ПОДЕЛИТЬСЯ
03 мая 2019 | 10:15
Архив қорларындағы майдангер хаттары
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік архивінде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысты сан-алуан деректері бар қорлар сақтаулы.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік архивінде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысты сан-алуан деректері бар қорлар сақтаулы.
XX ғасырдағы ең қасіретті, қантөгіс соғысты суреттейтін ресми құжаттардан басқа, соғыс тарихын зерттеу дереккөзі болып табылатын құжаттардың бірі - жеке адамдардың, майданнан тылға, тылдан майданға жазған хаттары.
Олардың ішінен бөліп-жарып айтатын болсақ, "Қазақстан Ұлы Отан соғысы (1941-1945) жылдары" деп аталатын архив қорында Совет Одағы батырлары мен қатардағы жауынгерлерден келіп түскен хаттар, тылда "Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін" деп, күндіз-түні тынбай еңбек еткен колхозшылар мен жұмысшы коллективтерінің майдангер жауынгерлерге жазған хаттары мен үндеулері жинақталған.
Ұлы Отан соғысы кезінде жазылған хаттардың топтамасы болып табылатын бұл архив қорының жинақталу тарихының өзі қызықты. Сонау 1943 жылдың өзінде, соғыс аренасында шешуші шайқастар жүріп жатқан кезде, республикамыздың архив қызметкерлері майдан хаттарын жинақтау жұмысын бастайды. Осы жұмыс нәтижесінде 1944-1945 жылдары майдангер хаттарының жинағы жарық көреді. Бұл қадамның өзі майдангер хаттарына берілген зор бағаның дәлелі болып табылады.
© Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Орталық мемлекеттік архиві қорларынан
Мектеп дәптерінің беттеріне, кейде газет қиындыларының шетіне сиямен, не қаламмен жазылған бұл хаттардың қай-қайсысы болмасын адам жанын тебірентпей қоймайды. Бірінде дұшпанға деген ашу-ыза суреттелсе, ал енді бірінде туған еліне, жеріне, жарына деген сағыныш көрініс тапқан.
Сарғыш тарта бастаған майдангер хаттарын оқи бастасаң, көз алдыңа еріксіз, қантөгіс шайқастардан дамылдаған "үзіліс" кезінде хат жазып, не болмаса туған жерден келген хат-хабарды оқып отырған жауынгер бейнесі елестейді.
Майдангерлердің жеке басына байланысты жазылған, жүрек түбінен сыр шерткен хаттардың біріне тоқталсақ деймін.
Сыздықбеков А.
5 шілде 1944 жыл
Мария!
Бүгінгі айлы жарық түн, жымың қағып, әсерін аймаққа шашып тұр. Мұндай түндер майдан өмірінде сирек кездесетін түн. Бұндай әсемді, қоңыр желді түнде дүниенің бәрі де өзінің қалпынан ана ғұрлым әсем көрінеді. Ал өзіңді күндегіден өзгеріп кеткендей сезінесің, ұйқың келмейді. Я жеңіс күндерінің біртіндеп таянып келе жатқаны ма, болмаса ойыңа өмірдің қызығына қолым қашан жетеді деген ызың-ызың ойлардың түйдектеліп келіп жатқаны ма, әйтеуір ұйқым келетін емес.
Міне, мен осы жағдайдың үстінде отырмын, ұйқының келуін осы кішкене хатты саған жазумен тоспақшымын.
Әрине, бұл өмір сүрудің хаты, жастарды өз мақсаттарына жеткізудің хаты. Біздер сияқтылардың ой-ұйқысын бөлетін хат.
Ал, Марияш! Мен ұйықтадым. Бұл ұйқы мен үшін өте тәтті және бағалы, өйткені оның алдында осы хатты саған жаздым. Қазір де мен өзіңмен бірге отырғандаймын. Осының бейнесін тіршілік болса өзіңмен бір күні толық суреттермін.
Үй-ішіңе сәлем жолда! Хат жазып тұр.
Біз әлі өмірден алатын еншімізді алған жоқпыз. Оны алатын күн алда
жатыр. Осыны есіңе сақта.
Ақмұқан. Полевая почта 22245-А.
"Алматы қаласы. Қазақ радиокомитетіне" деп жазылған, ол кезде Киров көшесінің бойында орналасқан Қазақ радиокомитетіне үшбұрышты хаттар майдан алқабынан көп-көптен түсіп жататын. Олардың ішінде туған-туысқаннан қол үзіп қалған, не жастайынан жетімдіктің зардабын көрген жауынгерлердің радиодан хабар беру арқылы жаңа жора-жолдас, жар табу мақсатында жазған хаттары да кездеседі.
Енді осы хаттардан үзінді келтірейік.
1945 жылдың 23 ақпаны.
Майданнан хат.
Алыста жатқан Қазақстанның астанасы Алматы қаласына сәлем!
Мен Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе қаласынан боламын. Атыжөнім Жақашев Айтбай.
Соғысқа дейін темір жолында кезекші қызметін атқарғанмын. Қазір әскер қатарындамын. Бүгін біз фашистердің ордасы Берлин қаласынан 50-70 шақырым жерде тұрмыз. 1944 жылдың аяғына дейін сүйген қыздан, ата-анамнан хат-хабар алып тұрушы едім. Біраз болды, хат-хабар үзілді. Анам о дүниелік болды, сүйген қызым басқа адам тауыпты. Қазір жалғыздыққа да үйреніп барамын.
Тегінде соғыс адамды қатты өзгертеді екен. Қан-төгіс майданда, дұшпанды қолмен өлтіргенде жүрегің бүлк етпейді. Ауылда жүргенде өлім, залал туралы ойланбаушы едім.
Ендігі менің өтінішім, Сіздермен танысу, Сіздердің көмегіңіз арқылы жаңа жора-жолдас, жар табу.
Егерде майданнан аман қайтсам, астанамыз Алматы қаласына барамын.
Өздеріңіз күнде естіп жүрген боларсыздар, жеңіс күні де алыста емес. Қадірлі жолдастарым, аман-есен, қол ұстасып кездескенше қош-сау болыңыздар.
Сәлеммен Жақашев Айтпай. Менің адресім: Полевая почта 21089.
XXX
Қазақ радиокомитетіне.
Мен 1934-1940 жылдар аралығында балалар үйінде тәрбиелендім. 1942-1943 жылдың ортасына дейін колхозда жұмыс істедім. Одан соң әскерге шақырылдым. Финляндия, Шығыс майдандарындағы шайқасқа қатыстым.
Қазір Польша территориясында тұрмыз.
Туған-туысым болмағандықтан ешкіммен хат-хабар алыса алмаймын. Қасыңдағы майдандас жолдастарың хат алып жатқанда өзіңді жабырқау сезінеді екенсің. Қазақ радиокомитетінен сұрайтыным, радио арқылы менің адресімді берсеңіздер екен. Мүмкін, менімен хат жазысатын жолдастар
табармын.
Сәлеммен Мадалиев Абраим. Полевая почта 33547.
Қазақ радиокомитетінің қызметкерлері осындай өтініш, жәрдем сұрап жазған жауынгерлерге барынша көмек көрсеткені белгілі. Әр апта сайын берілетін "Майдангер хаттарына шолу" деген радиобағдарламаны халық
асыға күтетін.
"Қазақстан Ұлы Отан соғысы (1941-1945) жылдары" атты құжаттар топтамасында майданда жүрген жауынгерлердің туған Қазақстанында болып жатырған жаңалықтардан қол үзбей, ел тынысынан хабар, жаңалық
сұрастырып жазған хаттары да кездеседі. Мысалы, мына бір хат гвардия кіші лейтенанты Байдаулетов Жұматайдан келіп түскен екен:
Иваново қаласы. 30 қараша 1944 ж.
© Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Орталық мемлекеттік архиві қорларынан
Әңгімеміздің арқауы болып отырған құжаттар майдан мен тылда фашизмге қарсы бірдей күрескен қазақстандықтардың ерлігі мен табандылығының ескерткіші болып қалғандай.
Бір жағынан, уақыт өте, қағазы сарғыш тарта бастаған бұл хаттардан әр түрлі тағдыр, әр түрлі ойлардың көрінісінен сыр тартқандай боламыз.
Ұлы жеңіс күніне жеткізген ер жауынгерлеріміздің, тылда еңбек еткен ерен еңбекшілеріміздің даңқы ешқашан ұмытылмақ емес.
Архив қызметкерлерінің ең бірінші кезектегі міндеттерінің бірі - сол күндердің белгісі болып қалған майдангер хаттарын сақтау, оларды болашақ ұрпаққа жеткізу.
Өткеннен сабақ ал деген сөз бар. Болашақ ұрпақта құны жоқ осы деректерді өз кезегінде дәріптеп, оларды бағалай алады деген үміттеміз.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік архивінің қызметкерлері бүгінгі таңда соғыс жылдары архив саласында қызмет атқарған әріптестерінің келелі ісін жалғап, "Қазақстан Ұлы Отан соғысы (1941-1945) жылдары" атты құжаттар топтамасын толықтыру мақсатында жұмыс атқаруда.
Осы мақсатта құрметті оқырмандардан отбасы архивтерінде аталарыңыз және апаларыңыздың соғыс жылдары майданда, не болмаса тылда, еңбек алқабында түскен суреттері, жазған хаттары болса, олардың түпнұсқасын, мүмкіндік болған жағдайда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік архивіне мәңгілік сақтауға өткізулеріңізді сұраймыз.
Архивтің мекен-жайы: 050000, Алматы қаласы, Абай проспектісі, 39 үй. E-mail: cga_rk@mail.ru. Телефон нөмірлері: 272-03-77, 272-02-48.
Автор: Г. М. Қаратаева - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік архивінің ғылыми-ақпарат жұмысы және ғылыми-анықтамалық аппараты бөлімінің меңгерушісі
"Әрбір қазақстандықты мұрағатты құнды тарихи оқиғалармен, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің естеліктерімен және еңбек фронты қатысушыларының оқиғаларымен толтыруға шақырамыз. Ол үшін ардагерлердің аты-жөні, туған жылы, әскери қызметте болған жылдары жайлы қысқаша мәлімет жазылған және суреті көрсетілген сауалнаманы мына сайтта толтыру қажет. Оқиғаларды мына нөмірге WhatsApp арқылы жолдауға болады +7-70-09-05-1945. Бұл жоба ERG компаниясының қолдауымен жасалып отыр".
"Жеңімпаздар" жобасы ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірлесіп "Батырлар арамызда", "Қазақстанның дарынды балалары" арнайы жобалары қолға алынған.
Показать комментарии
Читайте также