Елімізде нақтылы бір тақырыпқа арналған салалық сайттар Интернет дами түсе қарқынды болады дегенді талай маман айтты. Белгілі бір тақырыптағы ең қажетті әрі жан-жақты контенттің шоғырланған алаңы қызығушылық білдірушілердің тұрақтайтын жеріне айналатыны да анық еді. Себебі мұнда барлық тақырыпты қамтитын сайттарға қарағанда белгілі бір сала бойынша ізделетін нақты әрі жан-жақты контент бар. Алайда қазақ тіліндегі ресурстардың, оның ішінде тақырыптық сайттардың қаралымы әлі күнге мәз емес. Осы орайда, салалық сайттарды жүргізіп отырған мамандардың пікірін сұрап білуді жөн көрдік.
Елімізде нақтылы бір тақырыпқа арналған салалық сайттар Интернет дами түсе қарқынды болады дегенді талай маман айтты. Белгілі бір тақырыптағы ең қажетті әрі жан-жақты контенттің шоғырланған алаңы қызығушылық білдірушілердің тұрақтайтын жеріне айналатыны да анық еді. Себебі мұнда барлық тақырыпты қамтитын сайттарға қарағанда белгілі бір сала бойынша ізделетін нақты әрі жан-жақты контент бар. Алайда қазақ тіліндегі ресурстардың, оның ішінде тақырыптық сайттардың қаралымы әлі күнге мәз емес. Осы орайда, салалық сайттарды жүргізіп отырған мамандардың пікірін сұрап білуді жөн көрдік.
Алдымен аз-кем статистика
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің сайтындағы соңғы мәліметке сенсек, елімізде 2763 қолданыстағы БАҚ тіркелген. Оның басым бөлігі (86 пайызы) - баспа БАҚ, ал 11 пайызы электрондық БАҚ және 3 пайызы ақпараттық агенттіктер екен.
"Сала білгірлерін жинау керек"
Киностан.kz сайтының админі Ернар Бекенов қазіргі уақытта сайтты өз қаражатына жүргізіп отыр. Сайт алғашқы BlogCamp 2011 кезінде стартаптар конкурсына қатысқан екен. "Дінмұхамед Зиядин екеуміз осы шара кезінде таныстырдық (наурыз), бірақ ұта алмадық. Сонда да өз күшімізбен жасап көрейік дедік. Қаржыны өз қалтамыздан шығардық, сондықтан сайттың жасалуы да созылыңқырап, маусым айында ашылды", - дейді ол.
Сондай-ақ, Бекенов салалық сайтты қалай жүргізу керек екеніне тоқталды. "Кез келген жоба соған толық берілуді қажет етеді. Энтузиазммен салалық сайтты дамыту қиын. Сол саланың білгірлерін жинай білу керек, оларды ынталандыру алу керек. Сонда ғана дамиды. Тендер күшімен, немесе мемлекет қаржыландыратын интернет жобаларға сенбеймін. Қаржы көзі таусылғанда ол да жабылады. Оған талай куә болып жүрмін. Сондықтан 100 пайыз беріле істей және өзің секілді ойлай алатындарды біріктіру, нақты жоспар бойынша жұмыс істеу ғана нәтиже бермек", - деген ол өз сайтының қаралым статистикасын келтірді.
"Өзі редактор, өзі SMM-ші"
"Оқырман аз, тәулігіне 200-500 хост аралығында. Димаш екеуміз өзіміз контент жасаушы, өзіміз редактор, өзіміз сммші болып жүргізіп жүрдік. Бірақ құр энтузиазммен жоба жүргізу қиын екен: бұл пайда әкелмейді, бұл уақытыңды алады, бұл қалтаңнан қайтарымсыз ақша шығаруды талап етеді. Жұмысымызды тастап, толықтай осы сайтпен айналысуға батылымыз бармаған секілді. 2015 жылдан бері өзім жүргізіп жүрмін. Идея көп, бірақ оған бір өзімнің күшім жетпейді. Ал команда жасақтауға қаржым жоқ. Сондықтан сайтты өлтіріп алмаудың амалымен ғана жүрмін", - деді Ернар Бекенов.
Тағы бір салалық сайт - Neke.kz авторы Айжан Құлмұханбетова жаңарып тұрса сайтқа күніне 1000-1300 адам кіріп оқитынын айтады. "Қазір 6-700 адам кіреді. Көбіне жастар оқиды. Алғашқы түн сияқты тақырыптарды көп іздеп келеді. Салалық сайттардың көбін бұрынғы блогерлер жасап отыр ғой. Өз қызығушылықтарымен. Ешқандай тендерсіз жасап отыр. Қазір мүлдем қаржы таппайды", - дейді ол.
Сайт 2014 жылы үйлену, той бизнесіндегі жаңалықтар жеткізу, той саласына қатысты мамандар туралы ақпарат беру мақсатында ашылған.
Салалық сайттар неге дамымай жатыр?
Құлмұханбетова салалық сайттардың дами алмай отырғанына мынадай себеп айтты: "Тендерге қатысуға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеу де себеп. Техникалық тұрғыдан білімнің жоқтығы да себеп. Сайт жасаушыларға "жасап берші, жөндеп берші" деп жүру де көп уақытты алады. Қазір салалық сайттармен компаниялар айналысып жатыр ғой. Команда жинап. Олардың журналистері біздің материалдарды алып 1-2 сөзін өзгертіп көшіріп алып жүр. Қазір сайттардың дәурені кетіп жатыр. Елдің бәрі қазір бар ақпаратты әлеуметтік желілерден іздейді. Әлеуметтік желі мен сайтты қатар алып жүріп дамытса болады", - деді Айжан Құлмұханбетова.
Ал қазақстандық музей қызметкерлерінің бір-бірімен байланыс орнатуын, тәжірибе алмасуын жолға қойып, оларға ақпараттық жəне əдістемелік көмек көрсету мақсатында ашылған kazmuseum.kz сайты 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сайт авторы Нұрсерік Жолбарыстың айтуынша, қазіргі таңда отандық музейлер ақпараттық қолдауға мұқтаж. "Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі музейлердің насихаты мүлдем жоқтың қасы. Кейбір өңірлердегі іргелі музейлердің іші толған жәдігер болғанымен, оны сыртқа көрсететін не ресми сайты, не ақпараттық қолдаушысы жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аз ғана уақыттың ішінде kazmuseum.kz порталы еліміздегі 102 музеймен тұрақты байланыс орнатып, оларды қолдау мақсатында 1 мыңнан аса ғылыми және публицистикалық мақалалар мен әртүрлі ақпараттар, фоторепортаждар жариялады", - дейді ол.
Дамыту жолындағы қарекет қандай?
Kazmuseum.kz сайты 2018 жылдан бастап, отандық музей мамандарын шетелдерде тәжірибеден өткізуді қолға алған. Сондай-ақ, музей мамандары үшін тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылады екен.
"Сайт ақпараттық-әдістемелік бағытта құрылған жоба екендігін ескерсек, еліміздегі музей қызметкерлері үшін жобалар мен мақалалар жиі-жиі жарияланып тұруы қажет. Сайт арқылы аймақтағы музей қызметкерлері отандық танымал ғалымдар мен мамандардың кеңесіне назар аударып, өз білігін арттыруға мүмкіндік алып отыр. Бүгінгі күні Республика бойынша 100-ден астам музейдің қызметкерлері kazmuseum.kz сайтын тәжірибе алаңы ретінде пайдаланып, бір-бірімен тығыз байланыс орнатты", - дейді ол.
Сайттың аудиториясы музей қызметкерлері мен осы саладағы мамандарға арналған. Сондықтан қаралым саны мамандарының сұраныстарына байланысты болып келеді. "Тұрақты қолданушылардың саны бір айға есептегенде орташа айтсақ, 1-1,5 арасында болып отыр. Жыл соңына дейін басқа да жобалардың есебінен бұл көрсеткіш бірнеше есе өседі деген ойдамыз", - дейді Нұрсерік Жолбарыс.
"Қаралымынан маңызы зор"
Бір байқағанымыз, сайттың әлеуметтік желілердегі контенті мүлде басқа. Ол жерлердегі материалдар көпшілікке арналған. Идея авторының айтуынша, инстаграмдағы @kazmuseum.kz аккаунтындағы материалдар бүгінде оқырмандардың көңілінен шығып келеді.
Сайт авторының ойынша, елімізде салалық сайттардың дамымай отырғанына бірнеше себеп бар. "Соның бірі, қарапайым ғана нəрсе - қолымыздағы ұялы телефонды қажеттілігімізге жарата алмай келеміз. Көбінесе интернет қолданушылары "жұлдыздардың" өмірі мен тіршілігін оқуға құмар. Салмақты дүниелерге келгенде құлық таныта қоймайды. Əркім өзін қажетті ақпаратпен күнделікті қамтамасыз етіп, танымын, білімін арттырып отырса жақсы емес пе?! Интернетті игілігімізге жарата білген жағдайда ғана біз жан-жақты тұлға болатынымыз анық", - деп ойын сабақтады ол.
Салалық сайттардың дамымай жатқанына себеп іздеп, IT сарапшысы Тимур Бектұрдың пікір білген едік. Оның айтуынша, бұл тек қазақша салалық сайттарға ғана емес, жалпы қазақ тілі жанап кеткен барлық салаға қатысты мәселе.
Аудиторияның тарлығы
"Кейбір адамдар келіспейді, мен ең бірінші аудиторияның тарлығымен түсіндіремін. Біріншіден, біз жалпы қазақ тілін түсінетін халық ретінде азбыз. Екіншіден, түсінетіндердің ішінде күнделікті оқуды әдетке айналдырғандардың саны және тағы аз. Оның ішінде нақты сол саланы іздеп жүріп оқитындардың саны тағы тарыла түседі", - дейді ол.
Екіншіден, сарапшының айтуынша, салалық сайтты жасап жатқандардың барлығы дерлік энтузиазмның жетегінде жүргендер. Сондықтан, ол энтузиастың шыдамы мен ақшасы, қажыры мен жігері қашанға дейін жетеді, соған дейін өзі жасап жүрген салалық сайты өмір сүреді.
"Қашан күші таусылады, сол кезде сайт та жабылады"
"Оған біз талай куә болдық. Осы уақытқа дейін арнайы командамен, арнайы бірнеше жылдық бюджетпен, алғашқы операциялық шығынына жарты миллион доллар, иә 500 000 АҚШ долларын салып, мақсатты аудитория ретінде қазақ аудиториясын таңдап ашқан жоба көрген емеспін. Бір жағынан, олай ашып та қажет емес. Себебі, ROI-ға, яғни салымыңыздың қайтымына ешкім кепілдік бермейді. Неліктен? Өйткені, көзіқарақты қазақ аудиториясы билингуал. Қазір тіпті үштілді. Оның сауаттылығы сол, сіздің аудармаңызды күтіп отырмастан, түпнұсқада оқып қояды. Өйткені, кез-келген салым кем дегенде екі есе кері қайтуы керек", - деп түсіндірді ол жағдайды.
Тимур Бектұр үшінші себеп деп тіл мәселесін атап отыр. "Біздің қай саланың қазақша жағын алып қараңыз, кенже дамығанын көресіз. Бұған тек мемлекет қана күш салуы қажет. Білесіз бе, күні кеше ғана төрағасы сайланған Қазақ Жазушылар Одағында 800-ден астам мүше бар екен. Яғни, дәл қазіргі таңда біздің қазақ даласында кем дегенде 800 ақын-жазушы бар деген сөз. Ал ендеше көшеге шығыңыз да кітап дүкеніне барыңыз. Жылына 800 кітап айтпағанда, осы 800 жазушы тәуелсіздіктің 25 жылында 800 кітап шығарды ма нарыққа? Жоқ, әрине. Қазіргі таңда кітап дүкендеріндегі қазақ сөрелері бос тұр. Ол жерден сіз тек қана "Абай жолы" мен "Менің атым Қожаны" ғана таба аласыз. Болды. Яғни, кезінде Кеңес өкіметі дамытқан қазақ әдебиетін әлі күнге дейін талғажау етіп отырмыз. Ал салалық қазақ әдебиеттері ше? Механика, медицина, машина жасау, кибернетика, биология, дефектология, энергетика, құдай-ау тіпті елдің барлығы жазып тастаған, тек аудара салуға да болатын макро және микроэкономика кітаптары да қат емес пе қазақ тілінде? Сайт деген ол - контент. Ол контент жасалуы керек не бұрыннан бар офлайн контент онлайнға айналуы керек. Оған дейін бұл мәселе мәселе боп қала бермек", - деп сабақтады сарапшы ойын.