Қазақстанда жалғыз балалар колониясы бар. Алматыдағы колонияда қазір 53 бала жазасын өтеп жатыр. Бәрі ауыр қылмыс жасағандар. Tengrinews.kz тілшісі колонияға барып, балалар қалай өмір сүріп жатқанын көріп қайтты.
Бұл - еліміздегі жалғыз балалар колониясы. 1941 жылы салынған. Қызметкерлердің айтуынша, бұрын түрмеде бір уақытта мыңға жуық бала жазасын өтеген.
Қазір жағдай басқа. Түрме 110 орынға қысқарған, бүгінде колонияда 53 бала бар. Әр балаға күніне 1 129 теңге жұмсалады.
Біз барған сәтте балалардың көбі сабақта болды. Колония ішінде мектеп бар. Онда 11 мұғалім жұмыс істейді.
"Мектепте жүргенде қылмыс жасап, тергеу кезінде оқудан қол үзіп қалады. Сондықтан, колонияға келген балалардың білімі нашар. Бағдарлама бүкіл мектепте бірдей болған соң, соны қуып жетуге тырысады", - дейді мектеп қызметкерлері.
Балалар 18 жасқа толған соң бірден ересектер колониясына кетпейді. 21 жасқа дейін балалар колониясында қалуға мүмкіндік берілген. Бүгінде кәмелет жасына толған 17 бала жазасын әлі колонияда өтеп жатыр.
Колонияға балалар 14 жастан бастап түседі. Әдетте жеңіл және орташа деңгейдегі қылмыс жасаған балалар шартты жазамен құтылады. Сондықтан, бұл колонияға түскендердің бәрі - ауыр қылмыс жасағандар.
Жасөспірім балаларға берілетін ең ауыр жаза мерзімі - 12 жыл. Қазір колонияда осынша мерзімге сотталған бір бала бар, ол адам өлтіргені үшін жазасын өтеп жатыр. Қазір жасы 18-де.
"Балалар жеңіл қылмыс жасаса, тек шартты түрде жазаланады. Ал колонияға түскеннің бәрі - ауыр қылмыс жасағандар. Адам өлтіру, денеге ауыр зиян келтіру, зорлық-зомбылық секілді. Ең кішкентайы 15 жаста. Мұндай үш бала бар. Адам өлтіріп, түрмеге түскен", - дейді тәрбие бөлімінің бастығы, әділет майоры Алма Бәзілбаева.
Түрме ішінде қайда қарасаңыз, сұр түсті киім киген балалар мен мекеме қызметкерлері. Қазіргі уақытта 73 әскери қызметкер жұмыс істейді.
Балалардың әр күні таңғы 6-да басталады. Жуынып, өз орнын жинауға бір сағат беріледі. Кейін сапқа тұрып, таңғы ас ішуге барады. Ал 8:30-да мектепке кетеді. Түске дейін сабақ оқып, 13:30-да түскі ас ішеді.
Ал 15:00-де балалардың бәрі дерлік колледжге кетеді. Колледжде ұста, слесарь, токарь, "электрон есептеу машинасы" мамандықтарына білім алады. Балалар қалаған мамандығын алты ай оқиды, кейін сол үшін аттестат алады. Мерзімі мүмкіндік берсе, балалар бәрін оқып шыға алады.
Жақын маңда тігін шеберханасы да бар екен. Пандемия кезінде сотталғандар маска, халат тіккен. Тапсырыстар да қабылдайды, бірақ тапқан табысы отбасына жіберіледі.
Түрмеде кешкі ас - 7-де. Ал сағат 10-да бәрі ұйқыға кетуі керек. Қалған уақытта балалар бос. Бірі шахмат ойнап жатса, тағы бірі домбыра тартуды үйреніп отырады.
Синтезаторда ойнайтындар да бар екен.
Ал кейбірі теледидардан кино, футбол қарайды.
Балалар зерікпеуі үшін мұнда тіпті ойын приставкасы да бар.
Әр демалыс сайын балалар кинозалда жиналады.
Колонияда шағын кітапхана да бар.
"Діни теріс ағымдағы кітаптар оқуға тыйым салынады. Тек ҚМДБ рұқсат еткен кітаптар бар. Балалар көбіне классикалық, детектив жанрындағы кітаптарға қызығады. "Абай жолын", Абайдың қара сөздерін оқитындар бар. Бәрі бірдей кітапқұмар емес. Орысша оқитын екі бала, қазақша оқитын екі бала бар. Олар күнде кітап оқиды", - дейді кітапханашы Еркегүл Жеңісхан.
Сондай-ақ, колонияның медицина бөлімінде бірнеше қызметкер бар. Дәрігер-стоматолог, терапевт, психиатр, екі фельдшер мен екі медбике жұмыс істейді.
Балалар колониясы болған соң, ата-анамен жүздесуге көбірек уақыт беріледі.
Пандемия кезінде ата-ана түрмеге келе алмайды, тек Skype-пен сөйлеседі
"Кәмелетке толмаған балалар болған соң, ата-анасымен сөйлесуге шектеу қоймаймыз. Кез келген уақытта Skype арқылы сөйлесе алады. Тек бос уақытында сөйлесуі керек. Негізі балалар мұнда енді түскенде бейімделу кезеңінен өтеді. Сол кезде ата-анасына екі айда бір рет келуге рұқсат беріледі, олар екі тәулік бойы баласының қасында болады. Одан бөлек қысқамерзімді кездесулер бар, 2-4 сағатқа рұқсат етіледі", - дейді Алма Бәзілбаева.
Бұл колонияға түскен мұнда оралмайды. Себебі бәрі бостандыққа 18 жастан асқан соң ғана шығады. Тағы қылмыс жасаса, ересектер арасына кетеді.
"Тергеуге түскен кез келген бала психологқа айналады, көзқарасы өзгереді, ер жеткендей болады. Мұндағылар бостандықта жүрген балалардан басқаша ойлайды. Себебі оларға өмір өзі сабақ болды", - дейді Алма Бәзілбаева.
Бұл колониядан кеткендердің екі жолы бар - бірі бостандыққа шықса, тағы бірі мерзімін әрі қарай ересектер арасында жалғастырады. Жыл сайын балалардың 30 пайызы жазасын шартты мерзімге ауыстырып, бостандыққа шығады екен.
"Ауыр қылмыс жасаған балалар болса да, колонияда ешкім төбелес, жанжал шығармайды. Біріншіден, барлық жерде камера тұр, кезекшілер бақылап жүреді. Одан бөлек, төбелескен балалардың шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу мүмкіндікі аз екенін бәрі біледі. Бұл балалардың басты арманы осы - колониядан тезірек шығып, жаңа өмір бастау", - дейді Бәзілбаева.
Жазасын өтеуші Мақсат Жүсіпәлиев те шартты түрде мерзімінен бұрын шығуға арыз жазған. Енді 18 жастағы Мақсат сот шешімін күтіп отыр.
"Қызылорда облысында дүниеге келгенмін. Ата-анамнан ес білмеген кезімде айырылдым. Әжемнің қолында өстім. Кейін 9-сыныптан соң Шымкенттегі әскери училищеге түстім. Сол жақта екі жыл білім алдым. 2019 жылы каникул кезінде ауылға қайтып, достарыммен кездескенмін. Сол кезде бір бейтаныс адам көліктен түсіп, маған себепсіз балағат сөздер айтты. Не үшін екенін өзім де түсінбедім, мас екен. Намысыма тиген соң, барып бір мәрте ұрдым. Досым менен кейін тағы бір ұрып, телефонын алып кеткен. Сөйтіп, қайтып кеттік. Алты айдан кейін бізді қамады. ҚР Қылмыстық кодексінің "Қарақшылық" бабы бойынша кінәлі деп тапты. Мен бес жылға бас бостандығымнан айырылдым. Досым ересектер арасындағы түрмеде отыр", - дейді Мақсат.
Әскери қызметкер болуды қалаған Мақсат енді мамандығын ауыстырмақ. Себебі мұнда түскен ол әскери қызметте жұмыс істей алмайды.
"Басында колонияға түскенде қорқыныш болды. Кейін балалармен танысып, тез тіл табысып кеттім. Қазір колонияда балалардың шашын қысқартамын. Негізгі мамандығым - әскери қызметкер, амал не, түрмеге түскен соң, бұл қызметімді жалғастыра алмаймын. Түрмеден шыққан соң шаштараз болып жұмыс істегім келеді", - дейді ол.
Суреттер: Ернар Алмабек