Қоғамда YouTube-та арнасы бар, оқырманы көп адамдар видеолары арқылы қомақты қаражат табады деген түсінік бар. Әрине, мұны біржақты жоққа шығара салу қиын. Ал қазақ ютуберлері қанша табады екен? Бұл сұрақты Tengrinews.kz тілшісі сол ютубтағы контентмейкерлерден анықтап көрді.
Қоғамда YouTube-та арнасы бар, оқырманы көп адамдар видеолары арқылы қомақты қаражат табады деген түсінік бар. Әрине, мұны біржақты жоққа шығара салу қиын. Ал қазақ ютуберлері қанша табады екен? Бұл сұрақты Tengrinews.kz тілшісі сол ютубтағы контентмейкерлерден анықтап көрді.
YouTube арнасында өзін Mike Miller деп жазған Дәулет Балабайдың қазір 54 мыңнан аса көрермені бар. Ол түрлі компьютерлік ойындарға шолу жасайды. Олардың қатарында GTA online, UFC, FIFA және басқалары бар. Қаралымы 58 мыңға дейін жеткен. Алайда, оның айтуынша, бұл жұмысынан табатын қаражат отбасын асырауға жетпейді екен. Мамандығы бойынша, кәсіби биші, мұғалім. Заманауи бимен айналысады екен. Ал болашақта ел аралауды армандайды.
"YouTube-тегі арнамды 2013 жылы қыркүйекте аштым. Видео түсіруге қызығатынмын. Өзімнің істей алатын нәрсем болғандықтан неге арна ашпасқа деп ойладым. Видеоларымды халыққа жеткізуге YouTube видеохостингісі үлкен бір көмекші болды. YouTube-тан ақша табатыным құпия емес, бірақ табатын табысым бір отбасын асырауға жетпейді. Бұдан бөлек жұмысым бар, пайда табамын деп интернетке сеніп қалу дұрыс емес сияқты. Әрине, мақсатым қазақ YouTube-ын көтеру, яғни қазақ көрермендерін арттыру", - дейді Дәулет Балабай.
Қазақстандық Youtube хостингісінде көрермен саны ең көп арнаның бірі - Pazl. Бұл арнаны Әли, Әділ және Алмас есімді ағайынды жігіттер ашқан. Олар түрлі қызықты мәлімет пен ақпараттарды, таңғаларлық табиғат құбылыстар мен жаңалықтарға видео түсіріп, халық назарына салады. Pazl қазақ тілінде контент ұсынатын алғашқы арналардың бірі. Қазіргі таңда 380 мыңнан аса көреремені бар. Олар YouTube-ке 2011 жылдан бері тіркелген. Алайда, басқа жобалардан айтарлықтай жетістікке жете алмапты. Арнаны ашқан үш ағайынды жігіттің айтуынша, табылған қаражаттың басым бөлігі арнаның дамуына кетеді және Youtube олардың басты табыс көзі емес екен.
"Біздің ортақ қызығушылығымыз өте көп, сондықтан не бастасақ те үшеуіміз барлығын бірге істейміз. YouTube біздің басты хоббиіміздің бірі. Бұл салада тәжірибеміз сәл көп болғандықтан, бар күшімізді осы арнаға салып, ана тіліміздегі контентті дамытуға тырысып жатырмыз. Біз Pazl арнасын 2017 жылы қаңтарда аштық. Бірақ, бұл жалғыз арнамыз емес, сонымен қатар қосалқы арналарымыз да бар. Олар Pazl Life (70 000 жазылушы) және 10Line (17 000 жазылушы) атты арналар", - дейді арна авторлары.
Олардың айтуынша, қазіргі кезде олар өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. "Бірақ ютубқа барлық бос уақытымызды арнаймыз, тіпті түнгі ұйқымыздан да қалдық. Youtube біздің басты табыс көзіміз емес! Ондай болса, күнделікті жұмысқа бару қажеттілігі болмас еді. Ақша ол тек мақсатқа жету жолындағы жанармай сияқты, яғни табылған қаражаттың басым бөлігі арнаның дамуына жұмсалалы!", - дейді команда мүшесі.
Команда мүшесінің айтуынша, қазіргі қазақ ютуберлері шетелдіктерден еш кем емес.
"Бұрында қазақ тілінде түсіретін контентмейкерлерге барлығы қол сілтеп, еш үміт артпайтын. Қазақ ютубына жаңа келгенде, ана тілімізде контент жасайтын ютуберлер шынымен де аз болған еді. Ол кезде қазақша видеолардың басым бөлігі ұятсыз, былапыт сөздер мен өсекке толы болған еді. Амал не, бұл ауру әлі күнге дейін желіде көрінісін табады. Десе де, біз ютубқа жаңа келген кезде жақсы видео жасайтындар да аз болған жоқ. Ал қазір қазақ ютуберлері шетелдіктерден еш кем емес екенін байқаса болады. Біздің басты мақсатымыз қазақ ютубын жаңа деңгейге көтеріп, барынша дамытып және өз үлгімізде YouTube-те еш ұятсыз нәрселерсіз-ақ жетістіктерге жетуге болатынын дәлелдеу", - дейді олар.
Қазақ ютуберлерінің арасында танымалдардың бірі MORBYD арнасы. Онда 45 мыңнан аса көрермен бар. Қазақстандық стример эфирде түрлі ойындар ойнап, оларға пікір білдіріп, қызықты видеолар жасайды және қазақша контент жүргізеді. Өзі музыкант екен. YouTube-ті хоббиім дейді. Оның айтуынша, бұл қосымша табыс көзі. Ол болашақта негізгі жұмысын тастап, контентпен айналысқысы келеді екен.
"YouTube-тағы арнам 2013 жылдан бері бар. Барабанда ойнап жүргенімде видеоларымды сақтайтын жер таппай ютубқа сала бердім. Ютубер боламын деген ойым жоқ деді. Бірақ бір күні бір стример көзіме түсті. Өзінің сүйікті ойынын ойнап, пікір білдіріп қызықты видео жасайды екен. Сөйтіп мен де бағымды сынап көруге тырыстым. Басында шетел платформаcына тіркелдім. Бір жыл бойы тікелей эфир жүргіздім. Алайда көрермен саны көбеймеді. Кейін бір адамның кеңесімен қазақстандық ютубтан арна аштым. Басында орысша стрим жүргізетінмін, кейін танымалдық келе бастағанда көптің сұрауымен қазақ тіліне ауыстым. YouTube-пен айналысқан қатты ұнайды. Оны қосымша табыс көзім деп айтсам болады. Нақты қанша табатынымды айта алмаймын, бірақ негізгі жұмысымнан алатын еңбекаының жартысындай табамын. Алла нәсіп етсе жұмысымды тастап, осы өнеріммен айналысқым келеді", - дейді ютубер.
Қаралымнан ақша жасауға болады деген "миф". Бұл сөзді YouTube-те JURTTYŃ BALASY атымен арна жүргізетін Мұрат Данияр айтып отыр. Негізгі контент пікір, шолу және сынға құралған. Арнаның 12 мыңнан аса көрермені бар.
"YouTube-те 2017 жылдың қыркүйегінде өз арнамды аштым. Ал 2018 жылдың қаңтарынан бұл салада қарқынды айналыса бастады. Мақсатым - еліміздің проблемалар туралы ашық айту және Қазақстанда сөз бостандығы бар екенін көрсеткім келеді. Сонымен қатар, ниеті дұрыс емес блогерлерді сынау арқылы YouTube-те сапалы және мазмұнды контент тарату. Шынымды айтсам, кейде YouTube-тің қазақстандық трендтеріне қарап күлкім келеді", - дейді ол.
Мұрат Даниярдың көрермендер саны ақырындап өсіп келеді екен. Себебі оның контенті әзілге емес сараптамаға және өз ойын ашық жеткізуге құрылған. Ол арна ашқалы бері көп ақша таппапты.
"Осы уақытқа дейін серіктестік бойынша барлығы 80 доллар ғана таптым. Қаралымнан ақша жасауға болады деген "миф". Менде көрермендер саны аз болғандықтан жарнама берушілерден тапсырыс аз, букмекерлерді қоспағанда. YouTube-те енді-енді дамып келеді, платформаға жарнама әлі келіп үлгерген жоқ", - дейді ютубер.
Айта кетейік, 2015 жылы қыркүйектің соңында Google компаниясы танымал видеоплатформаның YouTube Қазақстан локализацияланған нұсқасын жариялаған. Сол жылдан бері елімізде контентмейкерлер бұл платформада контент жасап, пайда табатын мүмкіндікке ие болды.