08 апреля 2020 | 15:51

"95 мың теңге айыппұл салынады". Француздар коронавируспен қалай күресіп жатыр?

Даурен Ерболат Журналист
Фото: REUTERS

Коронавирустан ең көп зардап шегіп жатқан елдердің бірі - Франция. Мұнда COVID-19 жұқтырғандардың саны 109 мыңнан асқан. Ал 10 328 науқас аурудан көз жұмды. Тengrinews.kz тілшісі Францияда білім алып жатқан қазақ жастарымен тілдесіп, бұл елдің қауіпті індетпен қалай күресіп жатқанын сұрап білді.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Коронавирустан ең көп зардап шегіп жатқан елдердің бірі - Франция. Мұнда COVID-19 жұқтырғандардың саны 109 мыңнан асқан. Ал 10 328 науқас аурудан көз жұмды. Тengrinews.kz тілшісі Францияда білім алып жатқан қазақ жастарымен тілдесіп, бұл елдің қауіпті індетпен қалай күресіп жатқанын сұрап білді.

Реклама
Реклама

"Жүріп-тұруға шектеу қойылды"

28 жастағы Медет пен Назымның Францияда тұрып жатқанына 5 жыл болған. Екеуі де химия мамандығы бойынша докторантурада білім алып, зертханада ғылыми зерттеу жұмысын жүргізеді. Алайда елде коронавирус тараған соң, жұмыс тоқтапты.

"Мен Лион қаласындағы бірінші университетте докторантурада оқимын. 15 наурызда Франция президенті Эммануэль Макрон күшейтілген карантин режимі енгізілетінін мәлімдеді. Халықтың жүріп тұруына шектеу қойылды, мейрамханалар мен дәмханалар жабылды. Үйден себепсіз шығуға тыйым салынды. Карантин талабын сақтамағандарға алғашында 135 еуро (64 298 теңге) айыппұл салынады. Егер тұрғын заңды екінші рет бұзса, 200 еуро (95 205 теңге) айыппұл төлейді", - дейді Медет Жұқұш.

Оның айтуынша, карантин кезінде тек сатушылар, дәрігерлер, полиция қызметкерлері, әскерилер бұрынғыдай жұмыс істей береді.

Francetvinfo.fr жазуынша, Франция тұрғыны 30 күнде 4 рет заң бұзса, ол 3750 еуро (1 миллион 787 мың теңге) айыппұл төлейді немесе 6 айға түрмеге қамалады.

Медет Окситания өңіріндегі Монпелье қаласына жұбайы Назыммен кездесуге барған. Алайда 17 наурызда карантин күшіне енген соң, шаһарда қалып қойыпты. Қазір Монпелье университетіндегі жатақханада әйелімен бірге тұрып жатыр.

"15 наурызда электрон поштама хабарлама келді. Онда бізге қашықтан жұмыс істуге рұқсат берілгені жазылыпты. Ал 16 наурыздан бастап, үйден жұмыс істедік. Қазіргі таңда Медет екеуміз докторлық диссертациямызды жазып жатырмыз. Өкінішке қарай, ғылыми зерттеу жұмысымыз тоқтап тұр", - дейді Назым Тулеушова.

"Арақашықтықты сақтайтын болдық"

Ол карантин енгізілген соң, жатақханада да талап күшейгенін айтады.

"Қауіпті індеттен сақтану мақсатында әкімшілік талапты күшейтті. Егер жатақхана сыртында 2 адамнан көп жиналса, ендігі жылы олар жатақханада тұрмауы мүмкін. Қазір адам көп жүретін жерге бармаймыз. Арақашықтықты сақтайтын болдық", - дейді PhD докторант.

7 сәуірдегі мәліметке сәйкес, Окситания өңірінде 3 690 адам коронавирус жұқтырған. Ал 181 науқас қайтыс болыпты.

"Сыртқа жиі шықпауға тырысамыз"

Медет Жұқұш өңірде вирус тараған соң, көшеде адам азайып, сақтық шаралары күшейгенін айтады.

"Далада адам аз. Сыртқа жиі шықпауға тырысамыз. Дүкеннен азық-түлік алып келген соң, қолымызды сабынмен жуамыз. Ұялы телефонымызды спирт немесе антисептикпен сүртеміз. Далада жүрген кезде бетімізді ұстамауға тырысамыз. Індеттен сақтанудың барлық амалын жасап жүрміз", - дейді ол.

"Ұзын-сонар кезек пайда болды"

Оның жұбайы Франция президенті елде карантин жариялаған соң, тұрғындар азық-түлік пен дәретхана қағазын көптеп сатып алғанын байқапты.

"Дүйсенбі күні азық-түлік алу үшін гипермаркетке бардық. Ондағы адамдар 10 адамды кіргізіп, сонша сатып алушыны сыртқа шығарып тұрды. Салдарынан ұзын-сонар кезек пайда болды. Тұрғындар дәретхана қағазын, консервілерді, антисептиктерді, азық-түлікті көптеп сатып алып жатқанын байқадық", - дейді Назым Тулеушова.

"Қазақстанға қайту жоспарда жоқ"

Ерлі-зайыпты әзірше елге қайтуды жоспарлап отырмағанын ашық айтты.

"Қазақстанға қайту жоспарда жоқ. Себебі, жұбайым екеуміз университетпен келісімшартқа отырғанбыз. Стипендия алып отырмыз. Оның мөлшерін айта алмаймын. Бір жылдан соң келісімшарт аяқталады. Қазір елге барсақ, Францияға оралу қиын болады", - деп түйіндеді сөзін Медет Жұқұш.

Айта кетейік, әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 1,4 миллионға жетті. 90 мыңнан астам науқас індеттен қайтыс болды. 

Қазақстанда 709 адам коронавирус жұқтырған. 53 адам аурудан жазылды, 7 науқас қайтыс болды.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram