Әлеуметтік желілерде "қытайлар жүр" деген тақырыппен видеоролик таралды. Видеоға қатысты Алматы облысының Полиция департаменті түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде "қытайлар жүр" деген тақырыппен видеоролик таралды. Видеоға қатысты Алматы облысының Полиция департаменті түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Айта кетейік, Алматы облысында түсірілген видеода ер адам бір топ балалы әйелге жақындап, "Не таратып жүрсіздер?" деп сұрайды. Бұл сұраққа әйелдер корей тілінде жауап беруге тырысады, алайда олар түсініспей, видео сол жерде үзіледі. Видео сипаттамасында әйелдердің мектеп оқушыларына әлдене таратып жүргені я насихаттап жүргені айтылған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, видеодағы оқиға шын мәнінде Алматы облысында түсірілген. Нақтырақ айтсақ, Шамалған ауылында биыл қаңтарда болған оқиға екен.
"2020 жылғы 14 қаңтарда аудандық Полиция басқармасына Шамалған ауылы Үшқоңыр орта мектебінің ұстаздарынан мектеп маңында белгісіз шетел азаматтарының бастауыш сынып оқушыларын жинап, оларға белгісіз бағытта үгіт-насихат жүргені туралы хабар түсті. Ақпарат полицияда ресми тіркелді", - деп хабарлады ПД Tengrinews.kz сауалхатына берген жауабында.
Хабар түскен соң жергілікті полиция басқармасының жедел-тергеу тобы оқиға орнына шұғыл жетіп, Оңтүстік Корея мемлекетінің 38-41 жастағы 3 азаматының кәмелет жасына толмаған балаларымен жүргенін анықтаған. Сөйтсек, олар елімізге қаңтар айының басында туристік мақсатта келген екен.
"Тексеру барысында шетелдік қонақтардың діни бағытта үгіт-насихат жасағаны немесе қандай да бір заттарды сатқаны не сыйлағаны дәлелін таппады. Полицейлер туристерді Полиция басқармасына әкеліп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген соң босатты. Аталған дерекке қатысты тәртіп сақшыларының әрекеттері жергілікті прокуратура органдарымен келісілді", - делінген ПД жауабында.