ПОДЕЛИТЬСЯ
11 июня 2020 | 14:52
"WhatsApp-та ақпарат таратуға шектеу қойылды". Желіде коронавирусқа байланысты қандай функциялар пайда болды?
Дүние жүзінде коронавирус пандемиясының тарауына байланысты әлеуметтік желі мен мессенджерлер қолданушыларына арнап жаңа функциялар шығарып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі әлеуметтік желілердің пандемияға байланысты жаңа функциялары туралы баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Дүние жүзінде коронавирус пандемиясының тарауына байланысты әлеуметтік желі мен мессенджерлер қолданушыларына арнап жаңа функциялар шығарып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі әлеуметтік желілердің пандемияға байланысты жаңа функциялары туралы баяндайды.
Google Картамен адам толы жерлерді бақылауға болады
Таяуда Google Картада эпидемиялық қауіпсіздік шараларына байланысты маршруттық шектеулер туралы ескертулер пайда болады. Бұл функцияны Аустралия, Бразилия, Ұлыбритания, Үндістан, АҚШ, Франция және сол секілді бірқатар елдің қолданушылары қазірден қолдана алады. Жақын арада бұл функция әлемнің басқа елдерінде де пайда болатыны хабарланды.
Бұл функцияны енгізу үшін компания 131 елдегі қолданушылардың соңғы бірнеше айдағы қозғалысын талдап, жергілікті денсаулық сақтау органдарымен кеңескен екен.
Картадан енді адам толы станцияларды, қоғамдық көліктердің өзгертілген кестесін, сондай-ақ, мемлекеттік шекарадан өту пункттері мен шектеулерді көруге болады.
Instagram-да жақындармен байланыстың жаңа құралы
Мамырда Instagram желісінің ұжымы коронавирус инфекциясына байланысты жаңа функция іске қосылатыны туралы хабарлады. Бұл - бейнебайланыс кезінде Instagram-дағы жазбаларды бірлесіп көруге мүмкіндік беретін функция.
Бейнеқоңырауға қатысушылар басқаларға қоңырау кезінде өзінің сүйікті фотосуреттері мен видеоларын ұсына алады.
Сондай-ақ, әлеуметтік желі ұжымы коронавирус туралы сенімді ақпарат тарату және зардап шеккен аймақтарға көмектесу үшін акция бастады. Жаңа стикерлер нақты ақпарат береді. Егер ақпарат сенімді медициналық ұйымдардан болмаса, COVID-19 есептік жазбалары ұсыныстардан алынады.
Сондай-ақ, Instagram-да "коронавирус" деп іздесеңіз, тексерілген ақпарат көздеріне сілтеме жасалады. Басқа аймақтарда қайырымдылық туралы стикерлер көрсетіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде үйде болуға шақыратын Stay Home стикері іске қосылды.
Instagram-да қайтыс болғандардың парақшасын мәңгіге сақтауға болады
Коронавирус пандемиясы жағдайында Instagram тағы бір функциясын жеделдетті. Енді қайтыс болған адамның профилін белгілеуге болады.
Instagram-ның баспасөз хатшысы Лиза Креншау BuzzfeedNews басылымына берген сұхбатында компания ұзақ уақыттан бері қайтыс болған қолданушылардың профилін есімімен сақтау белгісімен белгілейтін функцияны сынақтан өткізіп жатқанын айтты.
"Біз бұл жаңартулармен біраз уақыт жұмыс істедік, бірақ қазір, атап айтқанда, коронавирус пандемиясына байланысты біз қиын уақытта қоғамға қолдау көрсету үшін тездете жұмыс істеп жатырмыз. Алайда функцияның нақты қай күні шығатыны әлі белгісіз", - деді Креншоу.
Әзірлеушілердің айтуынша, мемориалдық профильге "Ұмытпаймыз" деген жазбамен қатар, ерекше хабарлама жазылады: "Бұл аккаунт мәңгі сақталады. Мұндай аккаунттар қайтыс болғандарды еске алуға болатын орын".
Осындай ерекше мәртебесі бар парақшалар арқылы жүйеге кіру мүмкін болмайтыны айтылған. Ол иесіз қалған күйінде сақталады.
Қайтыс болған адамның парақшасын осындай белгімен белгілеу үшін Instagram ұжымына қайтыс болғаны туралы куәлікті ұсыну керек. Сонымен қатар, көз жұмған адамның туыстары кез келген уақытта парақшаны өшіруді сұрай алады.
Facebook-те енді бейнеқоңырау бар
Facebook желісі де пандемия кезінде қолданушыларға қолайлы функция жасады. Карантин кезінде көп адам бір-бірімен көрісе алмай қалған, сондықтан әлеуметтік желі бейнеқоңырау сервисін жүзеге асырған.
Жаңа функция 14 мамырда АҚШ пен Канадада ресми түрде іске қосылған. Компания басшысы Марк Цукерберг әлеуметтік желідегі жеке парақшасында әлем бойынша жаңа қосымшаның іске қосылуы мамырдың аяғына жоспарланып отырғанын атап өткен.
Сервис коронавирус пандемиясына байланысты бейнеқоңырауларға сұраныстың артуына байланысты жасалған. Мұндай конференцияларды Facebook немесе Messenger қосымшалары арқылы жасауға болады.
"Сіз жеке бөлме (Room) жасап, сілтеме арқылы бірнеше досыңызды шақыра аласыз. Сондай-ақ, өз тобыңыздағы адамның біреуіне сіз жоспарлап отырған шараға арналған бөлме жасауға да мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, барлық досыңыз үшін жаңалық таспасының жоғарғы жағында бөлме жасап, кімнің кіргенін көре аласыз", - дейді Марк Цукерберг.
Messenger Rooms сервисінде уақытқа шектеу жоқ, бөлмеге 50 адамға дейін тіркеуге мүмкіндік бар.
WhatsApp-та 8 адам бейнеқоңырауға қатыса алады
Бүгінде қолданушылар бейнеқоңыраудың көбін Facebook компаниясына тиесілі WhatsApp мессенджері арқылы жасайды. Пандемияға дейін бұл мессенджерде бір уақытта төрт адам бейнеқоңырау арқылы сөйлесе алатын. Сәуірде WhatsApp бейнеқоңырау қатысушыларының санын арттырды.
Жаңа функцияның арқасында енді мессенджерде топтық аудио және бейнеқоңырауға бұрынғыдай төрт емес, сегіз адам қосуға болады. Ол үшін барлық қатысушы WhatsApp-тың соңғы нұсқасын жүктеп алуы керек. Мессенджерді жасағандар мұндай қоңыраулардың қорғалғанын айтады.
Әзірлеушілер топтық әңгімелесуді кеңейту қажеттілігін коронавирус пандемиясымен байланыстырды.
"Пандемияның салдарынан көпшілігіміз достарымыз бен туыстарымыздан алыстап кеттік. Осыған байланысты бүкіл әлемде WhatsApp-та дыбыстық және бейнеқоңыраулар жиі қолданыла бастады", - делінген компанияның блогында.
WhatsApp-та ақпарат таратуға шектеу қойылды
Сәуірде WhatsApp тағы бір функцияны іске қосқан. Коронавирус туралы жалған ақпараттардың таралуын алдын алу мақсатында мессенджер қайта жіберілетін хабарламаларға шектеу қойған.
Бұл туралы компанияның мәлімдемесінде айтылады.
Енді біреуден келген хабарламаны басқа чатқа бір рет қана жіберуге болады.
"Былтыр біз бірнеше рет жіберілетін хабарламалардың концепциясын көрсеткен болатынбыз. Енді біз ол хабарламаларға шектеу қойып жатырмыз. Біреуден келген хабарламаны басқа чатқа бір-ақ рет жолдауға болады", - дейді WhatsApp өкілдері.
Показать комментарии
Читайте также