Алматының бас мемлекеттік санитария дәрігері Жандарбек Бекшин қаладағы шектеу шараларын түсіндіру бойынша брифинг өткізді. Ол коронавирустың жаңа штамы, локдаун, қоғамдық көлік жұмысы туралы сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматының бас мемлекеттік санитария дәрігері Жандарбек Бекшин қаладағы шектеу шараларын түсіндіру бойынша брифинг өткізді. Ол коронавирустың жаңа штамы, локдаун, қоғамдық көлік жұмысы туралы сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Коронавирус жұқтыру көбеюі жаңа штаммен байланысы бар ма?
Бекшиннің сөзінше, кейінгі кездері коронавирус жұқтыру дерегінің көбеюі әзірше инфекцияның жаңа штамымен қатысы жоқ. Өйткені Еуропа немесе өзге елдерден өзгеріп келген жаңа штамм әлі анықталған жоқ. Алайда Гигиена ғылыми орталығы базасында секвенатор аспабы көмегімен зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Біз бұл жұмысты істеп жатырмыз, бірақ әзірше ештеңе табылмаған соң ештеңе айта алмаймыз. Бір-екі аптаның ішінде көп зерттеу жасағаннан кейін табылса, сол кезде айта аламыз", - деді ол.
Жандарбек Бекшин қазіргі кезде коронавирустың өзгерген 5 штамы барын айтты. Олар: Ұлыбритания, Бразилия, Оңтүстік Африка және АҚШ-тағы 2 штамы.
Локдаун қай кезде енгізіледі?
Алматының бас мемлекеттік санитария дәрігері қала қай кезде карантинге жабылып, локдаун жарияланатынын айтты.
"Бүгінде бізде 3400 төсек-орын бар, олардың жүктемесі 40 пайыздан аспайды. Сонымен бірге 7 мың резерв төсек бар, бірақ резерв те таусылуы мүмкін. Ауруханаға тәулігіне 500 адам жатқызылса, онда бір инкубациялық кезеңде барлық төсек-орын бос болмайды деген сөз. Бұған жол беруге болмайды. Күніне 300 науқас жатқызылса да, қала локдаунға жабылады. Шараларды уақытылы қабылдамасақ, онда, әрине, барлығын толығымен жауып, тоқтатуға тура келеді. Біздің міндетіміз - бұған жол бермеу. Әлі кеш емес, егер уақытты өткізіп алсақ, шынымен кеш болады", - деді ол.
Қоғамдық көлік жұмысы неге тоқтады?
Жандарбек Бекшин Алматыда демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысы не себепті тоқтағанын түсіндірді. Оның айтуына қарағанда, науқастардың 17,5 пайызы инфекция жұқтыру себебін қоғамдық көлікпен байланыстырады.
"Бұл - жалпы қабылданған шара, автобустарда адамдар көп жүреді. Қоғамдық көлік - инфекция ошағының бірі. Қазір біз инфекцияның таралуын азайтуымыз керек. Екі күнде нәтиже болды. Жұмада 360 науқас анықталса, сенбіде - 342, жексенбіде - 297. Бұл кешенді шаралар коронавирус инфекциясының таралмауына әсер етті", - деді бас мемлекеттік санитария дәрігері.
Сонымен бірге, Бекшин алдағы демалыс және мереке күндері қоғамдық көлік тоқтайтынын және бұл қала "қызыл" аймақтан шыққанға дейін жалғасатынын айтты. Алайда спикер қоғамдық көлікте нақты қанша адам коронавирус жұқтырғаны туралы мәліметті бере алмады.
Демалыс күндері Aport Mall неге жабылмады?
"Aport Mall сауда және ойын-сауық орталығы Алматы облысы аумағында орналасқан. Алматы облысы қазір "жасыл" аймақта, сол себепті облыста басқа талап. Олар сауда нысандарын жапқан жоқ", - деп жауап берді Бекшин.
Айта кетейік, Алматы коронавирус бойынша "қызыл" аймақта. Өңірде бүгінге дейін коронавирустың 27 703 дерегі анықталды. Кейінгі тәулікте 342 адам инфекция жұқтырды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!