Кеше тарихтағы ең үздік футболшылардың бірі Диего Марадона дүниеден өтті. Осыдан бір ай бұрын футболшы 60 жасқа толған еді. Бүгінде футбол әлемі қайғырып, Аргентинада қаралы күн жарияланды. Tengrinews.kz тілшісі футболшының өмірі туралы баяндап, тарихқа енген ең маңызды матчы туралы жазады.
Кеше тарихтағы ең үздік футболшылардың бірі Диего Марадона дүниеден өтті. Осыдан бір ай бұрын футболшы 60 жасқа толған еді. Бүгінде футбол әлемі қайғырып, Аргентинада қаралы күн жарияланды. Tengrinews.kz тілшісі футболшының өмірі туралы баяндап, тарихқа енген ең маңызды матчы туралы жазады.
XX ғасырдың үздік футболшысы атанған
Диего Марадона туралы естімеген адам аз шығар. Бірақ ұлы футболшының өмірбаянын қысқаша айтып өткенді жөн көрдік.
Марадона 1960 жылы 30 қазанда аргентиналық Ланус қаласында қарапайым жұмысшының отбасында туған. Отбасының бесінші баласы.
Бала кезінен таланты білінген футболшы карьерасын өз еліндегі "Архентинос Хуниорс" командасында бастап, кейін елдегі ең атақты клубтардың бірі "Бока Хуниорс" сапына ауысқан. Ал 1982 жылы Еуропаны бағындыруға аттанған. Кәрі құрлықтағы алғашқы клубы "Барселона" болды. Бірақ бұл клубта екі жыл ойнап, италиялық "Наполи" сапына қосылды.
Неаполь командасы Марадона үшін 7,6 миллион доллар берген. Бұл сол кезеңдегі ең үлкен трансфер болды. Жанкүйерлер футболшыны әуежайдан күтіп алып, қалаға дейін көтеріп барды деседі.
Марадонаның "Наполидегі" таныстырылымы
Марадона бұл клубта жеті жыл ойнап, жанкүйерлерінің көзайымына айналды. Екі рет Италия чемпионы атанып, УЕФА кубогында топ жарды. Марадона кеткеннен кейін "Наполи" бұл жетістіктерін қайталай алмады.
Бүгінге таңда Неапольдегі көптеген ғимаратта Марадонаның суреті салынған.
30 жастан асқаннан кейін Марадона "Севильяға" ауысып, артынша өз елінде доп тепті. 1997 жылы "Бока Хуниорс" сапында карьерасын аяқтады.
ФИФА ресми сайтындағы сауалнама нәтижесі бойынша Диего Марадона XX ғасырдың үздік ойыншысы атанған. Әр түрлі рейтингіде жетекші орындарда тұрады.
Қазір футболшы үшін "Алтын доп" ең басты жүлде саналады. Бірақ Марадона ойнаған жылдары "Алтын доп" тек еуропалық ойыншыларға берілетін. Сондықтан, аргентиналық бұл басты жүлдені ешқашан алып көрмеген. Тек қартайған шағында құрметті жүлде табысталды.
"XX ғасырдың үздік голын" салған
1986 жылдың 22 маусымы. Марадона үшін ерекше күн. Мексикада әлем чемпионаты өтіп жатқан. Ширек финал, Аргентина - Англия матчы. Марадонаның құрамасына бұл турнирде жеңіс ауадай қажет, себебі төрт жыл бұрын команда Италия мен Бразилиядан жеңіліп, әлем чемпионатын сәтсіз өткізген.
Төрт жылдан кейінгі әлемдік доданың ширек финалдық матчында ағылшындар Марадонаны тұсай алмады. "Ацтек" стадионына жиналған 114 мың жанкүйердің көзінше Марадона 51-минутта гол соқты. Әуедегі допқа шабуылшы қақпашыдан бірінші жетіп, есеп ашты. Бірақ баспен емес, қолмен соқты. Төрешілер ереже бұзылғанын көрмей қалған, оны байқаған Марадано жанкүйерлерге қарай жүгіреді. Кейін шабуылшы бұл голын "Құдай қолы" деп атаған.
Фото: Wikipedia
Бұл гол дүние жүзінде ұзақ талқыланар еді, бірақ төрт минуттан кейін аргентиналық жұлдыз одан да ғажайып бір гол соқты. Англияның бес футболшысынан сытылып өткен ол қақпашыны да алдап, екінші рет қанжығасын майлады. Кейін ФИФА мұны "XX ғасырдың үздік голы" деп бағалайды.
Аргентина - Англия матчының толық жазбасы
Осылайша, Аргентина құрамасы жартылай финалға шығып, Бельгияны 2:0 есебімен жеңді. Бұл ойында да Диего дубль жасады. Ал финалда аргентиналықтар Германияны жеңіп, әлем чемпионы атанды. Финал біткен соң аргентиналық жанкүйерлер Марадонаның анасына барып, үйін гүлге толтырған екен.
Төрт жылдан кейін Италияда өткен әлем чемпионатында Марадонаның Аргентинасы финалға дейін жетіп, ФРГ құрамасынан жеңілды. Кейін танымал The Times басылымы Марадонаны әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік футболшы деп бағалаған.
Әлем Марадонамен қоштасып жатыр
Тарихта осылай атын қалдырған Диего Марадонамен дүние жүзі қоштасып жатыр. Футбол патшасы Пеле жақын досынан айырылғанын айтты.
"Мен қымбат досымнан, дүние жүзі аңызынан айырылды. Болашақта аспанда екеуіміз футбол ойнайтынымызға сенімдімін", - деді Пеле.
Марадона мен Пеле. Фото: Imago
Аргентинада Марадонаның ізбасары саналатын Лионель Месси Диегоның мәңгілік адам екенін мәлімдеді.
"Бүкіл аргентиналық пен футбол үшін қайғылы күн. Ол бізден алыстады, бірақ кеткен жоқ, себебі Диего мәңгілік адам. Онымен бірге өткізген сәттер өмір бойы жадымда, отбасы мен достарына көңіл айтамын", - деп жазды Месси.
Марадона мен Лионель Месси. Фото: Reuters
Ал Криштиану Роналду Марадонаны сиқыршы деп атады.
"Бүгін мен досыммен, ал дүние жүзі ұлы адаммен қоштасып жатыр. Тарихтағы үздіктердің бірі. Қайталанбайтын сиқыршы. Ол арамыздан ерте кетті, бірақ шексіз мұра қалдырды. Оның орнын ешкім толтыра алмайды. Тыныш ұйықта, ұлы тұлға. Ешқашан ұмытылмайсың", - деп жазды Роналду.
Марадона карьерасының басым бөлігін арнаған "Наполи" бұл оқиғаға қатысты "айтарға сөз таба алмады". Клуб футболшының өліміне байланысты логотипін қара түске бояған.
"Бәрі біздің сөзімізді күтіп отыр. Бірақ дәл қазір біздің жан ауруымызды қандай сөз сипаттай алады? Қазір жылайтын сәт. Сөз кейін айтыла жатар", - деп жазды "Наполидің" ресми өкілдері.
Ал "Наполи" жанкүйерлері Марадонаның бейнесі салынған ғимараттарға жиналып жатыр.
Фото: twitter.com/brfootball
Аргентина президенті Альберто Фернандес футболшы Диего Марадонаның өліміне байланысты үш күнге қаралы күн жариялады. Eltrecetv мәліметінше, қаралы күн сәрсенбіден басталды. Елде ойын-сауық шаралары тоқтатылып, ұлттық ту түсірілді. Телеэфирлерде спортшының өмірі, карьерасы және жеңістері туралы бағдарламалар көрсетіледі.
РИА Новости мәліметінше, Диего Марадонаның денесі қазір Аргентина астанасындағы Президент сарайында, онда бірнеше сағаттан кейін қоштасу рәсімі өтеді.