02 июня 2021 | 10:35

"Сәнді киім тігуді тастаған". Қазақ қызы Италияның бүгінін әңгімеледі

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент
Фото: REUTERS

Пандемия басталғанда айтарлықтай зардап шегіп, адам шығыны көп тіркелген елдердің бірі Италия болды. Бұл елдің қазіргі ахуалы қандай? Tengrinews.kz тілшісі Италияда тұрып жатқан Әсел Балтабаевамен сұхбаттасты. Әсел Балтабаева 4 жылдан бері Италияда тұрады, қазір энергетика саласында қызметте.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Пандемия басталғанда айтарлықтай зардап шегіп, адам шығыны көп тіркелген елдердің бірі Италия болды. Бұл елдің қазіргі ахуалы қандай? Tengrinews.kz тілшісі Италияда тұрып жатқан Әсел Балтабаевамен сұхбаттасты. Әсел Балтабаева 4 жылдан бері Италияда тұрады, қазір энергетика саласында қызметте.

"Италия және әлем тезірек бұрынғы өмірге оралсын"

Италияның эпидемиологиялық жағдайы былтыр айтарлықтай ауыр болды, дегенмен қазір оңалған. Жаппай вакциналау былтыр 27 желтоқсаннан басталды. Қазір бұл елде төрт түрлі вакцина қолданыста - Pfizer, AstraZeneca, Moderna және Johnson & Johnson. Ең көп сұранысқа ие - Pfizer. Италияда вакцина осы елдің азаматтары мен тұруға ықтиярхаты барлар үшін тегін салынып жатыр.

Реклама
Реклама

Вакцина салдыру үшін тіркелу онлайн жүргізіледі. Былтыр қыста, жаппай вакциналау басталғанда вакцина барлығына бірдей жетпеді, сонымен қатар, екпе жас ерекшеліктеріне қарай салынды. Италия тұрғындары ұзақ өмір сүруші мемлекеттердің қатарында. Сондықтан, ең алдымен 90, одан кейін 80 және 70 жасқа толғандарға салына бастады. 70 жасқа толғандарға вакцина салу биыл сәуірде ғана аяқталды.


Фото: Reuters

Италиялықтар вакцинаға сенеді және кезегін асыға күтеді. Қоғамда "Италия және әлем тезірек бұрынғы өмірге оралсын" деген ұстанымдар көп айтылады. Дәл қазір вакцина жеткілікті және жаппай вакциналау қарқыны өте жоғары. 50-60 жасқа толғандарға вакцинаның бірінші дозасын салып болып, 40 жастағыларды вакциналау басталды. Енді, келесі аптада 30 жастағылардың кезегі келеді. Мен де осы санатқа кіремін, сондықтан тіркелу ашылған бетте тіркеліп қоямын. Таңдауым Pfizer болады, кезегім шамамен маусымда келеді.

"Сән үйлері вакциналау орталығына айналды"

Былтыр Италия эпидемиологиялық ахуалға қарай аудандарын "қызыл", "қызғылт", "сары" және "ақ" аймақ деп бөлді, осыдан кейін бұл жүйені әлемдегі өзге мемлекеттер де пайдалана бастады. Әр түске сәйкес өз ережелері бар. Қазіргі таңда Италияның барлық 20 ауданы "сары" аймақта деп жарияланды, коменданттық сағат бар. Былтырғы қарашадан бері бүкіл Италияда коменданттық сағат енгізілген еді, яғни, 22.00-ден таңғы сағат 5-ке дейін үйден шығуға болмайтын, тек денсаулыққа немесе жұмысқа байланысты қажеттілік болса ғана шығуға рұқсат етілетін.

Биыл сәуірде Денсаулық сақтау министрлігінің жариялаған қаулысына сәйкес, коменданттық сағат 1 сағатқа қысқарды, қазір 23.00-ден таңғы 5-ке дейін үйден шығуға болмайды. Енді, 7 маусымнан бастап тағы бір сағатқа қысқарады және 21 маусымнан бастап коменданттық сағат мүлде болмайды делінді.


Фото: Reuters

Өткен жылы пандемия басталғанда Италияның көптеген жұлдызы, танымал тұлғалары мен компаниялары, әсіресе сән әлемінің алыптары Отанына деген махаббаты мен жанашырлығын көрсетті. Олар былтырғы наурыз, сәуірде сәнді киім тігуді тастап, маска, дәрігерлерге форма тігуді қолға алды. Сонымен қатар, вакцинаны тезірек шығару мақсатында ұйымдастырылған халықаралық шараларға өте көп қаржы бөлді. Мысалы, Gucci 2 миллион еуро бөлген. Биыл да осы сияқты брендтер вакциналауды жеделдету үшін тағы қаржы бөліп, өз кеңселерін, тігін фабрикаларының аумағын вакциналау орталықтарына айналдырды.

Сондай-ақ, Armani компаниясының Миландағы Armani Teatro атты театры бүкіл көрсетілімдерін, көрмелерін, жыл сайын өтетін Милан сән аптасын кейінге қалдырып, аумағын вакциналау орталығына айналдырды.

"Қазақстандық туристер келе алмайды"

Халықаралық қатынастарға қатысты мәліметтер жиі өзгереді. Мысалы, дәл қазір Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында 30 шілдеге дейін Италияға Еуропа елдерінен туристер келе алады делінген, ал Қазақстаннан және ТМД-ның өзге елдерінен туристер келе алмайды, бірақ оқу, денсаулық жағдайы, отбасы және жұмыс барысымен Италияға келуге болады.

Қазіргі талаптар бойынша, Италияға ұшарға 72 сағат қалғанда ПТР тесттен өту керек. Сонымен қатар, декларация толтыру міндеттелген. Италияға келгеннен кейін міндетті түрде 10 күн үйде карантинде болып, карантиннен кейін тест тапсыру керек. Сондай-ақ, Италияға келген соң жергілікті денсаулық сақтау органына бұл елге келгені туралы жазып, қай мекенжайда карантинде болатынын хабарлау керек.

"Бізді нағыз маман ретінде жоғары бағалайды"

Жалпы, өзім туралы қысқаша айтсам, Астанада Бразилия елшілігінде жұмыс істеп жүріп, бос уақытта ағылшын тілінен басқа қосымша итальян тілін оқи бастадым. Сөйтіп, 2017 жылы Милан қаласында магистратура оқуға бел будым. Магистратураны үздік бітіріп, қазір Италияда энергетика саласында қызмет етемін. Жалпы, Еуропа елдерінде ағылшыннан басқа жергілікті тілді білмесең, қиын. Бір байқағаным, Қазақстан мен ТМД-ның өзге елдерінен келгендер өте алғыр, еңбексүйгіш келеді, сол үшін де біздерді нағыз маман ретінде жоғары бағалайды.


Фото: Instagram/italia_asel

Италияда Қазақстанды білетіндер аз емес. 2015 жылы Миланда алты айлық EXPO өткен болатын, сонда Қазақстанның павильоны танымалдығы жағынан екінші орында болды. Әлі күнге дейін менімен танысқанда адамдар Қазақстанның павильонында болғанын айтады және ең әдемілердің бірі болды деп мақтайды. Сонымен қатар, италиялықтар Қазақстанды мұнай және газ байлығымен, "Астана" велокомандасымен, Винокуров және Арал теңізі арқылы таниды.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram