ПОДЕЛИТЬСЯ
10 июня 2019 | 17:45
Кепілде тұрған пәтерді сатып алудың қандай қауіптері бар
Бүгінде кепілде тұрған жылжымайтын мүлікті сату әдеттегі іске айналды. Интернетте несиесін уақытылы төлей алмаған борышкерлердің кепілге қойылған мүліктерін сату туралы хабарландыруларды жиі байқауға болады. Бірақ кепілде тұрған пәтерді сатып алу қауіпті деп санайтындар аз емес. Tengrinews.kz тілшісі заңгер Қайрат Жүкелұлынан кепілде тұрған мүлікті сатып алудың қандай қауіптері бар екенін және сатып алудың алдында нені білу керектігін сұрады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бүгінде кепілде тұрған жылжымайтын мүлікті сату әдеттегі іске айналды. Интернетте несиесін уақытылы төлей алмаған борышкерлердің кепілге қойылған мүліктерін сату туралы хабарландыруларды жиі байқауға болады. Бірақ кепілде тұрған пәтерді сатып алу қауіпті деп санайтындар аз емес. Tengrinews.kz тілшісі заңгер Қайрат Жүкелұлынан кепілде тұрған мүлікті сатып алудың қандай қауіптері бар екенін және сатып алудың алдында нені білу керектігін сұрады.
Заңгердің айтуынша, кепілде тұрған пәтерді алудың бірнеше қаупі бар, сондықтан бірінші кезекте сол мүліктің иесіне қатысты мәліметтерді тексеру қажет.
Қандай қауіптер бар
"Мұнда негізгі қауіп - мүліктің сатылайын деп тұрған бағасында, яғни "ол ақша қамтамасыз етілген қарызды жаба ма, жоқ па?" деген сұрақ туындайды. Сол себепті Халыққа қызмет көрсету орталығынан кепілде тұрған пәтердің иесіне және пәтерге қатысты арнайы анықтамаларды алу қажет - басқа тыйымдардың бар-жоғын анықтаған жөн. Себебі ол мүлікке басқа да тыйымдар салынуы мүмкін. Мысалы, иесінің басқа да қарыздары, міндеттемелері болуы мүмкін. Басқа да салықтар бойынша қарызы бар екені анықталса, мүлікке кез келген уақытта сот арқылы тыйым салынатын жағдайлар болады", - деп ескертеді Қайрат Жүкелұлы.
Сол себепті заңгер мүліктің басқа да қарыздарын тексеруге кеңес береді.
"Сонымен қатар, банк қанша ақшаға пәтерді (жылжымайтын мүлікті) кепілден шешуге дайын екенін білу қажет. Міндетті түрде банктен және ХҚКО-дан арнайы анықтамаларды алу керек", - дейді ол.
Маман кепілде тұрған пәтерді сатып алудың тағы бір қаупі деп мүлік ортақ меншік бола тұра, иелерінің бірі рұқсатын бермеген жағдайда мүліктің сот арқылы тартып алынатынын атады.
"Мысалы, кепілге қойылған мүлік ортақ меншік делік. Яғни ерлі-зайыптының арасында ортақ мүлік болады. Сол мүлік кепілге қойылған болса, бірақ олардың бірінен рұқсат алынбаса немесе рұқсатынсыз сатылымға шығарылса, кейін меншік иесі сатып алу-сату шартын жарамсыз деп танып, сотқа шағымдана алады. Шартты бұзып тастайды. Бұл үлкен қауіп", - деп ескертеді заңгер.
Сондай-ақ, оның айтуынша, бастапқыда құжаттар дұрыс рәсімделмесе, біраз қиындықтар пайда болуы мүмкін. Қайта рәсімдеу қиынға соғады екен.
Кепілдегі мүлікті иеленудің тәсілдері
Осы ретте заңгер кепілдегі мүлікті иелену жолдарын айтып берді. Маман кепілде тұрған мүлікті иеленудің негізгі екі тәсілі бар дейді.
"Кепілдегі жылжымайтын мүлікті иелену - кепілді ұстап отырған адам, яғни қарыз берген тұлғадан (банк жеке тұлға, микрокредит ұйымдары) рұқсат алу арқылы иеленеді. Кімге кепілге қойылды содан рұқсат алыну арқылы сатылымға шығады деген сөз. Бірінші жағдайда кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті пәтер немесе жер болсын, соның иесі арқылы тікелей сатып алуға болады. Мұнда ең бастысы иесі пәтерді кепілде ұстап отырған адамнан немесе банктен қажетті келісімін алуы керек. Содан кейін ғана тікелей сатуға болады. Ол кезде көбіне алдын ала шарт жасалады. Сатып алушы кепілпұл береді де, белгілі бір сомаға келіскені жайлы шарт жасасады.
Екінші жағдайда кепілде тұрған мүлікті аукциондар арқылы иеленуге болады.
Ол аукциондарды банктердің өздері өткізуі мүмкін. Кейде сот орындаушылары өткізеді. Өздерінің тәсілі болады - ағылшын - голланд тәсілі сияқты. Яғни бағаны жоғары немесе төмен түсіру арқылы. Негізгі екі тәсіл осы. Бірақ аукционнан сатып алудың нюанстары көп. Аукциондарда сот орындаушылар көп ресми құжаттар дайындайды - мүлікті бағалайды, кепілде тұрған мүліктің иесіне арнайы хабарлама жібереді. Содан кейін ғана аукционға қатысады", - дейді заңгер.
Қайрат Жүкелұлы кепілде тұрған пәтерді алудың қауіптерін алдын алу мақсатында бірінші кезекте пәтер мен пәтер иесіне қатысты барлық мәліметті тексеріп, құжаттарды қарап шығуға кеңес береді. Сондай-ақ, меншік иелерінен келісім алу өте маңызды екенін айтады. Маманның айтуынша, ол мәліметтерді сот орындаушыларының реестрінен де тексеріп алуға болады.
Оқи отырыңыз:
Маман пәтерге бөтен адамды тіркеу несімен қауіпті екенін айтты
Пәтерді қалай таңдау керек - Маманнан 5 кеңес
Баспаналы болудың тиімді жолы қайсы - Жер алып, үй салу немесе ипотекаға пәтер
Показать комментарии
Читайте также