Кешке қарай Алматыдан сонау қашық жерде кетіп бара жатып жоғарыда жанып тұрған шамдарды көрсеңіз, бұл - Шымбұлақ. Біреулер "Бұрын ондай жоқ еді ғой?" деуі мүмкін. Иә, мұнда жарықтандыру осы жазда орнатылған.
© shymbulak.com
Негізі Алматыда бұл спорт түрімен айналысамын деушілерге бірнеше демалыс орны бар. Біз танымал "Шымбұлақ" тау курортына беттедік.
Бірден жарық орнатылған ең биік нүктесіне фуникулермен көтерілдік. Кабинада Диана деген қызбен таныстық, өзі қарағандылық екен. Қолына сноуборд ұстап отырған ол "Қаладан қашу үшін келемін, сноуборд тебуден адреналин аламын" дейді. Апта сайын келіп тұрады екен.
Ары қарай жоғарыдағы мейрамханалардың біріне кіріп, Шымбұлақ өкілімен кездестік.
"Биыл Шымбұлақтың жоғарғы жағына, яғни Талғар жолына жарық орнатылды. Осылайша Талғар асуынан Шымбұлаққа дейін жарықтандырылған жолдың ұзындығы 3650 метрге жетті", - дейді Шымбұлақтың Коммерциялық департамент басшысы Владислав Семенов.
Ал бұл әлемдегі старттық сырғанау бойынша ең биік нүкте.
"Бұл ақпаратты қазір халықаралық ұйымдардан нақтылап жатырмыз. Гиннестің рекордтар кітабына өтінім беруге дайындалып жүрміз", - дейді ол.
Жұмыстар осы жазда жүргізілген. Қосымша 26 жарық тірегі қойылып, кабельмен жарықтандыру жасалған. 400 миллион теңгеден аса қаражат жұмсалыпты.
Шымбұлаққа орта есеппен демалыс күндері 4 мың адам, жұмыс күндері 2 мың адам келеді екен. Олардың бірі жай серуен құруға, бірі шаңғы, сноуборд тебуден алатын әсер үшін барады. Владислав Семеновтің айтуынша, қазір түнгі сырғанауға келетіндер қарасы көбейе бастаған. Ал жарықтың орнатылуы осы тенденцияға серпін бермек. Айта кетейік, түнгі сырғанау осы желтоқсанда ашылған.
Владиславтың өзі 2000 жылдардан бері шаңғы, сноуборд тебеді екен, ал баласын 2 жасынан шаңғыға бергенін айтып отыр. Оның сөзінше, мұнда 80-дегі қариялар да келіп тұрады.
"Өкінішке қарай, бұл спорт түрінде жарақат алу қаупі жоғары екенін көбі ескере бермейді, кейде адам өліміне де әкелуі мүмкін", - деп жалғастырды ол. "Тауда екі адамның соқтығуы - қарапайым жолдағы көлік апатымен тең. Сен басқа біреудің денсаулығына зиян келтіресің және бұл - қылмыстық жауапкершілік".
Сондықтан ол тау шыңына шығуға асықпас бұрын, алдымен шаңғы мектебіне баруға кеңес береді. Бұл ең алдымен адамның өз қауіпсіздігі, айналасындағыларға да зияны болмайды. Мұны халықаралық жаттықтырушылар да айтып жүр.
"Көбі тау шаңғысы мектептері қымбат деп бармайды. Бірақ шын мәнінде алғашқы үйрену кезіндегі қиындықтардан өткен соң ғана ләззат ала бастайсың. Жаттықтырушы бір күнде саған негізгі дегендерді үйретеді. Осылайша шаңғы не сноуборд тебу қолыңнан келе бастағанда, одан ләззатын да көбірек аласың", - дейді ол.
Шынымен де, Владиславпен сөйлесіп болған соң сол жерде тығы бір адаммен таныстық, есімі - Асылбек. Жасы 30-дан асқан. Бірінші рет бордпен сырғанағалы тұр екен, өзі таудың ең биік нүктесінде жүр. Алайда қорқыныш барын жасырмады. Жолдастарымен келіпті. Әзірше еңістен түсер-түспесін ойланып тұрғанын айтты.
"Шаңғымен түскендегі атмосфера, жылдамдық ұнайды. Табиғатпен үйлесім табасың. Сен оны теуіп көрмейінше бар рақатын түсінбейсің. Әр адамның өзіне жақын спорт түрі болады, біріне велосипед, біріне коньки ұнайды. Мен өзім сноуборд теуіп жүргеніме 3 жыл болды, Машаны бір жыл бұрын шаңғыға бердік", - дейді Сафар есімді келуші.
Оның жанында Алекс атты жиені де тұр, анасы 4-5 жасында Шымбұлаққа апарып, содан бері шаңғы тебеді екен.
Әрі қарай бір топ жігітке кезіктік. Әңгімелесе келе, олардың шаңғы тебуге Тараздан арнайы келгенін білдік. Енді шыңнан түскелі тұр екен. Сәттілік тіледік.
"Тауға шығып, шаңғы тебуге құмартып тұрамын. 8 жыл болды. Маусым басталғанда аптасына бір рет келуге тырысамын. Клубқа барып демалғаннан гөрі сноуборд тепкенді құп көремін, қазір әсіресе қазақ жастары осы спортқа тартылып жатқанын байқаймын, қуаныштымын", - дейді алматылық Нұрсұлтан.
Тау курортында полицейлер де жұмыс істейді. Олардың негізгі міндеті - шаңғы жолында қауіпсіздік қамтамасыз ету.
"Адамдардың жылдамдық асырмауын қадағалаймыз. Жолда біреу жараланып қалса, түсе алмай жатса төмен түсіреміз, құтқарушы шақырамыз. Адамдардың жол ортасында отырмауын қараймыз. Себебі біреу қағып кетуі мүмкін. Жоғалып қалған заттарды, спорт құралдарын жинап, ақпарат бөліміне апарамыз", - дейді полицейлерді бірі.
Шымбұлақта полиция пунктінің ашылғанына 5 жыл болған. Оған арнайы іріктеу бойынша өтесің. Ауысым бойынша жұмыс істейді. Полицейлердің бірі шығыстікі екен, "онда қар көп болған соң бала кезімнен шаңғы темемін" дейді ол.
Әңгімелесіп тұрғанда олардан бір жігіт келіп, көмек сұрады. Өзі мұнда қашан келгені есінде жоқ екенін айтты. Сөйтсе төрт рет қатты құлапты, бірақ талмадым дейді. Бірінші рет келіп тұр екен. Полицейлердің бірі оны медпунктке апарды.
"Адамдар көбіне иығын, қолын шығарып алады, белін, басын зақымдайды. Жалпы белден жоғары жарақаттанады. Мынадай оқиға болған, бір адам жерде суретке түсіп жатқанда, үстіден бір сноубордшы түсіп бара жатып, қағып кеткен, басына тиюіне аз қалған еді", - дейді полицейлердің бірі.
Олардың айтуынша, күніне жоқ дегенде 3-4 адам үйіне жаралы қайтады.
Полицейлер де адамдар денсаулығына салғырт қарап, жаттығу трассасына бармастан, қызыл, қара қауіптегі трассаларға шығып кететінін айтып отыр. Оған дәлел - өзіміз кезіктірген адамдар.
Халықаралық шаңғы спорты федерациясы ұсынатын негізгі 10 ереже бар:
- Айналаңдағы адамдарға құрметпен қарау: өз деңгейіңдегі трассаны таңда және басқаларға қауіп төндірме;
- Жылдамдық: еңістегі жағдайға қарай жылдамдық ұстан;
- Қозғалыс траекториясы: төмендегілерге кедергі жасамайтын траектория таңдаңыз;
- Басып озу кезінде қашықтық сақтаңыз;
- Басқаларға көрінбейтін жерде тоқтамаңыз. Құлап қалсаңыз, мүмкіндігінше жолдың шетіне тезірек шығыңыз;
- Жан-жағыңызға қарап барып қана төмен қозғалыңыз;
- Жаяу жүруге мәжбүр болсаңыз, жол шетіне шығыңыз. Қолыңыздан керек-жарақтарды түсіріп алмаңыз;
- Белгілер мен ережелерді сақтаңыз;
- Зардап шеккен адамдарға көмектесіңіз;
- Өзіңізбен бірге жеке куәлік болсын: куәгерлер мен зардап шеккендердің кім екенін тез растау арқыры көмек көрсету процесі тездейді.