Қазақстанда сегіз жыл ойнаған хоккейші, ұлттық құраманың капитаны болған Брэндон Боченски таяуда америкалық Гранд-Форкс қаласының мэрі атанды. Ол сайлауда қаланы 20 жыл басқарған адамды жеңіп шыққан. Tengrinews.kz тілшісі хоккейден Қазақстан құрамасының экс-капитаны, бүгінде америкалық қаланың мэрі атанған Брэндон Боченски туралы баяндайды.
Қазақстанда сегіз жыл ойнаған хоккейші, ұлттық құраманың капитаны болған Брэндон Боченски таяуда америкалық Гранд-Форкс қаласының мэрі атанды. Ол сайлауда қаланы 20 жыл басқарған адамды жеңіп шыққан. Tengrinews.kz тілшісі хоккейден Қазақстан құрамасының экс-капитаны, бүгінде америкалық қаланың мэрі атанған Брэндон Боченски туралы баяндайды.
Брэндон Боченски кім?
Брэндон Боченски 1982 жылы 4 сәуірде АҚШ-тың Блэйн қаласында туған. Ұлты - поляк. Оның отбасы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польшадан қашып кеткен. Хоккеймен туған қаласында айналысып, басында жергілікті "Блэйн Бенгалс" командасында ойнаған.
Хоккейшінің карьерасында оннан аса клуб болған. 2001 жылы елдегі ең танымал лигалардың бірі - Ұлттық хоккей лигасында ойнайтын канадалық "Оттава Сенаторз" сапына қосылады. Кейін "Чикаго Блэкхокс", "Бостон Брюинз" командаларына ауысқан. Бірақ айдынға аз шығатын болғасын, Боченски көбіне Америка хоккей лигасындағы фарм-клубтарда ойнаған.
2010 жылы Боченски АҚШ-тан тым шалғайда жатқан Қазақстанға қоныс аурдарды. Америкалық хоккейші "Барыстың" намысын қорғауға келген. Бұл сапары спортшы үшін сәтті шешім болды. Брэндон елордалық клубта карьерасын аяқтағанша ойнады.
2011/2012 жылғы маусымда Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты чемпионатының үздік сұрмергені атанды. Сол маусымда ол ҚХЛ жұлдыздары матчына шақырту алып, хет-трик жасады. Боченскидің ҚХЛ-да хет-трик жасаған алғашқы америкалық хоккейші деген атағы бар.
© "Барыс" ХК
Хоккейші 2014 жылы Қазақстан азаматтығын алуға келісімін берген. Сөйтіп, 2016 жылы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасында ойнады. Кейін тағы екі әлемдік додада еліміздің намысын қорғады. Құраманың капитаны болды.
Фото shaiba.kz сайтынан
2017 жылы "Металлургке" қарсы матчта қарсылас хоккейшісі Боченскидің басынан ұрып, ауыр жарақаттаған. Салдарынан Брэндон 35 жасында карьерасын аяқтауға шешім қабылдады. Бірақ 2018 жылы шілдеде жарақатынан айыққан соң "Барыспен" тағы бір жылға келісімшарт жасасып, былтыр жазда карьерасын түпкілікті аяқтады.
Осылайша, Баченски "Барыс" тарихындағы ең маңызды ойыншылардың біріне айналды. Ол клуб сапында ең көп гол соққан және ең көп нәтижелі пас берген хоккейші ретінде тарихқа енген.
Қазақстан құрамасынан мэрге дейін
Боченски карьерасын аяқтаған соң АҚШ-қа оралды. Дәлірек айтқанда, Гранд-Форкс қаласындағы Berkshire Hathaway Home Services компаниясына жұмысқа орналасты. Бұл қала Брэндон үшін таңсық емес. 2001-2004 жылдары ол Гранд-Форкстағы университетте "қаржы менеджменті" мамандығында оқып, оқу ордасының хоккей командасында ойнаған. Өзінің айтуынша, ол 50 мыңнан аса тұрғыны бар бұл қалаға сол кездері ғашық болған.
Ал биыл қаржылық сауаты бар Боченски қала мэрінің сайлауына түсетінін хабарлады. Мұндағы басты қарсыласы да осал болмады. Бұған дейін қаланы 20 жыл басқарған Майк Браун бұл жолы да сайлауға түсті. Екеуінен бөлек қалалық иммиграция қызметінің жұмысшысы Робин Дэвид де үміткер болды.
Grand Forks Herald
Сайлау алдындағы науқанда Боченски қаланы абаттандыру мен өнерге аз көңіл бөліп, назарын салықты төмендетуге, жұмыс күші мен жергілікті экономиканың өсуіне назар аударуға уәде берген. Осылайша, ол көптеген жергілікті консерватордың қолдауына ие болып, тіпті жергілікті республикалық партияның қолдау хатын алды.
Фото: Grand Forks Herald
Сайлауда 5 663 адам өз даусын экс-хоккейшіге берген. Бұл - сайлаушылардың 49,62 пайызы. Ал Браунды 3 360 (31,81 пайыз) адам қолдаған. Дэвидке 1 989 немесе 17,43 пайыз адам дауыс берген.
"Егер бес айлық жұмысыңызға жүз пайыз күшіңізді салсаңыз, әрине, нәтиже үшін алаңдайсыз. Менің ойымша, қала өзгеруге дайын. Біз үшін ең бастысы - осы өзгерісті жақсарту", - деп келтірді қаланың жаңа мэрінің сөзін Grand Forks Herald.
"Жанкүйерлер маған неге "Бәке" дейтінін түсінбеймін"
Брэндон Боченски Қазақстанда жүргенде орысша және қазақша бірнеше сөзді жаттап алған.
"Орысша "привет", "как дела", "с победой" сияқты негізгі тіркестерді айта аламын, мейрамханада тамаққа тапсырыс беремін немесе такси жүргізушісіне қайда баруым керек екенін түсіндіремін, хоккей саласындағы сөздерді білемін. Киім ауыстыратын бөлмеде орыс жігіттерімен бір-бірімізді жақсы түсінеміз, алайда мен орысша сөйлегенімде олар күледі. Қазақша сөздерді азырақ білемін, өйткені команда бұл тілде сөйлемейді. Мен "сәлем", "рақмет", "бешбармақ" деген сөздерді білемін. "Бәке" деген сөз бар, неге екенін білмеймін, көптеген қазақстандық жанкүйер мені осылай атайды", - дейді Боченски "Барыстың" баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
© ҚХЛ архиві
Сондай-ақ, ол Қазақстанда не таңғалдырғанын айтқан.
"Тамаққа жылқының етін қосу. Мен журналистердің жылқы еті туралы жиі сұрайтынын білемін. Менің елімде мұндай жоқ, және, әрине, бұл мені таңғалдырды. Бешбармақ тағамы да ерекше. Басында біртүрлі көрінген, бірақ қазір оған үйреніп кеттім. Бірде мені баланың тұсауын кесуге шақырды, бізде мұндай дәстүр жоқ, оған қатысу өте қызық және көңілді болды", - деп еске алады ол.