Қазақстанда кей шенеунік параны ақшалай ғана емес, тауар ретінде де алады. Бүгін Маңғыстауда мемқызметші пара ретінде кондиционер алды деген күдікке ілінген. Тengrinews.kz тілшісі параны ақшалай емес, тауар ретінде алып, істі болған шенеуніктерге шолу жасады.
Қазақстанда кей шенеунік параны ақшалай ғана емес, тауар ретінде де алады. Бүгін Маңғыстауда мемқызметші пара ретінде кондиционер алды деген күдікке ілінген. Тengrinews.kz тілшісі параны ақшалай емес, тауар ретінде алып, істі болған шенеуніктерге шолу жасады.
Кондиционер
Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары пара ретінде кондиционер алды деген күдікке ілінді.
Қазір оған қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу шараларын жүргізіп жатқаны айтылады.
"Ол шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесі бойынша комиссияның төрағасы бола тұра осы аталған мемлекеттік мекемедегі бөлім басшысынан пара ретінде кондиционер алды деген күдікке ілінді.
Сотқа дейінгі тергеу шаралары барысында аталған ММ-нің шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысына қатысты облыс аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік азаматтарға жұмыс визаларын кедергісіз бергені және ұзартқаны үшін бірнеше рет 500-ден 1000 долларға дейін пара алды деген күдік бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.
Үш бөлмелі пәтер
Биыл шілдеде "Астана су арнасының" бұрынғы басшысы Уәлихан Досаев пара ретінде үш бөлмелі пәтер иемденгені үшін жазаланған.
Мекемені алты жыл бойы басқарған ол "Технополисжилстрой" ЖШС-нің басшысынан "Жас отбасы-2" тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтер алған. Баспанадан бөлек, ол серіктестіктен 60 мың долларды да қалтаға басқан.
Бұл параны жылжымайтын мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестікке беру туралы қосымша келісімшартын жасағаны үшін алыпты. Ол қарамағандағы қызметкері арқылы іс жүргізген.
Салдыранан Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Уәлихан Досаевты 7 жылға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.
Шетелдік көлік
Былтыр Талдықорған қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары пара алғаны үшін бас бостандығынан айырылған.
Әсет Шаяхметов 2017 жылы қазанда ұсталған. Ол әкімнің орынбасары болып екі апта бұрын ғана тағайындалған еді.
Экс-шенеуніктің қылмыстық ісі 32 томнан құралды. Оған "Пара алу" және "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру" баптары бойынша айып тағылған. Шаяхметов пара ретінде үш иномарка мен 90 миллион теңге алған.
Судья Талдықорған әкімінің экс-орынбасарын 12 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ үкім бойынша ол енді мемлекеттік органда қызмет ете алмайды және қылмыстық жолмен келген дүние-мүліктері тәркіленді.
Сиыр еті
Ал 2017 жылы Семейде пара ретінде сиыр етін алған мемлекеттік қызметкер істі болған. Семей қаласы білім бөлімі басшысының бұрынғы орынбасары Сара Елеусізова сиыр етіп аламын деп, миллиондаған айыппұл арқалап кеткен.
Сол жылы 18 қыркүйекте ол "№ 4 Балдәурен балабақшасының" есепшісінен 10 мың теңге пара алғаны белгілі болған. Ал екі күннен соң ол 5 келі сиыр етін алған. Тергеу кезінде белгілі болғандай, ол жүйелі түрде ақшалай ғана емес, ет, көмір секілді тауар түрінде де пара алып отырған.
Елеусізова өз кабинетінде тағы бір мектептің есепшісінен 120 мың теңге пара алып жатқан жерінен ұсталған. Оған 9 миллион 625 мың теңге айыппұл салынып, қылмыстық жолмен табылған мүліктері тәркіленді. Сондай-ақ ол енді мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.
Бейнежазба
2017 жылы Семейдің білім саласында тағы бір жанжал шыққан. Мектеп директорыларының бірі пара аламын деп айыппұл арқалады.
Балаларды оқу ордасына қабылдау үшін ол ата-анадан өз көлігіне қысқы дөңгелектер алып беруді талап еткен. Кейін бұл ойынан айнап, дөңгелектің орнына бейнежазба сұраған. Директор ортақ таныстары арқылы іс жүргізген. Ол қала ортасында пара алып жатқан жерінен ұсталды.
Сот мектеп директорын кінәлі деп танып, оған 3,175 миллион теңге айыппұл салған. Сондай-ақ мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметтен шеттетілген.
Сиыр тезегі
2017 жылы Атырау облысы Ақсай ауылының әкіміне қатысты үкім қызу талқыға түскен. Ол пара ретінде сиыр тезегін алды деп айыпталған. Әкім жер учаскесін алғысы келген жеке кәсіпкерден қажетті құжаттарға қол қою үшін осындай пара талап еткен.
Нәтижесінде ол 350 қап тезек сұратқан. Бұл пара құны 206 750 теңгеге бағаланған.
Экс-әкім "Пара алу" бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 6 202 500 теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте істеуіне тыйым салынып, сиыр тезегі тәркіленген болатын.