардың COVID-19 инфекциясын қалай жұқтырғаны туралы айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР жетекші инфекционист дәрігері Динагүл Баешова қазақстандықтардың COVID-19 инфекциясын қалай жұқтырғаны туралы айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР жетекші инфекционист дәрігері Динагүл Баешова маман ретінде еліміздегі коронавирус жағдайына қатысты пікір білдірді.
"Қандай нәрсе болса да, салыстырмалы түрде қараймыз. Мына жағымызда Қытай бар, мына жағымызда Ресей бар... Басқа елдерге қарағанда көрсеткіштеріміз әлдеқайда жаман емес деп айтуға болады. Бұл іске Үкіметтен бастап атсалысты. Бір адамдай болып халық та жұмылып атсалысты. Үкімет алдын ала шараларды қолдады. Бір-екі күн алға кетіп қалғанның арқасында бұл вирустың тізгінін ұстап қалдық. Дәрігерлер, Денсаулық сақтау министрлігі бұл вирусты тұсаулап, ұстай алдық. Сондықтан қазіргі күнге дейін осы шарамен келе жатыр", - деді ол ДСМ медиаорталығында өткен онлайн-брифингте.
Маманның айтуынша, Шығыс Азия елдері коронавирустың штамдарына (түрлеріне - авт.) үйреніп қалған. Сондықтан вирус пандемиясы туралы айтылса, бұл аймақтың тұрғындары оқшаулануды, маска тағуды "айтқызбай орындайды". Ал Қазақстанда мұндай вирус алғаш рет кездесіп отыр. Сондықтан қазақстандықтар бұл вируспен күресуді енді үйреніп жатыр.
"Біздің ел дәл осындай аурумен бірінші рет кездесіп отыр. Неге десеңіз. Бұл коронавирус деген топ қой. Бұл топтың ішіне бірнеше штамдар кіреді. Мысалы, Оңтүстік Корея, Сингапур, Қытай болсын мұның 2002 жылғы, 2012 жылғы SARS, MERS деген штамдарынан өте көп адам қайтыс болды. Бұл кісілер әбден үйреніп алған. Пандемия басталды дегенде тез оқшауланып, далаға шықпай, маскаларын тағып соған кірісе кетті. Біздің халық та осындай шараларды қолдана білді. Басталмай тұрып, ақпарат тарады. Халық естіді, білді. Енді бәрі жаппай емес, бірақ көбі қолдана білді. Қазір маска тағып жүр, бір-біріне аса жақындай қоймайды. Үйлерінде де қолдарын жуып жатқан шығар деп ойлаймын. Халықтың көзқарасы дұрыс болғандықтан ауру көрсеткіші аз, қайтыс болған адамдардың саны басқа елдерге қарағанда төмендеу", - деді Баешева.
Сонымен қатар, маман қайтыс болғандардың арасында ауруын тұмау деп жүріп құдалыққа барғанын және басқаларға жаппай жұқтырғанын атап өтті.
"Әрине, ондай болмаса тіпті жақсы болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, кей адам бұны өтірікке шығарып, сенбей жүріп қалды. Өзіңіз білесіз, алдында қайтыс болған азаматтар тойға барып біраз жүріп қалды. Тұмау тиіп жүр деп құдалыққа барып, талай адамға жұқтырып, бір-екі апта өтіп кеткеннен кейін ауруханаға түсіп, қайтыс болып кеткендер де бар. Ауру ол кісілерге өтіп кетті, өтіп кеткеннен бөлек, жұрттың бәріне жайылып кетті. Қазір де мұндай жағдайлар бар. Сосын шетелден келгендер бар. Біреуі туыстарына жұқтыратынын біліп, оқшауланып, алдын ала айтып, бөлек бөлмеге жатып, шықпай аман-есен қалды. Ал басқалары, мысалы Қызылордада Мәскеуден келген азамат үйіне қонақ шақырып бәріне жұқтырған", - деді маман.
Спикердің айтуынша, қазір бір-бірін ұзақ көрмей сағынып, құшағына алып жатқандар бар. Бірақ мұны жасаудың керегі жоқ. Сақтықты ұмытпау керек.
Еске салайық, соңғы мәліметтерге сәйкес елімізде 5 571 адам коронавирус жұқтырды. 2 408 адам жазылды, 32 адам қайтыс болды.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!