ПОДЕЛИТЬСЯ
16 мая 2019 | 15:36
Маман пәтерге бөтен адамды тіркеу несімен қауіпті екенін айтты
"Бір пәтерде қанша адам тіркеле алады, ол туыс болса ше?", "Тұрғылықты мекенжай бойынша бір пәтерде, ал басқа пәтерде уақытша тіркеуде тұруға бола ма?", "Пәтерді бір айға ғана жалдасақ та тіркелу керек пе?" деген сұрақтарды жиі естиміз. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі заңнама мен кодекстерге сүйене отырып, Қазақстанда заң бойынша бір пәтерде қанша адамның тіркеле алатынын, пәтер жалдаушыларды тіркеудің қаупі және заң талаптарын орындамағандарға қандай жаза қарастырылатынын анықтап көрді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
"Бір пәтерде қанша адам тіркеле алады, ол туыс болса ше?", "Тұрғылықты мекенжай бойынша бір пәтерде, ал басқа пәтерде уақытша тіркеуде тұруға бола ма?", "Пәтерді бір айға ғана жалдасақ та тіркелу керек пе?" деген сұрақтарды жиі естиміз. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі заңнама мен кодекстерге сүйене отырып, Қазақстанда заң бойынша бір пәтерде қанша адамның тіркеле алатынын, пәтер жалдаушыларды тіркеудің қаупі және заң талаптарын орындамағандарға қандай жаза қарастырылатынын анықтап көрді.
Мұның алдында елімізде бір пәтердің өзінде 200-300 адам тіркелген жағдайлар анықталған еді. Қалаға ағылған халық уақытша болса да тіркеу іздейтіні рас. Министрлік өкілдері осы "резеңке пәтерлер" мәселесімен күресті бастаған болатын.
Бір пәтерде қанша адам тіркеле алады?
Әділет министрлігінің мәліметінше, санитарлық талаптар бойынша, әрбір адамға кем дегенде 15 шаршы метр қажет. Осындай типтік ережелер елдің әр өңірінде әр түрлі екен және оны үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бекітеді. Мысалы, Алматы мен Нұр-Сұлтанда бір тіркелген адамға 15 шаршы метр қажет болса, басқа өңірлерде одан сәл аздау болуы мүмкін. Егер Алматыда екі бөлмелі пәтердің орташа ауданы 60 шаршы метр болса, онда заң бойынша тек 4 адамның тіркеуде тұра алатыны айтылады.
Алайда ескеретін бір жайт бар: тұрғын үйдің аумағы жеткілікті болса пәтер иесі Қазақстан Республикасының кез келген азаматын пәтеріне тіркей алады. Ал бірақ пәтер көлемі жеткіліксіз болса, тек стандарт бекітілген норма бойынша тіркеу рұқсат етілген.
Сондай-ақ, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 493-бабы бойынша, пәтер иесі пәтерінде нақты тұрмайтын жеке тұлғаларды тiркесе, оған 5 АЕК мөлшерінде (12 625 теңге) айыппұл салынатыны айтылады. Ол ереже бұзушылық тағы бір рет қайталанса, айыппұл сомасы екі есеге көбейеді.
Ал қонаққа келген туған-туыстар уақытша пәтер жалдаса және ол бір айдан аса уақытқа болса, уақытша тіркеуге тұруы тиіс болады.
Пәтер жалдаушылар уақытша тұрғын емес
"Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 23-бабының 3-1-тармағына сәйкес, пәтер иесін немесе жалға берушіні "жалға беріліп отырған тұрғынжайда тұратын адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеуге" міндеттейтіні айтылады.
Ал пәтер жалдаушыларды тіркеуге қоймаған пәтер иелері заң бойынша 10 АЕК, яғни 25 250 теңге айыппұл төлейді. Олар жеке тұлға емес, шағын кәсіпкерлер болса, айыппұл көлемі 15 АЕК немесе 37 875 теңге болады екен.
Қандай жаза қарастырылған?
"Әкімшілік құқық бұзушылық" туралы кодекстің 492-бабына сәйкес ("Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру"), тұрып жатқанына 10 күн асқан немесе тұрғылықты мекенжайына қатысты жарамсыз құжатпен тұрып жатқан адамға бірінші рет ескерту жасалады.
Бірақ ол мерзім бір айдан асып кетсе, оған 7 АЕК көлемінде (17 675 теңге) айыппұл салынады. Дегенмен бұл әрекет әрі қарай жалғаса берсе оған 13 АЕК көлемінде (32 825 теңге) айыппұл салынады.
Пәтерді жалға алушыны тіркеуде неге назар аудару керек?
Заңгер Данияр Түймебаевтың айтуынша, пәтер иесі жалға алушыны тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркей ме, тіркемей ме - өз қалауы. Бірақ уақытша тіркеуге олар міндетті. Ал уақытша емес, тұрғылықты мекенжайы ретінде пәтеріне тіркесе, үлкен қауіп төнбейді дейді. Тек коммуналдық қызмет тарифтері жоғарылайды - себебі ол тарифтер тіркелген әрбір адам басына есептеледі. Бірақ, заңгердің сөзіне қарағанда, пәтер жалдаушыны кез келген сәтте тіркеуден шығарып тастауға болады (оған ескертпей де).
Бұдан бөлек, ол заң бойынша пәтерде тіркелген адамның үй иесінің мүлігінің қандай да бір үлесіне таласа алмайтыны айтады. Ол оны басқа біреуге жалға беріп немесе кепілге қоя алмайды. Дегенмен "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңға сүйенсек, қағаз түрінде пәтер жалдаушының ешқандай құқығы болмаса да, ол мүлікті үй иесінің қандай құқықтары бар дәл сол құқықтар бойынша қолдана алады екен.
Тағы бір ескеретін жайт, үйде тіркелген адамның баласы дүниеге келсе, ол автомат түрде пәтер иесінің үйінде тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген болып шығады екен. Себебі баланың ата-анасы сол пәтерде тіркелген. Бірақ ол отбасы (жалға алушы) тіркеуден шығудан бас тартса, пәтер иесі бұл мәселені тек сот арқылы шеше алатыны айтылады.
Показать комментарии
Читайте также