ПОДЕЛИТЬСЯ
14 июля 2020 | 18:00
42 500 теңге қашаннан бастап беріледі? Күннің басты жаңалықтары
Бүгін елімізде бірқатар маңызды жаңалық болды. Дәлірек айтқанда, 42 500 теңге әлеуметтік көмекті кімдер және қашан алатыны хабарланды. Сондай-ақ, оқу жылының басы қашықтан өтетіні белгілі болды. Tengrinews.kz тілшісі 14 шілдедегі басты жаңалықтарға шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бүгін елімізде бірқатар маңызды жаңалық болды. Дәлірек айтқанда, 42 500 теңге әлеуметтік көмекті кімдер және қашан алатыны хабарланды. Сондай-ақ, оқу жылының басы қашықтан өтетіні белгілі болды. Tengrinews.kz тілшісі 14 шілдедегі басты жаңалықтарға шолу жасады.
Коронавирус жұқтырғандар 60 мыңнан асты
Соңғы бір тәулікте елімізде 1856 адамнан коронавирус табылған. Оның ішінде 1011 адам клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушы тіркелді.
Аймақтар бойынша (жалпы/симптомсыз):
Нұр-Сұлтан қаласы - 211 / 62
Алматы қаласы - 220 / 86
Шымкент қаласы - 80 / 51
Ақмола облысы - 39 / 20
Ақтөбе облысы - 171 / 145
Алматы облысы - 79 / 50
Атырау облысы - 190 / 158
Шығыс Қазақстан облысы - 225 / 106
Жамбыл облысы - 78 / 61
Батыс Қазақстан облысы - 138 / 78
Қарағанды облысы - 102 / 41
Қостанай облысы - 46 / 27
Қызылорда облысы - 62 / 28
Маңғыстау облысы - 24 / 15
Павлодар облысы - 73 / 8
Солтүстік Қазақстан облысы - 59 / 27
Түркістан облысы - 59 / 48.
Осылайша, елімізде 61 755 адам COVID-19 жұқтырған. Оның 35 911-і аурудан жазылса, 396 адам қайтыс болған.
© Reuters
42 500 теңге кімдерге және қашан беріледі?
Сондай-ақ, бүгін қызу талқыланған тақырыптардың бірі - 42 500 теңге. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әлеуметтік көмекті кімдер алатынын және оған қалай өтініш беруге болатынын айтты.
Министрдің айтуынша, 42 500 теңге тура алдындағыдай тәртіппен төленеді.
"Карантинге қатысты шектеулердің салдарынан табыссыз, жалақысыз қалған жұмыс істеп жүрген азаматтардың осы шілде айында төменгі жалақы көлемінде, яғни 42 500 теңге бір мезгілдік көмек көрсету жөнінде шешім қабылданды. Көпшілікті соңғы мәселе қызықтырады. Бұл жолы 42 500 өткенде төтенше жағдайдағыдай қағидаттармен төленеді. Яғни, жұмыс істеп жүріп, табысынан айырылған азаматтарға. Ол - жалдамалы қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, өз бетінше өзін жұмыспен қамтып жүрген азаматтар", - деді министр ОКҚ онлайн-брифингте.
Фото Tengrinews.kz/Әлихан Сариев
Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, министрлік жұма күнге, яғни 17 шілдеге дейін өтініш қабылдайтын порталдар дайын болады деп жоспарланып отыр. Содан соң 20 шілдеден бастап азаматтарға төлем жүргізіледі. Жұмаға дейін ешқайда өтініш берудің керегі жоқ.
"Біздің жоспарымыз - жұма күні бүкіл порталдар өтініш беруге ашық болады, яғни жұма күні. Ал дүйсенбі күннен бастап, яғни 20 шілдеден бастап төлемдерді тағайындауға кіріссек пе дейміз. Сондықтан жұмаға дейін Egov-қа басқа жерлерге өтініш беріп әуре болмаңыздар, жұма күні осы порталдарды ашамыз", - деп түсіндірді Нұрымбетов.
Қорғаныс министрінің орынбасары мен генерал-майор көз жұмды
Бүгін Қорғаныс министрлігінде екі адам қайтыс болды. Оның бірі - қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев. Бұл мәліметті министрліктегілер растап отыр.
Бірақ өлімнің себебі нақты айтылмады. Ведомство өкілдері кейінірек мәлімет беруге уәде берді. Бақыт Құрманбаев бұл қызметке 2019 жылдың сәуірінде тағайындалған болатын.
Бақыт Құрманбаев
Сондай-ақ, Алматыда бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары, отставкадағы генерал-майор Әмірбек Төгісов қайтыс болды. Ақпаратты "Генералдар кеңесі" президиумі төрағасының орынбасары Махмут Телеғұсов растады.
"Ол бүгін таңда қалалық №12 ауруханада қайтыс болды", - деді Телеғұсов.
Оның айтуынша, генерал-майор Төгісов коронавирус жұқтырған. Жерлеу рәсімі 15 шілдеде өтеді. Генерал-майор Кенсай зиратына жерленеді.
Әмірбек Төгісов. Фото:azattyq.org
Мектеп формасын киюге талап қойылмайды
Биыл оқушылар жаңа оқу жылын үйден қарсы алады. Себебі оқушының бәрі бірінші тоқсанда қашықтан оқиды. Студенттер де қыркүйекте университет қабырғасында емес, үйінде білім алады.
"Өздеріңіз білесіздер, жаңа оқу жылына дайындық бойынша тапсырма берілді. Қазіргі эпидемиологиялық жағдай оңай емес. (...) Қауіп - қатерді ескере отырып, 1 қыркүйектен бастап шағын мектептерді қоспағанда, бірінші тоқсанды қашықтан өткізу туралы шешім қабылданды", - деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ОКҚ-да.
Сондай-ақ, министр биыл мектеп формасын киюге талап қойылмайтынын айтты. Ол таза, классикалық киім болса, жеткілікті.
"Төтенше жағдай кезінде, форс-мажор немесе басқа да шектеу шаралары болған кезде, білім беру мекемелеріне бекітілген мектеп формасын кимей, таза, классикалық киіммен келуге болады. Тіпті бірінші тоқсаннан кейін де дәстүрлі оқу формасына ауыссақ та, осы кезде мектепте ешкім ата-аналардан мектеп формасын сатып алуы керек деп талап етпейді", - деді ол ОКҚ онлайн-брифингте.
Министр мектеп формасы киемін деген оқушыларға шектеу жоқ екенін атап өтті. Оны ата-аналар өздері шешеді екен.
Пневмония деп жүргеніміз COVID-19 ба?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы пневмония ахуалына қатысты пікір білдірді. БҰҰ сайтында Қазақстандағы ДДҰ бас өкілі Кэролайн Кларинвальдің сұхбаты жарияланды. Сұхбат барысында елдегі белгісіз пневмония туралы айтылды.
Кларинваль елдегі пневмонияны COVID-19 екенін айтты.
"Иә, маусым айының басынан бастап пневмония жағдайлары көбейді, бізге осы жағдайды анықтауды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі де осымен айналысып жатыр. Бұл хабарламалар БАҚ тарапынан үлкен назарға ілінді, бірақ біз қорытынды жасамас бұрын деректерді жинап, оларды талдауға тиіспіз. Мен доктор Райанның айтқанын қайталаймын: бұл COVID-19. Кейбір пациенттер көмекке кеш жүгінді, оларда пневмония белгілері бар болса, бірақ біз әзірге вирустың бар-жоғын анықтай алмаймыз", - деді ол.
ДДҰ өкілі жергілікті зертханалардың мүмкіндіктерін анықтау қажет екенін айтты.
"Биыл жүз мың адам ауырған". Елдегі "жұмбақ пневмония" ахуалы туралы не белгілі?
Показать комментарии
Читайте также