Кейінгі күндері Еуропаның бірнеше қаласында мыңдаған адам мәжбүрлі вакцинация мен шектеу шараларына қарсы ереуілге шықты. Tengrinews.kz тілшісі Францияда наразылық танытқан қозғалыс басшысымен тілдесіп, олардың мақсаты мен талаптарын сұрады.
Кейінгі күндері Еуропаның бірнеше қаласында мыңдаған адам мәжбүрлі вакцинация мен шектеу шараларына қарсы ереуілге шықты. Tengrinews.kz тілшісі Францияда наразылық танытқан қозғалыс басшысымен тілдесіп, олардың мақсаты мен талаптарын сұрады.
Француздар пандемияға байланысты орнатылған санитарлық шаралар мен басқа да шектеулерге қарсы шығып, конституциялық құқықтары тапталып жатқанын жеткізіп жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, қазірдің өзінде шеруге шыққан азаматтардың саны 200 мыңнан асып жығылады.
Манифестанттардың билікке қойған басты талабы - Конституциялық кеңес қабылдаған 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге қолданылатын санитарлық рұқсаттаманы алып тастау және екпе алмаған қызметкерлердің жұмыстан қуылуын тоқтату.
Халықты ереуілге бастап шыққан топ басшысы Клемен Ландормидің айтуынша, Франция билігі адам құқығын аяққа таптап, диктатураның басты элементін айқын көрсетіп отыр.
"Бізге қарсы ақпараттық шабуылдар басталды. Мұны жоққа шығарудың өзі күлкілі, неге десеңіз, біздің позициямызды өте сауатсыз қылып көрсетіп жатыр. Екпеге қарсы ешқандай қарсылығымыз жоқ, вакцина салдыру - кез келген адамның өз жауапкершілігіндегі мәселе. Ал біздің айтып отырғанымыз - мәжбүрлі вакцинация. Бұл жағдай қазіргі Франция демократиясының көз алдымызда құлдырап жатқанын керемет суреттейді. Әлі күнге дейін түсіне алмаймын. Осындай аса маңызды мәселелерді қалай жалпыхалықтық референдумсыз шешуге болады? Тіпті, онлайн-сауалнама да болмады. Жаһанға жар салып жүрген демократиямыз құрдымға кетті, себебі халықтың үнін естімеген мемлекетті басқаша сипаттау мүмкін емес", - дейді ол.
Оның сөзінше, митингке шыққандардың қатарында түрлі мамандық иелері бар және олар жұмыссыз қалудың алдында тұр.
"Егер байқасаңыздар, шерулер тек Парижде емес, ел төңірегіндегі басқа да қалаларда болып жатыр. Біздің қатарымызда дәрігерлер де, өрт сөндірушілер де, тіпті, мемлекеттік қызметкерлер де бар. Бір адам ақымақ болуы мүмкін, бірақ мың адамды сауатсыз дей алмайсыздар. Атап өту керек, біз бетпердемізді тағып, қашықтықты сақтап жүрміз, ешкімге зиянымызды тигізгіміз жоқ. Десе де, бізді елеп, құлақ асып жатқан адам табылмады.
Сонымен қатар, арамызда митингті сылтауратып, жұмысын тастап кеткен ешкім жоқ, барлығы халықпен бірге, бірақ оларды жұмыстан қудалау процесі басталып кетті. Бүгінде еліміз жүздеген саланың мықты мамандарынан айырылып қалайын деп тұр. Тағы да қайталап айтамын, біз пандемия диссиденті болғымыз келмейді, тек жалғыз қалауымыз - адам құқығына қол салмау", - деді Ландорми.
Huge anti lockdown / vaccine passport / mandates protests:
— James Melville (@JamesMelville) November 20, 2021
- France??
- Switzerland??
- Italy??
- Austria??
- Germany??
- Netherlands??
- Canada??
- USA??
- Belgium??
- Australia??
- Czech Rep??
- New Zealand??
And many others.
Which the media ignores.pic.twitter.com/JHdv2XY6m0
Клемен Ландорми шеруге қатысқандар арасында екпе алғандардың көптігін мәлімдеп, өздерінің антиваксерлерден айырмашылығын атады.
"Иә, біздің қатарымызда екі компонентті екпені алғандар жетіп артылады. Бұл біздің антиваксер емес екендігімізді білдіреді, бірақ мұны түсініп жатқандар аз. Көптеген БАҚ беттерінде біздің ой-пікірімізді бұрмалап, халық жауы қылып көрсетіп жүр. Әрине, мұндай лас пиғылдың қайдан келіп жатқанын жақсы білеміз, бірақ осы тұста түсіндіре кететін жайт бар. Бағана айтып өткенімдей, біздің негізгі мақсатымыз антиваксерлердің ойымен сәйкес келмейді. Біріншіден, біз коронавирусқа қарсы екпенің тиімділігін мойындаймыз және оған қарсы іс-әрекет жасамаймыз. Екіншіден, әр үңдеуімізді бейбіт жолмен жеткіземіз. Үшіншіден, біз бар болғаны конституциядағы заң тапталмауын талап етеміз. Бар айырмашылық осы. Бір сөзбен айтқанда, біздің қозғалыс тобы ғылым жолынан және оның заманауи жаңалықтарынан қашпайды", - дейді ол.
[communiqué] Pour Greenpeace France, l'annonce par un président en campagne de la construction de nouveaux réacteurs nucléaires en France est totalement irréaliste et anti-démocratique#Macron20hhttps://t.co/SxZgEpaOJJ
— Greenpeace France - presse (@GPFrancepresse) November 9, 2021
Кейіпкер Францияның демократиялық үрдістен алшақтап бара жатқанын тек мәжбүрлі вакцинациямен байланыстырмайды.
"Жақында Үкімет ядролық реакторлардың құрылысын өз территориямызда бастайтынын айтты. Әрине, басқа елдің аузына қарамайтын, энергетика саласындағы дербестігі бар мемлекет бізге керек, бірақ бұл процестің екі ұшы бар. Осы мәселе бойынша да Макрон әкімшілігі халықты ақпаратпен қамтамасыз етпей, біржақты шешім қабылдады. Greenpeance мұны ойға қонымсыз әрі антимдемократиялық шешім деп бағалады. Сондай-ақ, бұған дейінгі босқындар қоныс аударуын да ұмытқан жоқпыз. Ойлап қарасақ, демократия дегеніміз тек көзбояушылық болып қалды. Ел үшін маңызды мәселелердің барлығы белгілі бір топтардың көзқарасымен ғана шешіледі. Біз мұндай опасыздыққа жол бергіміз келмейді", - деп сөзін аяқтады ол.
Осы тұста танымал молекулярлық биолог, вирусолог Петр Чумаков мәжбүрлі вакцинацияны ақтап шықты. Оның айтуынша, бүгінде шеруге шығып, қарсылық танытып жатқандар ертең-ақ өздері рақмет айтады.
"Бұлай деп айтқаным дұрыс емес шығар, бірақ мен мәжбүрлі вакцинацияны қолдаймын. Мені демократтар жеккөріп кетуі мүмкін, десе де, барлығы адамдардың денсаулығы үшін жасалып жатыр. Бүгін болмаса, ертең өз ойынан айниды. Кейде митингке шыққан халықты да түсінгім келеді. Әлемде болып жатқан наразылықтар тегіннен емес, сондықтан әр мемлекет басшылығы халықпен түсіндіру жұмыстарын жоғары деңгейде өткізіп, қабылданған шешімді жан-жақты дәлелдеп беруі керек", - дейді ол.
Еске салайық, 3 қыркүйекте Франция президенті Эммануэль Макрон елдің кейбір аумақтарында міндетті вакцинацияны енгізді. Ал 9 тамыздан бастап франциялықтарға мейрамхана, кинотеатрға барғанда және пойызбен алыс сапарға шығарда және ішкі рейстермен ұшқанда COVID-19-ға қарсы вакцина паспортын көрсету міндеттелді. Франция заңына сәйкес, сертификатсыз қыдырыс жасағандар алты айға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ел президенті бұл қадамды эпидемияның өршіп, коронавирустың жаңа штамдарының пайда болуымен түсіндірді.
Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!