Рауан Байчинов психология және коррекциялық педагогика кафедрасының сениор-лекторы, ғылым магистрі, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ "Dana bala" ШҚУ үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жоғары біліктілік санатты логопед-дефектологы. Ол - елдегі ерекше әдістеменің авторы. Яғни қазақстандық ғалым кохлеарлы импланты бар балалардың сөйлетуін дамытатын әдістемені ойлап тапты. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық ғалым Рауан Байчиновпен тілдесіп, ерекше балаларға арналған ерекше әдістемесі туралы сұрады.
Рауан Байчинов психология және коррекциялық педагогика кафедрасының сениор-лекторы, ғылым магистрі, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ "Dana bala" ШҚУ үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жоғары біліктілік санатты логопед-дефектологы. Ол - елдегі ерекше әдістеменің авторы. Яғни қазақстандық ғалым кохлеарлы импланты бар балалардың сөйлетуін дамытатын әдістемені ойлап тапты. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық ғалым Рауан Байчиновпен тілдесіп, ерекше балаларға арналған ерекше әдістемесі туралы сұрады.
Рауан Байчиновтың дефектология саласы бойынша еңбек өтілі 12 жыл. Ғылым жолында жүргеніне де аз болмаған. Ол кейінгі 8 жылдан бері ғылым саласында қызмет етіп келеді.
Маман ойлап тапқан әдістеме - кохлеарлы импланты бар мектепке дейінгі жастағы балалардың даусын, интонациялық құрылымдарын зерттеу. Әдістеме үш жастан жеті жасқа дейінгі балаларға арналған.
"Яғни ол - есту қабілеті бұзылған балалар, мүлдем естімейтін балаларға ота жасалып, кохлеарлы имплант салынған балаларға арналған әдістеме. Сол арқылы балалар сырттағы дыбыстарды естіп үйренеді. Алғашында оларға дыбыстар ешқандай мән-мағына бермейді. Себебі ол балалар туғаннан не сөйлеу тілі пайда болғанға дейінгі кезеңде есту қабілетінен айырылғандықтан оларда қалыпты балалардағыдай сөйлеу тілі дамымай қалады.
Соған қатысты сөйлеу тілін қабылдау, сөйлеу тілін түсіну, оны ажырату секілді процестің бәрі тежеліп, тоқтап қалады. Ендігі кезекте естіген дыбысты қабылдауға, ажыратуға, түсінуге және оны дамыту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Ол кохлеарлы имплантациядан кейінгі оңалту жұмыстары деп аталады", - дейді Рауан Байчинов.
Фото: Рауан Байчинов ұсынған сурет
Неліктен даусы, интонациялық құрылымдары ескеріледі? Ғалым мұның себебі сөйлеу тілінің дамуы интонациядан басталатындығында деп атап өтті.
"Яғни балалар дауысқа еліктеу, дауысқа қызығушылық таныту деген секілді кезеңдерден өтеді. Бала ести бастаған кезде өзінің даусына деген қызығушылығы оянады. Даусымен ойнай бастайды. Сөйлеу тілімен ауыз артикуляциясы арқылы шыққан дыбыс пен есту қабілетінің арасында байланыс орнап, бала өзінің даусына өзі еліктейді. Өзінің даусына немесе сырттан естіген дауысқа қызыға бастайды.
Сол себепті дауыстың интонациялық құрылымдарын зерттеу маңызды. Ал бұл сөйлеу тілін дамытудың алғышарты", - дейді маман.
Әдістеменің артықшылығы - бұл қазақ тіліндегі баламасы жоқ бірден бір әдістеме.
"Ол 4 деңгейден тұрады. Дыбыс деңгейі, дыбысқа еліктеу, сөз деңгейі және қарапайым сөйлемдер деңгейінен тұрады. Бұл жерде балалардың интонациялық құрылымдары лингвистикалық және паралингвистикалық тұрғыдан зерттеледі. Екеуінде де жоғарыда атап өткен 4 деңгей қарастырылады.
Лингвистикада сөйлеу материалдарын, яғни дыбысты, дыбысқа еліктеуді, сөз тіркесі, сөйлемді балалар қалай қабылдайды, қалай ажыратады, қалай түсінеді, оны қалай жаңғыртып, айта алатынын зерттеу қарастырылады", - деп түсіндірді әдістеме авторы.
Фото: Рауан Байчинов ұсынған сурет
Ал паралингвистикада күнделікті өмірде қолданатын ымдау, дене қимылын қолдану арқылы, интонация беру арқылы дауыстың интонациялық құрылымына зерттеу жасалады. Ол да 4 деңгейден тұрады: эмоционалдық жағдай, эмоционалдық күй - қайғыру, мұңаю, жылау, күлу арқылы және эмоционалдық белгілерді ажырату арқылы жүзеге асырылады.
Зерттеу әдісі арнайы мекемелерде апробациядан (мақұлдау-еск.) өткен. Қазіргі таңда әдістемені ШҚО Білім басқармасының "Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру" КММ, "Әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілер қауымдастығы" қоғамдық ұйымы және университет базасында ашылған "Dana bala" үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы қызметкерлері қолданып жүр.
"Бұл әдістеме сынақтан өткен. Қазіргі таңда бұл әдістемеге авторлық құқық берілетін куәлік алынды. Әрбір әдістемені өңдеу кезінде, оны құрастыру кезінде, оны қолдануда қиындығы мен қызығы болады. Яғни кейбір тапсырмалар балаларға сай келмеуі мүмкін. Кохлеарлы импланты бар бала жасы, оңалту жасы, физиологиялық жасы, имплантты орнатқан күннен кейінгі жасы бірдей болғанымен олардың даму деңгейі әртүрлі болады. Сондықтан балалардың бәріне бірдей тапсырма қолжетімді бола бермейді. Сол тарапынан қиындықтар болды. Оның бәрі сараптап, сараланды", - дейді зерттеуші.
Рауан Байчинов мұндай жағдайда әр балаға жеке тұлғалық көңіл аудару керегін атап өтті.
"Әр баланың даму ерекшелігін ескере отырып, тапсырма соған сәйкес берілді. Осы әдістеме арқылы зерттеуші мамандар баланың деңгейіне сәйкес тапсырманы өзгертуге құқылы. Сондықтан алдында отырған баланың даму деңгейіне сәйкес әдістемені өзгертуге болады. Бірақ әдістеменің "қаңқасы" сақталады. Соның негізі бойынша зерттеу жұмысын жүргізуге болады. Яғни зерттеу деп отырғанымыз - қарапайым тілмен түсіндіре кеткенде баланы тексеру деген сөз. Бала оңалтудан өту барысында алдымен тексеріледі. Содан кейін түзету, дамыту жұмыстары жүргізіледі. Артынша аралық тексерулер барысында баланың жетістіктері, даму деңгейі анықталып, алдағы уақытқа жоспар құрылады", - дейді маман.
Фото: Рауан Байчинов ұсынған сурет
Рауан Байчиновтың сөзінше, әдістемені зерттеу жұмысына 86 бала қатысқан.
"Зерттеу 2018 жылы басталды. Зерттеуге қатысқан 86 баланың нәтижесі талданды. Зерттеу оң нәтиже көрсетті. Әдістеме өзінің тиімділігін дәлелдеді", - деп түйіндеді қазақстандық ғалым.