РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
11 ноября 2020 | 13:36

Қазақстанда жыл соңына дейін пәтер қымбаттауы мүмкін бе?

Даурен Ерболат Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: © Тұрар Қазанғапов Фото: © Тұрар Қазанғапов

Елімізде жыл соңына дейін пәтер қымбаттауы мүмкін бе? Бұл сұраққа Tengrinews.kz тілшісі жауап іздеп көрді.


Елімізде жыл соңына дейін пәтер қымбаттауы мүмкін бе? Бұл сұраққа Tengrinews.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Елордадағы жылжымайтын мүлік агенттіктерінің бірінің жетекшісі Жұлдыз Алиева Нұр-Сұлтандағы пәтерлер қымбаттап жатқанын айтады.

"Елордада бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары. Себебі, тұрғындардың басым бөлігі жылжымайтын мүлікті табыс көзіне айналдырған. Оның бағасы өсіп жатыр. Ресми статистика бойынша жылжымайтын мүлік бағасы шамамен 3-6 пайызға өседі. Менің ойымша, оның бағасы 10 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін. Мұны тәжірибеме сүйеніп, айтып отырмын. Мысалы, қазір Нұр-Сұлтаннан 10 миллион теңгеге бір бөлмелі пәтер алсаңыз, ол бір жылдан кейін 1-1,5 миллион теңгеге қымбаттауы ықтимал", - дейді риелтор.

Нұр-Сұлтанда бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы қанша?

Оның айтуынша, қазіргі таңда Нұр-Сұлтандағы бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы 12-15 милллион теңге аралығында. Бірақ оның бағасы шағын ауданға байланысты өзгеруі мүмкін.

"Елордада Сарырқа, Байқоңыр, Алматы және Есіл атты 4 аудан бар. Мұндағы ең қымбат аудан Есіл болып саналады. Оның өзі 3 шағын ауданға бөлінеді: Жағалау, орталық ("Бәйтерек" монументінің маңайы), ЕXPO ауданы. 

Мысалы, Жағалау ауданынан 1 бөлмелі пәтерді 12-13 миллион теңгеге сатып алсаңыз, орталықта бұл пәтер 15 миллион теңге, ал ЕXPO ауданында бір бөлмелі пәтер 17-18 миллион теңге.

Сарыарқа ауданынан 9-10 миллион теңгеге бір бөлмелі пәтер табуға болады. Өйткені, бұл аудандағы тұрғын үйлер 1980-1990 жылдары салынған. Сонымен қатар, Байқоңыр ауданынан да арзан пәтер табуға мүмкіндігіңіз бар", - дейді Жұлдыз Алиева.

"Золотой квадрат"

Риелтор астанадағы жылжымайтын мүлік саласында "Золотой квадрат" деген ұғым барын атап өтті. Мұндағы пәтерлерге сұраныс қашан да бар. 

"Бұл - қаланың ескі орталығындағы тұрғын үйлер. Яғни Республика даңғылы мен Абай, Иманов, Бараев көшелеріндегі үйлер. Осы аудандағы бір бөлмелі пәтерлердің бағасы сол жағалаудағы үйлердің бағасымен бірдей", - дейді ол.

Жыл соңына дейін пәтер бағасы қымбаттауы мүмкін бе?

Жұлдыз Алиеваның пікірінше, елордадағы жылжымайтын мүліктің бағасы қымбаттауы мүмкін. 

"2020 жылдың аяқталуына бар-жоғы бір ай қалды. Менің ойымша, пәтерлердің бағасы қымбаттады деп айтуға болады. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда пәтерлер шамамен 8-10 пайызға қымбаттады", - дейді риелтор.

Пәтердің бағасына қандай факторлар әсер етеді?

Маман Қазақстанда жылжымайтын мүліктің бағасын бақылайтын мекеме жоқ екенін айтады. Оның пікірінше, бұл жағдай бағаға әсер етеді.

"Біріншіден, елімізде үйлердің бағасын бақылайтын арнайы мекеме жоқ. Пәтер сатқысы келетін адам қалауындағы бағасын қоя салады. Оған "жақсылық жасап отырған" OLX, "Крыша" сынды агегатор-сайттар. Қазақстандағы жылжымайтын мүліктің бағасы осы сайттарға тәуелді болып отыр.

Екіншіден, қоғамда "доллар қымбаттаса, тауар қымбаттайды" деген таптаурын пікір бар. Мысалы, бір бөлмелі пәтердің бағасы 10 миллион теңге болса, ертең оның иесі доллар қымбаттағанын естісе, үйдің бағасы бірден 11 миллион теңгеге көтерілуі мүмкін. 

Менің ойымша, осы себептерге байланысты елімізде жыл сайын жылжымайтын мүлік бағасы қымбаттайды", - дейді Алиева.

Бұл мәселеге қатысты Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығының президенті Лариса Степаненко да пікір білдірді.

"Осы жылдың екінші тоқсанында сатып алу-сату келісімдерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға төмендеді. Алайда үйлердің шаршы метрінің бағасы өсті. Себебі, құрылыс материалдарының басым бөлігі Қазақстанға шетелден жеткізіледі және бұл тауарлар шетел валютасымен сатып алынады. Үшінші тоқсанның аяғында сатып алу-сату келісімдерінің саны өткен жылдың сәйкес кеңезімен салыстырғанда 5-7 пайызға өсті. Коронавинус пандемиясына қарамастан өмір жалғасып жатыр. Қазақстандықтар локдауннан соң, баспана мәселесін шешуге кірісті", - дейді ол.

Қай өңірлерде пәтер қымбаттады?

Сонымен қатар, Лариса Степаненко қай өңірлерде тұрғын үй бағасы қымбаттағанын айтты.

"Осы жылдың тамызын шілдемен салыстырғанда, тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 2,6 пайызға, ал ал өткен жылдың тамызымен салыстырғанда 1 шаршы метр 6,3 пайызға өсті. Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасы Нұр-Сұлтанда - 375 100 теңгеге, Алматыда - 358 700 теңгеге, Атырауда - 326 100 теңгеге, Шымкентте - 329 900 теңгеге, Ақтауда - 238 900 теңгеге өсті. Егер бұл бағаларды осы жылдың қаңтарымен салыстарсақ, тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасы айтарлықтай өспегенін байқаймыз: Нұр-Сұлтанда - 369 700 теңге, Алматы - 357 200 теңге, Атырау - 326 100 теңге, Шымкентте - 312 700 теңге, Ақтауда - 238 900 теңге", - дейді маман.

"Пәтер бағасы қымбаттамауы мүмкін"

Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығының президенті бұған қарамастан елімізде пәтер бағасы қымбаттамауы ықтимал деген пікірде.

"Қазақстандықтарға тұрғын үйді дәл қазір сату немесе сатып алу керек пе, әлде қолайлы уақытты күту тиімдірек пе?" деген сұраққа тоқталайын. Бұл коронавирус пандемиясымен және "Ауру өсімі қандай, елімізде ішінара шектеулер енгізіле ме немесе толық локдаун бола ма, экономикалық жағдай нашарлай ма?" деген сұрақтармен тығыз байланысты. Сондықтан бұл мәселеге қатысты болжам жасау дұрыс емес. Бұл - менің жеке пікірім. 

Енді үйлердің бағасына тоқталайын. Қазіргі таңда жылжымайтын мүлік нарығында сұранысқа қарағанда ұсыныс көп. Сондықтан біз оны қалаймыз ба, жоқ па, сатушылар "қорғанысты" қалай ұстаса да, жылжымайтын мүлік бағасы біртіндеп төмендейді", - дейді Степаненко.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети