Ақмола облысы Бастау ауылында тұратын Меруерт Қадырова жол апатынан қаза тапқан полицей күйеуінің өліміне қатысты әділдік іздеп Нұр-Сұлтанға келді. Үш баласымен жесір қалған келіншек Президент пен Ішкі істер министрінен көмек сұрап отыр. Оның айтуынша, жұбайы учаскелік инспектордың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс біржақты қаралып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Aibat ақпарат қызметіне сілтеме жасап.
Ақмола облысы Бастау ауылында тұратын Меруерт Қадырова жол апатынан қаза тапқан полицей күйеуінің өліміне қатысты әділдік іздеп Нұр-Сұлтанға келді. Үш баласымен жесір қалған келіншек Президент пен Ішкі істер министрінен көмек сұрап отыр. Оның айтуынша, жұбайы учаскелік инспектордың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс біржақты қаралып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Aibat ақпарат қызметіне сілтеме жасап.
Ақпарат бойынша, шақырту бойынша Бастау ауылына бара жатқан полицей Мәди Қадыров жүк көлігімен соқтығысып, оқиға орнында қаза тапқан. Тергеушілер апатқа қаза болған учаскелік инспектор кінәлі деп, іс қозғаған. Алайда марқұмның жақындары "сараптаманың сәйкес келмейтін тұстары көп, ауыр жүк көлігінің жүргізушісі куәгер ретінде ғана танылғаны ақылға сыймайды" дейді.
"Жүк көлігінде болған 8 тонна тауарды сен рақмет айт мойнына салып қоймағанына. Істің осылай жабылғанына сен қуан деп айтты маған", - дейді марқұмның жары Меруерт Қадырова.
Полицейдің жақындары марқұмға "мас болды" деп жала жабылғанын айтады. Мади Қадыровтың қанында алкоголь болмағанын сот-медициналық сараптама да растағаны хабарланды. Алайда тергеуші неліктен даулы қорытынды шығарғаны түсініксіз.
"Тергеу дұрыс жүріп жатқан жоқ. Тергеу Ташетовті жақтап тұр. Бұл жерде ақша жүрген шығар. Өйткені оны түске дейін босатып жіберді", - дейді марқұмның әкесі Қайрош Қадыров.
Ауыр жүк көлігінің иесі апаттан кейін жүргізуші куәлігінен де айырылмаған. Тергеу аяқталмай жатып, МАН маркалы машинасын айып тұрағынан шығарып алған. Марқұмның жары іс бұлай бұрмалануы қаза болған полицейге бұрыннан өшігіп жүргендердің әрекеті дейді.
"Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы менің жолдасымды шақырып алып "басқа ауданға ауысқың келмесе, жұмыстан шыққың келмесе, биыл маған бір жылқы әкеп бересің" дейді соғымдыққа. Содан жолдасым не істерін білмей банктен 600 мың несие алады. Сол күні қалтасында 600 мың ақша болған", - дейді Меруерт Қадырова.
Aibat мәліметінше, Қадыровтың қанында алкоголь болмағанын полицейлер де растап отыр. Олардың айтуынша, тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
"Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша Қадыровтың өлімі қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, қызметтен тыс уақытта болғаны анықталды. Қандай да бір шақыру туралы мәліметтер расталмады", - деді Ақмола облысы ПД баспасөз хатшысының міндетін атқарушы Әсем Әбдікәрімова.
"Үйсіз-күйсіз, үш бала мен күйеуінің қарыздарын арқалап қалған келіншек істің ақ-қарасын ажыратуға министрлік араласса деп отыр. Себебі жергілікті биліктен көңілі қалған. Марқұмның әріптестері көмек көрсетпек түгілі, келіп көңіл айтуға да жарамапты", - деп баяндайды журналистер отбасының жағдайын.