РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
03 апреля 2020 | 13:51

Әскерге шақырылғандар немен айналысады? Ермекбаев маңызды сұрақтарға жауап берді

Даурен Ерболат Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев азаматтарды арнайы жиындарға шақыруға қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев азаматтарды арнайы жиындарға шақыруға қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қанша уақытқа созылады?

"Әскерге шақыру 3 айға дейін созылуы мүмкін. Оның нақты уақытын жергілікті атқарушы билік анықтайды", - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Арнайы жиынға кімдер шақырылады?

Қорғаныс министрі арнайы жиынға әскери есепте тұрғындар шақырылатынын жеткізді. Олар әскери казармада жатпайды. Күндіз әскери қызметін атқарса, кешке үйіне қайтады.

"Азаматтар әскерге тұрғылықты мекенжайы бойынша шақырылады. Олар әскери міндетін атқарған соң күн сайын үйіне жіберіледі", - деді ол.

Ермекбаев жасы үлкен немесе созылмалы ауруы бар азаматтар әскерге шақырылмайтынын атап өтті. Басымдық әскери борышын өтегісі келетін жастарға беріледі.

"Бізде әскери міндеттілер бойынша адам ресурсы жеткілікті. Денсаулығы нашар, отбасы жағдайы ауыр, балалары бар және тағы басқа факторларды әскери комиссариат ескереді. Заң бойынша 60 жасқа дейінгі офицерлер, 50 жасқа дейінгі әскерилер, сержанттар әскери борышын өтеуге міндетті. Бірақ бізде тіркелген әскери міндеттілер көп. Сондықтан әскерге жастар шақырылады", - деді Ермекбаев.

Кімдер арнайы жиынға шақырылмайды?

Министр заң бойынша арнайы жиыннан азаматтардың бірнеше тобы босатылатынын айтты.

"Олар - қорғаныс, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарда істейтіндер, авиация қызметкерлері, егістік жұмыстарына қатысатындар, педагогтер, күндізгі бөлімде оқитындар, әйелдер, 18 жасқа дейін үш және одан көп баласы бар азаматтар, сондай-ақ, тергеуге ілінген адамдар. Сонымен қатар, жергілікті органдардың депутаттары әскерге шақырылмайды", - деді басшы.

"Жауапқа тартылады"

Ведомство басшысы арнайы жиынға келмегендер жауапқа тартылатынын ескертті.

"Заңға сәйкес, шақыру қағазы бойынша әскери орынға келмеген азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ол әскери міндетінен босатылмайды", - дейді министр.

Арнайы жиынға шақыру қалай жүргізіледі?

Нұрлан Ермекбаев арнайы жиынға азаматтарды шақыру қалай жүргізілетінін айтып берді.

"Әскери комиссарианттар тиісті есепті жүргізіп отыр. Олар шақыру қағаздарын жіберіп, SMS, телефон соғу және тағы басқа жолдармен хабарландыру жұмыстарын жүргізеді", - дейді ол.

Әскери қызметке шақырылғандарға қанша ақша төленеді?

Қорғаныс министрі арнайы жиындарға шақырылған азаматтардың еңбекақысына тоқталды.

"Арнайы жиындар кезінде әскери қызметке міндетті азаматтардың жұмыс орны және атқарған лауазымы сақталады. Яғни әскерге шақырылғанға дейін жалақының көлемі 200 000 мың теңге болса, арнайы жиындарда өткізген әрбір айы үшін тура сондай ақша төленеді. Егер адам жұмыс істемесе, онда жалақының төменгі мөлшері - 42 500 теңге алады", - деді Ермекбаев.

Әскерге шақырылғандар немен айналысады?

Ведомство басшысының айтуынша, әскери қызметке шақырылғандар басқа аймаққа ауыстырылмайды. Олар блокбекеттерде, патрульде, дезинфекия шараларына, күзетке және су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылады.

"Бұл мобилизация емес"

Нұрлан Ермекбаев әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыруды мобилизациямен шатастырмау қажетін атап өтті.

"Арнайы жиындарды мобилизациямен шатастырмаңыздар. Мобилизация мемлекеттің барлық саласын, халықты, ұйымдарды, әскерлер мен әскери құрылымдарды соғыс жағдайына көшіру. Қазір бұл туралы айтып отырған жоқпыз. Әскерге шақыру жылына бірнеше рет жүргізіледі", - дейді министр.

Оның айтуынша, барлық әкімнің арнайы жиындарды, жергілікті әскерлермен оқу-жаттығу жиынын өткізу бойынша тәжірибесі бар.

"Әкімдер азаматтарды қорғаныс істері бойынша бөлімнің, әскери комиссариат көмегімен әскерге шақырады. Әскери міндеттілердің денсаулығы, отбасы жағдайы ескеріледі. Біз өз еркімен келгендерге басымдық беруді ұсынамыз", - дейді ол.

Осыған дейін қорғаныс министрі қазақстандықтардың неге әскерге шақырылғанын түсіндірген.

Кеше Қазақстан президентінің әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы қаулысы жарияланды.

Айта кетейік, елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 444-ке жетті. 28 науқас айықты, 3 адам қайтыс болды.

Еске салайық, 16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай жарияланды. Ал 19 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылды.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети