Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында 21 жасқа толмаған адамдарға темекіні сатуға тыйым салу туралы ұсыныс жасалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында 21 жасқа толмаған адамдарға темекіні сатуға тыйым салу туралы ұсыныс жасалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сауалды депутат Балайым Кесекбаева денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа жолдады.
"Осы кодекстің 115-бабына сәйкес, темекі бұйымдарын шығарып және ашық көрсетіп сатуға, оның ішінде осы бұйымдарды тұтынуға арналған жүйелерді және осы бұйымдарға арналған сұйықтықтарды сатуға тыйым салынады. Сонымен қатар, 18 жасқа толмаған адамдарға темекі бұйымдарын сатуға тыйым салынады. Ол әрине, біріншіден, ретсіз сатып алудың азаюына әсерін тигізсе, екіншіден, бұл норманың артықшылығы - балаларды зиян әдеттен арылуына мүмкіндік береді. Осы бапқа сәйкес 21 жасқа дейінгі адамдарға алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынады. Неліктен темекі және алкоголь сату үшін әртүрлі жас шектеуі қолданылып отыр? Мүмкін 21 жасқа толмаған адамдарға темекі сатуға тыйым салу керек шығар?", - деді депутат Кесекбаева.
Денсаулық сақтау министрі бұл ұсынысты қолдайтынын айтты.
"Жалпы, әрине, бұл ұсынысты қолдаймыз. Себебі, темекі шегу - денсаулыққа кері әсер етеді. Сондықтан темекіге қатысты кез келген ұсынысты қолдаймыз. Осындай ұсыныстар болса, біз оны қарастыруға дайынбыз", - деп жауап берді министр.
Айта кетейік, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 133-бабына сәйкес 18 жасқа толмаған адамдарға темекiнi және темекi бұйымдарын сатқан жеке тұлғаларға - 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 60, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 80 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.