РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
27 ноября 2020 | 13:26

"Ақ қағазбен кеттім". 20 жыл шетелде құжатсыз жүрген қазақстандық елге оралды

Рахила Тлеуова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Көрнекі сурет: pixabay.com Көрнекі сурет: pixabay.com

Өмірде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Кімнің ғұмыры қалай өрбитінін болжап айта алмаймыз. Сәуле Сыздықова да 20 жыл бұрын елден жырақта жүремін деп ойламаған. Қазір жасы 41-де. Үш баланың анасы. Күйеуі мен балалары - Моңғолия азаматы. Өзінің "азаматтығы жоқ", азаматтығы жоқ дегенде... Кезінде еш құжатсыз шекара асқан ол бүгін атажұртқа оралып, туу туралы куәлігін алудың ізінде жүр. 


Өмірде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Кімнің ғұмыры қалай өрбитінін болжап айта алмаймыз. Сәуле Сыздықова да 20 жыл бұрын елден жырақта жүремін деп ойламаған. Қазір жасы 41-де. Үш баланың анасы. Күйеуі мен балалары - Моңғолия азаматы. Өзінің "азаматтығы жоқ", азаматтығы жоқ дегенде... Кезінде еш құжатсыз шекара асқан ол бүгін атажұртқа оралып, туу туралы куәлігін алудың ізінде жүр. 

Иә, XX ғасырда еш құжаты жоқ адамды арамыздан да кездестіре аламыз. Мұндай тағдыр тек Сәуле Сыздықованың басында емес, басқаларда да болуы мүмкін. Сол себепті қай жерде, қай елде жүрсеңіз де, елге оралып, туған жердің топырағын сүю бақытынан өзіңізді шектемеңіз, сағынышыңызды басыңыз, үмітіңізді үзбеңіз... Сәуле апайға бұл жолда қазақстандық дипломаттар көмектескен. Жыл бойы жан-жаққа хат жазып, қандасымыздың асыл арманын орындауға себепші болған.

20 жыл шетелде құжатсыз өмір сүрген қандасымыз Tengrinews.kz тілшісіне оқиғасын әңгімеледі. 

"Ақмола облысының тумасымын"

Бұрын Ақмола облысы Қима ауданы Балталы совхозының Чурумсай отделениесінде тұрдым. Негізі Меңдеште туғанбыз. Бірақ кейін әке-шешеміз Чурумсай деген отделениеге көшіп келген. Бір-біріне жақын. Бір үйде төрт баламыз. Менен үлкен әпкем, содан кейін мен, менен кейін бауырым және сіңілім бар. 1979 жылғы 18 тамызда дүниеге келдім.

 Фото: Сәуле Сыздықованың жеке мұрағатынан

"Моңғолияға жолдасым екеуміз ақ қағазбен кеттік"

Қазақстанда 20 жасыма дейін тұрдым. 1998 жылы Моңғол азаматына тұрмысқа шықтым. Жолдасым Балталыға туыстарына қыдырып келіп жүретін. Менен 10 жас үлкен екен. Бала кезімізде ондай жасқа, басқа бірдеңеге қарамадық. Біздің әке-шешеміз дұрыс қарамаған соң, сол күйеуге шығып, дұрыс өмір сүріп кетуді ойладық. Әке-шешеміз жанашыр болмағандықтан, 4 бала 4 жақта жүрдік. Ол кезде ешқандай құжатым болған жоқ. Жолдасымның ата-анасы Моңғолияда тұратын. Содан жолдасым еліме қайтамын деді. Менің қол-аяғым ауыр еді, бірге кеттім. Сол Моңғолияға бара жатқанда күйеуім бір ақ қағаз жасатқан. Сол ақ қағазбен кеттік. Не қағаз екенін, онда не жазылғанын білмеймін. Моңғолияға 1999 жылғы 5 сәуірде бардық. Менің босанатын күнім таяп қалған еді, 26 маусымда үлкен қызымды дүниеге әкелдім. 

"Жолдасымның мінезі өзгерді"

Адамның мінезі өзгереді екен. Жолдасымның мінезі өзгерді. Содан мен артқа қайтатын шығармын деп ойладым. Келген кездегі ақ қағазды сұрап едім, "жоқ" деп бермей қойды. Сөйтіп қалып қойдым. Мен осы жақтан кетіп бара жатқанда әпкем: "Сәуле, сен дұрыс бара жатқан жоқсың. Қолымызда бір құжат жоқ. Ертең сен барғаннан кейін бір жағдай болып қалса, сені іздеп баратын ешкім болмайды. Баратын құжатымыз да жоқ" деп ескертті.

"Балалығымыз қиын болды"

Себебі бала кезімізде әке-шешеміз кішкене ішімдікке жақын болды. Балалығымыз қиын болды. Сондықтан өзімдікі дұрыс болмаған соң әпкеме айтуға бата алмадым. Сосын ол кезде қазіргідей телефон болмады. Интернет деген мүлдем болмады. Сөйтіп жүргенде 2001 жылы екінші балам, 2002 жылы тағы бір балам дүниеге келді. Әке-шешемізге ренжиміз. Егер өздері баға алмаса, неге бәрімізді бір жерге өткізіп жібермеді. Балалар үйіне болса да өткізуі керек еді. Сонда құрығында құжатымыз болатын еді. Ешбіріміздің құжатымыз болмады. Менен басқа үш бала құжатын жасатқан. Олар да қиналған. Қанша жүгірген. Әпкем қағаздарды жинап, сотқа барған кезде мен үшін де қағаз апарған. Бірақ сот өзі келу керек деп айтқан.

"Күйеуім қайтыс болды"

2009 жылы - 10 жылдан кейін күйеуім бауыры ауырып қайтыс болды. Ол кезде үлкен қызым 3-сынып, екінші балам 1-сыныпта оқитын, ал үшінші балам әлі мектепке бармаған еді. Содан кейін күйеуімнің қайтыс болғаны туралы құжаттар жинай бастадым. Менің де құжатымды сұрады. Бірақ Моңғолияға келген кездегі ақ қағазды таппадық.

Фото: Сәуле Сыздықованың жеке мұрағатынан

"Балаларымды ойлап, ешкіммен ренжіспеуге тырысатынмын"

Моңғолиядағы жолдасымның туыстарымен қарым-қатынасым туралы айтсам, маған жамандық жасады немесе көмектесті деп айта алмаймын. Мен басында күйеуім қайтыс болғанда қиналдым, сол кезде ренжитінмін. Бірақ біреу-біреуге көмектесуге міндет емес. Қайын ағам болатын. Балалардың әкесі қайтыс болғанда беретін көмегі бар ғой. Соны өз атына жазғызып, алып беріп тұрды. Ешкіммен ренжіспедім. Әпкем "Сәуле, сен ол жақта ешкіммен ұстаспа, жанжалдаспа. Ешқандай құжатың жоқ. Ертең бірдеңе болып қалса, құжатың жоқ. Абай бол" деп. Сондықтан балаларымды ойлап, ешкіммен ренжіспеуге тырысатынмын. 

"Елге қайтуды көздедім, бірақ..."

Дегенмен елге оралу туралы ой үнемі болды. Жолдасым қайтыс болған соң да елге қайтуды көздедім, бірақ бір жағынан балаларым болды. Олардың 18-ге толуы керек еді. Әйтпесе құжатсыз қалып қояды ғой. Мен сияқты құжатсыз қиналып қала ма, басқа елде қалып қоя ма деген ой мазалады. Не де болса балаларым түгел құжат алғанша шыдайын деп ойладым.

 "Әпкем мені тапты"

2017 жылы ма әпкем Моңғолияға кетіп бара жатқан кісіге "осындай жерде сіңілім бар, маған телефон нөмірін әкеліп" беріңіз деп өтініш айтып жіберіпті. Ол кісі маған келіп әпкемнің нөмірін берді, мен оған өз нөмірімді беріп жібердім. Сөйтіп содан бастап туыстарыммен хабарласып тұратын болдым. Әпкемнің Моңғолияда бір жақын досы бар болып шықты. Ол Қазақстан мен Моңғолия арасында такси болып қатынайтын болып жұмыс істейді екен. Әпкем "содан ақша салып жіберемін, сен сол ақшамен Ұлан Батырға жетіп ал. Сол жерде Қазақстан елшілігіне бар" деді. Мен тағы тартындым. Неге десеңіз кішкентай қызым әлі 18 толмаған еді. Тағы сол құжатсыз қалып қоя ма деп қорықтым.

"Басында елшіліктегілер сенбеді"

Сөйтіп 2019 жылы желтоқсанда елшілікке бардық. Елшіліктен Айнұр (елшілік қызметкері - еск.) деген қыз шықты, мән-жайды айттым. Құжатым жоқ екенін түсіндірдім. Содан кейін консул Шынар ханым шықты. Бәрін сұрады. Ол кісі бірден сенген жоқ. Қорқыныш болды. Кім сенеді? Бір елде 20 жыл құжатсыз жүру дегенге кім сенеді? Қазір өзім Қазақстанға келген соң сонша уақыт неге жүрдім екен деп ойлап қоямын. Сосын елшіге кіргізді. Жалғас Әділбаев деген кісі екен. Жақсы кісі екен. Біз оқымадық қой. Содан бастық адам креслода отырып, өзінше болады деп ойлаймыз ғой. Олай емес екен. Жақсы қарсы алды. Бар жағдайды сұрады. Сосын: "Сәуле, егер бәрі рас болса, біз сізге көмектесеміз" деді. Шынар Қазақстандағы туыстарымнан қолхат сұратты. Жеке куәлігінің көшірмесімен жинап беруімді айтты. Соларды жинап бердік.

"Жаны ашитын адамдар бар екен"

Содан кейін олар Баян Өлгейге (Сәуле тұратын аймақ -еск.) келді. Сол кезде мен үшін жүретін, жаны ашитын адамдар бар екен деп ойладым. Өйткені мен 20 жыл жүргенде "сенің құжатың жоқ, саған құжат жасайық" деп ешкім айтқан жоқ, көмектескен жоқ. Өзімнің де терістігім бар. Сөйтіп 2019 жылдан бастап елшіліктегілер бүкіл архивтен құжаттарды алғызды, қағаздарды шығарды. Бір жыл айналысты. Ол кісілердің еңбегін бағалаймын. Қазір олай туысың да көмектесе алмайды.

"Қазақстанға тағы ұшақ бар деп шақырды"

Бір рет елшілікке шақырды. Баян Өлгейден Ұлан Баторға бардым. Ол тамыздың 25-26-сы болар. 4 қыркүйекте Қазақстанға ұшақ бар екен. Бірақ бір қағазым кем болып қалды. Ол - менің Моңғолия азаматтығын қабылдамағаным туралы құжат. Сол болмай қалды да, Баян Өлгейге қайтарды. Қызыммен барған едім. Шынар менің жағдайымды түсініп, қызым екеуіміздің қайтарға жол ақымызды төлеп берді. Мұның өзі адамгершіліктің шыңы ғой. Содан кейін осы қарашада Қазақстанға тағы ұшақ бар деп шақырды.

"Балаларым - Моңғолия азаматы"

Бір қызым Семейде Шәкәрім университетінде оқиды. Ұлым Павлодарда оқитын. Карантин кезінде сабақ болмай, Моңғолияға қайтқан. Қазір Ұлан Батырда жұмыс істеп жатыр. Үшінші қызым қасымда. Олардың бәрінің құжаты бар, Моңғолия азаматтары. 

"Моңғолияның миграция қызметі айыппұл салды"

Мен 21 жыл заңсыз жүргенім үшін Моңғолияның миграция қызметі маған айыппұл салды. Консул оларға жағдайды түсіндіріп айтыпты. Сондықтан олар аз қылып, 2 миллион төгрік салды. Теңгемен шаққанда 296376 теңгедей болады. "Моңғолияның үш азаматының анасы болғандықтан, сіздің жағдайыңызға қарап отырмыз" деп ескертті. Себебі барлық адамға мұндай жеңілдік жасай беруге болмайды ғой. Олар "сіз туралы ешбір кісі мәлімет бермеген" деп күйеуімнің туыстары туралы айтты. Сол кезде күйеуімнің туыстары келіп айтуы керек екен. Консул келіп жағдайды түсіндірген. Әйтпесе, іс қоз қозғалуы да мүмкін еді. Себебі мен заңсыз жүрдім ғой. Елші бәріне кіріп, жағдайды түсіндірген соң осылай еліме аман келдім.

"Қызымның жеке куәлігінде анасының есімінің орнына жолдасымның қарындасының аты жазылды"

Балаға туу туралы куәлік алғанда анасының атының орнына Сәуле Жақпарқызы деп жай атым мен әкемнің аты жазылған. Ал үлкен қызым жеке куәлік алғанда ЖСН ба, бірдеңесі дұрыс болмады. Ол кезде әкесі қайтыс болған еді. Сол құжат қабылдайтындар менің құжатымды сұрады. Құжатым жоғын айттым. Сонда да өтінішімді қабыл алды, бірақ қызымның жеке куәлігінде күйеуімнің қарындасының аты – анасы болып жазылып шықты. Менің құжатым болмаған соң сол кісінің ЖСН-нын жазған шығар.

"Базарда да істедім, асхана, наубайханада да істедім"

Бәрін істедім. Күйеуім бар кезде де жылғаған өмір, бәрі бар болды деп айта алмаймын. Бірақ та күйеуімнің табысымен жақсы өмір сүрдік. Күйеуім қайтыс болған үш баламды асырау керек болды. Таңнан кетемін. Базарда да істедім, асхана, наубайханада да істедім. Солай күн көрдік. Себебі құжатым жоқ, оқымағанмын. Ешбір жер жұмысқа алмайды.

"Адамның туған жері деген бөлек қой"

Туған жерге келгеніме қуаныштымын. Адамның туған жері деген бөлек қой, қанша айтқанмен. Шешем 2016 жылы қайтыс болды. Маған қаралы хабар келді, бірақ менің көзімнен жас шықпады. Неге десеңіз, менің қаттылығым шығар. Өмірдің қаттылығына үйреніп қалдым. Тек балаларымды ойлап жүре беріппін. Кеше келгенде шешемнің басына барып, құран оқыттық. Сол кезде жүрегім жібіді.

"2021 жылғы 2 ақпанға дейін құжат жасатуым керек"

Елшіліктегілер 2 ақпанға дейін құжат жасатыңыз деді. Сол уақытқа дейін үлгеруім керек. Қазір сол құжат дайындау жұмысымен жүгіріп жүрмін. Нұр-Сұлтанда "Шанс" деген ұйым бар екен. Солар құжат жасау үшін мектепке, тағы басқа керек жерге өтініш жіберген. Мектептен менің 1986-1989 жылдар аралығында мектепке оқығаным туралы жауап келіпті. Құжат жасау оңай емес. Бәрі жиналған соң олар құжатымды сотқа жібереді. Сот туу туралы куәлік жасауға үкім шығарып берсе, паспортқа өтініш жазамын. Ең бастысы сол туу туралы куәлік жасатып алуым керек.

"Консулдар көмектесіп, кіші қызым бірге келді"

Енді осы күнде ойлап отырсам, баланың құжатына өте мұқият болу керек. Солардың құжаты дұрыс болуы үшін бәріне шыдап жүрдім. Кіші қызым осы жылы тамызда 18-ге толды. Содан бір жыл бұрын – 2019-да елшілікке бардым. Оған дейін шыдап келдім. Мені депортация жасап, Моңғолиядан шығарып жіберсе де, балам құжатсыз қалмасын деп жанталастым, соны уайымдадым. Егер мені елге шығарып жіберсе, қызымның құжаты бар ғой, алаңсыз болармын деп ойладым. Консулдар көмектесіп, қызым да менімен бірге келді. Осында бірден тіркелді.

"Балаларым құжатымды жасатып алғанымды тілеп отыр"

Балаларым қазір "Сіз қанша жыл біз үшін шыдап, құжатсыз жүрдіңіз. Бізді асырап, жеткіздіңіз. Тамақ, киім деп таршылық көрмедік" деп айтады. Үлкенім қыз ғой. Мамандық алып алсын деп ақша табуға тырыстым. Олар енді тек құжатымды жасатып алғанымды тілеп отыр.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети