28 февраля 2019 | 15:09

"Алты айда туған 48 баланың 12-сі кеміс". "Невада-Семей" қозғалысы не үшін күресті

© olzhas-sulejmenov.ru

Осыдан 30 жыл нақ осы күні көптеген халықтың қасіретіне айналған және адамзаттың тыныштығын бұзған ядролық қару-жарақтарын жою мақсатында "Невада-Семей" антиядролық қозғалысы құрылды. "Невада-Семей" қозғалысы - қазақ елі үшін, жалпы адамзат үшін тарихи маңызы бар қоғамдық-саяси ұйым. Осы ұйымның ядролық қарудың сынағын тоқтату үшін атқарған жұмысы жайлы Tengrinews.kz тілшісі шолу жасады.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Осыдан 30 жыл нақ осы күні көптеген халықтың қасіретіне айналған және адамзаттың тыныштығын бұзған ядролық қару-жарақтарын жою мақсатында "Невада-Семей" антиядролық қозғалысы құрылды. "Невада-Семей" қозғалысы - қазақ елі үшін, жалпы адамзат үшін тарихи маңызы бар қоғамдық-саяси ұйым. Осы ұйымның ядролық қарудың сынағын тоқтату үшін атқарған жұмысы жайлы Tengrinews.kz тілшісі шолу жасады.

Семей полигоны кеңес одағының кезінде құрылған, аса маңызы бар нысандардың бірі болды. Ядролық сынақ алаңы 18 миллион гектар жерді қамтыды. Ең алғаш рет атом бомбасының сынағы Семейде 1949 жылы өткізілген. Жергілікті халыққа ол сынақтар жайлы тек 1953 жылы ескертілген екен. Тарихи декректерге сай Семей полигонында 450-ден аса ядролық және термоядролық сынақ өткізілген деседі. Салыстырмалы түрде бұл сынақтардың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған ядролық бомбаның күшінен бірнеше есе артық болған. 

Реклама
Реклама

Бірнеше жыл жер беті мен жер астында жасалған ядролық сынақтардың нәтижесінде адамдар, жануралар мен жер бетіндегі топырақта зардап шеккен. Мамандардың айтуы бойынша, ядролық сынақтан кейін қатерлі ісікпен ауыратын адамдардың саны бірнеше есе көбейген. Оған қоса өмірге келген балалардың да кеміс тууы жиіленіп кеткен. Жасалған ядролық сынақтардың нәтижесінде одан бөлінген зиянды заттар жерге сіңіп, оның құнарлығын жыл сайын жойып отырады екен. Ол жерден өсіп шыққан кез келген өсімдік және ол жердің шөбімен азықтанған жануарлардың бәрі ауруға ұшыраған.

Семей жерінде жалғасқан ядролық сынақты тоқтату үшін 1989 жылы 28 ақпанда Алматы қаласында орналасқан Жазушылар одағының маңында мыңдаған адам жиналған. Олардың талаптары полигонда сынақ өткізуді тоқтату еді. Оған қоса олардың ішінде 1986 жылы көтеріліске қатысқан адамдар болған. Сол кезде "Невада-Семей" антиядролық қозғалысы құрылып, полигонның сынақтарын тоқтату үшін ұйымның мүшелері әр түрлі шаралар өткізген. Бұл саяси-қоғамдық ұйымның бастауында сол кезде ҚазССР жоғарғы кеңесінің депутаты, ақын Олжас Сүлейменов тұрды.

1989 жылдың 6 тамызында Семейдің Қарауыл кентінде "Невада-Семей" антиядролық қозғалысының бейбіт шеруі болған. Бұл шеру жайлы Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы бірнеше бөлімнен тұратын "Невада-Семей" деректі фильмін түсірген. Осы деректі фильмдегі бірнеше адамның сөзін келтірсек:

Олжас Сүлейменов жиналған халықтың арасында ядролық сынақты тоқтатуға байланысты сөз сөйлеген.

"Дәл бүгін біз осы жерде және Невадада (АҚШ), Ресейде, Хиросимада (Жапония) сияқты әлемнің әр жерінде орналасқан елдер ядролық қарудың сынақтарынан зардап шеккендерді аза тұтып жатырмыз. Біз мұндай сұмдық оқиға адамзат басында қайталанбауы үшін жиналдық. Дәл қазір атом қарулары жетілдіріп жатқан кезде, оның адамдарзатқа қауіп-қатері сақталады. Біз балаларымыздың мұндай қауіп-қатердің құрбаны болғанын қаламаймыз. Бұл жерге XX ғасырдың аяғында адам баласының болашағы жарқын болсын деп жиналып жатырмыз" - деді Олжас Сүлейменов полигонды жабу үшін жиналған шерулердің бірінде.

Ол жерге жиналған адамдар өздерінің бейбіт шеруге шыққанын және олардың талаптары Семей ядролық полигонының жабылуы екенін мәлімдеді. Қарауыл ауылында жиналған адамдардың кейбірі полигонға қатысты сөз сөйлеген еді.

"Мен 49-жылдан бері болып келе жатқан барлық ядролық сынақтың әсерін өз басымнан өткіздім. Отыз жыл дәрігер болып жұмыс істедім. Мен акушер-гинекологпын. Мен отыз жыл бойы үш буынның да ұрпағын қабылдадым. Олардың үшінші ұрпағы қазір өте ауыр жағдайда. Жас жұбайлар бала көтеруге қорқатын болды. Мен көзіммен көргенімді айтайын, алты айдың ішінде туған 48 баланың 12-сі кеміс боп өмірге келді. Сәбилердің алтауы қайтыс болды. Кейбіреуінің қолдары немесе аяқтары жоқ. Даун аурумен туғандары да бар. Мен ата-аналардың атынан полигонды жабуды талап етемін. Мен мұны дәрігер және ана ретінде айтып жатырмын", - деді жиынға жиналғандардың бірі.

Қарауыл кентінде Олжас Сүлейменов ядролық қару-жарақтың сынағына қарсы жиналған адамдардың алдында сол кездегі Кеңес және АҚШ президенттеріне арналған үндеуді оқып берді.

"Невада-Семей" антиядролық қозғалысын құрған себебіміз - Қазақстанда ядролық сынақтарды тоқтату. Біз өз жерімізде қауіпсіздік пен тыныштық үшін күресуге құқығымыз бар. Бүгін біз ядролық сынақ полигонының маңына қазақтың Қарауыл кентіне жиналдық. Бұл жер Батыс пен Шығысты түйістіреді. Ядросыз қаруға күресетіндердің халықаралық ынтымақтастық күні біз сіздерден жер бетінде қауіпсіздік орнату үшін өзара мораторий орнатуларыңызды сұраймыз. Бұл күндері адамзат жер бетінен қырылып қалмауы үшін бұл мәселе шешілуі тиіс. "Невада-Семей" қозғалысы. Семей облысы Қарауыл ауылы. 6 тамыз 1989 жыл", - делінген үндеуде.

Осылайша "Невада-Семей" антиядролық қозғалысының мүшелері өз мақсаттарына жетті. Олардың жасаған шараларының арқасында Семей полигонында ядролық қарудың сынауы бірнеше есеге қысқарған. Соңғы сынақ 19 қазанда болған.

"Невада-Семей" қозғалысының атауына тоқталар болсақ, ұйымның жасаған шаралары БАҚ арқылы көптеген мемлекетке тарағаннан кейін, ол жайлы әр жерде сөз қозғала бастаған. Құптаушылардың ішінде ядролық сынақ өткізіліп жатқан елдер көп болған. Қазақстанға Невададан (АҚШ) арнайы делегация келіп, олар бейбіт шеру қосылып, ядролық қарудың сынағын тоқтатуды талап еткен екен. Осылайша бұл ұйым халықаралық болып жарияланды. Шерулерде Қазақстанда, Ресейде, АҚШ-та және Жапония елдерінде ядролық сынақ тоқтатылуы талап етілген. Тек Семей полигоны жабылғаннан кейін ғана Невада, Франция, Қытайдағы полигондар жабыла бастаған.

Халықтың қысымымен Кеңес үкіметі Семей полигонында ядролық сынақты тоқтату жайлы мораторий жариялайды. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Респбуликасының Презинденті Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы жарлық шығарды.

Автор: Мақсат Мамбетжан


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram