РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
31 мая 2021 | 09:01

"Әкемді атқаннан кейін 11 күн өткенде мен өмірге келіппін"

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сол жақта бірінші отырған - Жұмажан Тәттібаев. Фото: Tengrinews/Сандуғаш Сұлтан Сол жақта бірінші отырған - Жұмажан Тәттібаев. Фото: Tengrinews/Сандуғаш Сұлтан

31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі қуғынға ұшырағандардың бірі Жұмажан Тәттібаевтың қызы Эльвира Жұмажанқызымен сұхбаттасты. Эльвира Жұмажанқызы балалық шағы мен әкесінің қазасынан кейінгі өмірін әңгімеледі.


31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі қуғынға ұшырағандардың бірі Жұмажан Тәттібаевтың қызы Эльвира Жұмажанқызымен сұхбаттасты. Эльвира Жұмажанқызы балалық шағы мен әкесінің қазасынан кейінгі өмірін әңгімеледі.

Эльвира Жұмажанқызы қазір Алматы қаласында тұрады, 83 жаста. Ол әкесі мен анасы туралы естеліктерді көзіне жас ала әңгімелеп берді.

"Әкемнің соңғы сөзі - "баланы сақта"

Менің әкем Жұмажан Тәттібаев қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының тумасы, 1902 жылы дүниеге келген. 1920 жылы Чекистер мектебін бітірген, Семейде бірқатар уақыт жұмыс істеген. Анам медреседе бастауыш сыныптарына сабақ беріп жүргенде әкем екеуі танысқан. Анам молданың қызы болған және оған чекиске тұрмысқа шығуға тыйым салынған. Сол үшін ата-анам қашып кетуге мәжбүр болыпты. Кейін әкем Шымкент, Қостанайда қызмет етіп, кейін Қазақстанның түсті металл және алтын өнеркәсібін басқарған.

Осыдан кейін Қарсақбай мыс қорытатын комбинатында директор болған. Ол жерде әкемнің жетекшілігімен Қаныш Сәтбаев тау-кен инженері болып жұмыс істеген.

1937 жылы Зырян кен басқармасының басшысы болып тұрған кезінде әкем шабаданын жинап, Мәскеудегі өнеркәсіп академиясына оқуға жиналып жатқанда түнде үш адам келіп, әкемді тұтқындаған, әкем ол кезде небары 35 жаста. Анам да білімді, қоғамдық жұмыстармен айналысқан адам болған. Екеуі бірге Мәскеуге оқуға кетпекші болыпты. Тұтқындауға әкетіп бара жатқанда әкемнің анама айтқан соңғы сөзі "баланы сақта" болыпты, яғни мені. Әкемді алып кеткеннен кейін атып тастаған, мәйіттерді Жаңалықтағы (қуғын-сүргін құрбандары жерленген Алматы облысындағы ауыл) далаға шашып тастаған, оны кейін малшы байқапты.

Анамның және Қазақстанның көрнекті қайраткерлерінің жұбайлары айтқан әңгімелерге қарағанда, әкем өте қарапайым, қайсар және қайырымды адам болыпты. Қанша жерде басшылық қызметте болса да мінезі өзгермеген. Мысалы, анамның айтуы бойынша, 1930-1931 жылдар қазақ отбасылары үшін өте қиын кезең болған, адамдар отбасыларымен қырылған. Тап сол кезде Сәтбаевтың үлкен жанұясы да көмекке мұқтаж болып, әкем жас инженерге қол ұшын созып, шаңырағын бөліскен. 

Әкемнің қарапайым адам болғанын оның сол кездегі жұмыс кабинетінен байқауға болады. Бұл кабинет сол кездегі бастықтың кабинеті.

"Ауладағы аюға дейін тәркіленген"

Ескі құжаттардан байқағаным, сол қиын заманның өзінде қызметі бар азаматтар жалақысынан ақша бөліп, студенттерді өз қалтасына оқытқан, әкем екі студентті оқытыпты. Сол дәстүрді бүгінгі азаматтар жалғастырса жақсы болар еді. 

Зұлмат заманда қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдері арнайы лагерьлерге жіберілген. Мына суретте Рысқұловтың, Нұрмақовтың әйелдері бар. Сол жақтағы ең шетте отырған менің анам - Анвар Аюпова.

Қуғындалған азаматтардың ешбірінің әйелі жолдасынан бас тартпаған. Менің анама әкемнен бас тарту туралы бірнеше рет ұсыныс жасалған. Олар "халық жауынан бас тартамын деп жазып берсең үйіңе, мүлкіңе тиіспейміз" деген, бірақ менің анам әкемді өте қатты жақсы көріпті, ол туралы айтқанда ерекше сезіммен әңгімелейтін. Ата-анамның алты бөлмелі үлкен жекежайы болыпты. Ауласында ит пен аю байланып тұрады екен. Әкем аңшы болған, бірақ аңды ешқашан атып алмаған, үйге әкеліп байлаған екен. Мұның бәрі тәркіленген.

Менің әкем мен анамның махаббаты ерекше болыпты. Әкем қазақтарды колхоздарға зорлықпен апару, жұмысқа жегу, малын тартып алу сияқты озбырлықтарға қарсылық білдірген, тәуелсіздік үшін күрескен. Ата-анам сол мақсат жолында қолда бардың бәрінен бас тартқан. Әкем анама түрлі әдемі ашықхаттар жазған. Мына ашықхаттың екінші жағында Қырымның ең көрікті жерлерінің суреті болған. 

"Әкемді атқаннан кейін 11 күн өткенде мен өмірге келіппін"

Өзге де қуғындалғандардың әйелдері сияқты менің анамды да лагерьге аттандырған. Алайда жүкті екенін байқап, қаладан шығу құқығынсыз Семейге қоныстануға рұқсат берді және Крупская атындағы фабрикаға апарған. Әкемді атқаннан кейін 11 күн өткенде мен өмірге келіппін.

Фабрикада анам киім тіккен, мен үнемі күпәйкенің үстінде отырады екенмін. Анамның айтуынша, мен туғанда орайтын жөргек болмай, маталардың қиығына орапты. Сол жерде қызылшамен ауырыппын. Анам қолында қалған жалғыз неке жүзігін шешіп, бақылаушыдан мені ауруханаға апаруға рұқсат сұрапты, бірақ рұқсат берілмей, сол аурудың кесірінен құлағым естімей қалған. Кейін мектепке барғанда оқу құралдарымды матаға түйіп жүрдім, ал аяқ киімді анам шүберектерден тігіп беретін.

Ал, әкемнің атылғанын ешкім білген жоқ, анамның қолында әкемнің 1943 жылы майданда қайтыс болғаны туралы құжат қана болды. Кейін мұрағаттың бәрі ашылғанда әкемнің атылғанын білдік.


Жұмажан Тәттібаев оң жақта ең шетінде отыр.

Жер аударғанда бекітілген мерзім аяқталған соң әпкем бізді көшіріп алды. Мария әпкем Шет тілдер институтын "қызыл" дипломмен аяқтаған, маман тапшы болып, "халық жауының" қызы екеніне қарамастан оны жұмысқа алды, сөйтіп 3-сыныптан бастап Алматыда тұрдым. Бастапқыда қойма сияқты кішкентай бір бөлмеде тұрдық. 

Ал, мен Шет тілдер институтын бітіріп, көптеген қоғамдық жұмыспен айналыстым, әлі де айналысып келемін. Бәлкім, әкем мен анамнан берілген қасиет шығар.  

Менің дәл қазір бір ғана тілегім бар. Үкімет сол зұлмат заманда лагерь көрген, балалық шағын жоғалтқан адамдарға көңіл бөлсе екен. Қуғындалған азаматтардың балаларын тыл ардагерлерімен теңестіру керек деп есептеймін. Бұрын біз үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған, бірақ 1993 жылы қаржылық қиындықтарға байланысты бәрі алынды, сол мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді қайтаратын кез келген сияқты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында бізге де жіті назар аударылады деп сенеміз.


Эльвира Жұмажанқызы. Фото: Tengrinews/Сандуғаш Сұлтан

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети