РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
09 октября 2019 | 14:24

"Іздеп жүргенімді білсін". GGG-ге тіс қайрап отырған боксшылар

ПОДЕЛИТЬСЯ

Геннадий Головкин. © Тұрар Қазанғапов Геннадий Головкин. © Тұрар Қазанғапов

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин орта салмақта IBF және IBO белбеулерін иеленгеннен кейін жанкүйерлерді келесі қарсыласының кім болатыны қызықтырады. Әзірше түрлі болжам бар. Ал промоутер Эдди Хирн қазақстандық боксшының ықтимал қарсыластарын атады. Tengrinews.kz тілшісі GGG-дің қарсыласы болуы мүмкін боксшыларға шолу жасады.


Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин орта салмақта IBF және IBO белбеулерін иеленгеннен кейін жанкүйерлерді келесі қарсыласының кім болатыны қызықтырады. Әзірше түрлі болжам бар. Ал промоутер Эдди Хирн қазақстандық боксшының ықтимал қарсыластарын атады. Tengrinews.kz тілшісі GGG-дің қарсыласы болуы мүмкін боксшыларға шолу жасады.

Сауль Альварес


Сауль Альварес. © Reuters

Головкиннің карьерасындағы ең азулы қарсыласы, басты бәсекелесі - мексикалық Сауль Альварес. Боксшылар бұған дейін екі рет жұдырықтасқан - 2017 жылы қыркүйекте Лас-Вегаста төрешілер тең есепті тіркеген. Бірақ бұл нәтиже бокс сарапшылары мен жанкүйерлерін таңғалдырды - көбі Головкиннің айқын жеңісін көрген.

Тура бір жылдан соң боксшылар рематч өткізген. 12 раундтың қорытындысы бойынша "Канело"  жеңіске жетіп, Головкин карьерасында алғаш рет жеңілген.

Биыл екі боксшы да DAZN стриминг сервисімен келісімшартқа отырған соң, көп маман трилогияның ауылы алыс емес деген еді. Биыл қыркүйекке жоспарланды деген де ақпарат тараған. Бірақ соңғы сәтте Альварес кездесуден бас тартқан. Енді Головкин - Альварес ІІІ 2020 жылы өтуі мүмкін. Хирннің өзі "Кездесуге дайын болыңыздар, жақындап қалды" деп мәлімдеген еді.

Туған жылы: 1990 жылы, 18 шілде
Рекорды: 52-1-1, 35 КО
Чемпиондық белбеуі: WBA, WBC, IBF, The Ring
Соңғы жекпе-жегі: Дэниэл Джейкобспен, 2019 жылы 4 мамырда

Деметриус Андраде


Деметриус Андраде. © DAZN

31 жастағы америкалық Деметриус Андраде қазақстандық боксшыны біраз уақыттан бері жекпе-жекке шақырып жүр. Оның әуесқой бокста да тәжірибесі мол. 2007 жылы әлем чемпионы атанған, Бейжің Олимпиадасына қатысқан.

Ал кәсіпқой бокста да көрсеткіштері керемет. 28 рет рингке шығып, бәрін жеңіспен аяқтаған. Қазір еншісінде орта салмақта WBO белбеуі бар.

Биыл қаңтарда ресейлік Артур Акавовты жеңіп, титулын қорғап қалғаннан кейін рингте "Алдыма Головкинді әкеліңдер, оны жоқ қылып жіберемін" деген еді.

Ал шілдеде бокс әлеміне өзінің кіммен жұдырықтасқысы келетінін тағы ескі салды.

"Канеломен" жұдырықтасқым келеді. Головкинмен де жұдырықтасқым келеді. Қазір басқа жігіттермен кездеспеймін. (...) Бүкіл әлем Деметриус Андраденің Головкин мен "Канелоны" іздеп жүргенін білсін", - деген еді.

Өткен аптада Головкин Сергей Деревянченконы жеңген соң да, Андраде GGG-ді жекпе-жекке шақырған.

Туған жылы: 1988 жылы, 26 ақпан
Рекорды: 28-0-0, 17 КО
Чемпиондық белбеуі: WBO
Соңғы жекпе-жегі: Мацей Сулецкиймен, 2019 жылы 29 маусымда

Билли Джо Сондерс


Билли Джо Сондерс. © sportfile.com.ua

Британиялық боксшы Билли Джо Сондерс 2015-2018 жылдар арасында WBO титулына иелік еткен. Ол кезде Головкинде де орта салмақта бірнеше белбеу болған еді. Сондықтан, сарапшылар екі боксшының түбі бір жұдырықтасатынын болжап жүрген. Бірақ былтыр екі боксшы да титулдарынан айырылды - Головкин "Канелодан" жеңілсе, Сондерстің қанынан допинг табылған.

30 жастағы британиялық жазасын өтеп, рингке қайта оралды. Бүгінге дейін 27 жекпе-жегінің бәрінде жеңіске жеткен. Боксшы көптен бері Головкинді жекпе-жекке шақырып жүр. Биыл маусымда Қазақстанға келіп кеткен де болатын.

"Головкинмен Қазақстанда қуана жұдырықтасар едім. Ол мықты чемпион болды, қазір де ғажап боксшы. Онымен осында, Қазақстанда кездесу мүмкіндігін алғым келеді. Геннадий, сенің туған жеріңе келіп, жекпе-жекке шақырамын", - деген еді сол кезде.

Туған жылы: 1989 жылы, 30 тамыз
Рекорды: 27-0-0, 13 КО
Чемпиондық белбеуі: WBO (2015-2018)
Соңғы жекпе-жегі: Шефат Исуфимен, 2019 жылы 18 мамырда

Каллум Смит


Каллум Смит. © The Independent

GGG-мен жұдырықтасуға ниетті тағы бір британиялық боксшы - Каллум Смит. Басқаларына қарағанда басты айырмашылығы - екінші орта салмақта сынға түсетіні.

29 жастағы Каллум - төрт ағайынды, ағаларының бәрі де боксшы. Екінші орта салмақта WBA тұжырымы бойынша әлемнің супер-чемпионы, сонымен қатар, WBC Diamond және The Ring белбеулерінің иегері.

Бүгінге дейін рингке 26 рет шығып, қарсыласының бәрін жеңген. Оның 19-сын нокаутқа түсірген. BoxRec рейтингінде бірінші орында тұр.  

Былтыр Смит Бүкіләлемдік бокс суперсериясында жеңімпаз атанған соң Головкинді жекпе-жекке шақырған. Ол қазақстандық боксшыға екінші орта салмаққа көтерілуді ұсынған.

"Қаржылық тұрғыда тамаша болар еді, ал жеңіс... Ух! Ол соңғы жекпе-жегінде жеңіске жетпесе де, көбі оны жеңілмеді деп санайды. Былай дейін: ол қазір мен үшін - үлкен тұлға. Бұл тұрғыда басқа суперорта мен ауыр салмақ боксшыларына қарағанда мықтырақ", - деген болатын.

Туған жылы: 1990 жылы, 23 сәуір
Рекорды: 26-0-0, 19 КО
Чемпиондық белбеуі: 2-ора салмақта WBA супер-чемпионы, WBC Diamond, The Ring
Соңғы жекпе-жегі: Хассан Н’Дам Н’Жикаммен, 2019 жылы 1 маусымда

Сергей Деревянченко


Сергей Деревянченко. © Тұрар Қазанғапов

Промоутер Эдди Хирн мен көптеген сарапшы Головкинге Деревянченкомен реванштың керегі жоқ деп санайды. Бірақ жекпе-жектен кейін украиналық боксшы GGG-ден реванш өткізуді сұраған. Головкин де бұл ұсынысына келіскен. Сондықтан Деревянченконы тізімнен ерте сызып тастауға болмас.

Боксшылардың 5 қазанда өткен жекпе-жегінің нәтижесі бокс әлемінде қызу талқыға түскен. Бірі Головкин әділетті жеңді десе, бірі жеңісті Сергейге берген. Тағы біреулер жекпе-жекті тең есеппен аяқтаған дұрыс болар еді деп есептейді. Ал төрешілер жеңісті Головкинге беріп, қазақстандық боксшы IBF және IBO белбеулерін иеленген еді.

Ал Деревянченко өз карьерасында екінші рет жеңіліп отыр. Бұған дейін 13 рет жеңіске жеткен. Енді екі боксшы ниет білдіріп жатса, реванш көріп қалуымыз әбден мүмкін.

Туған жылы: 1985 жылы, 31 қазан
Рекорды: 13-2-0, 10 КО
Чемпиондық белбеуі: Титулы жоқ
Соңғы жекпе-жегі: Геннадий Головкинмен, 2019 жылы 5 қазанда

Риота Мурата


Риота Мурата. © ESPN.com

Былтыр Головкиннің ықтимал қарсыластары ішінде көп аталған боксшылардың бірі - жапониялық Риота Мурата.

33 жастағы жапон 2012 жылы Лондон Олимпиадасында топ жарып, кейін кәсіпқой боксқа ауысқан. Бүгінге дейін 17 жекпе-жек өткізіп, оның 15-інде жеңіске жеткен. Екі жекпе-жегінде қарсыласына жол берген. Қазір орта салмақта WBA титулы бар.

Жекпе-жектерінің басым бөлігін Токиода өткізген. Үш рет Лас-Вегаста жұдырықтасқан. Сарапшылардың пікірінше, Жапонияда Головкиннің жанкүйерлері көп. Сондықтан Күн шығыс елінде GGG-дің жекпе-жегіне билеттер тез сатылып, табысты шоу ұйымдастыруға болады.

Жапон боксшысының өзі былтыр Эмануэле Бландамураны жеңгеннен кейін келесі басты мақсаты Головкин екенін айтқан еді.

Бүгін Головкиннің промоутері Том Леффлер Жапонияда Риота Муратамен жекпе-жек өткізу үшін келіссөз басталғанын айтты.

Туған жылы: 1986 жылы, 12 қаңтар
Рекорды: 15-2-0, 12 КО
Чемпиондық белбеуі: WBA
Соңғы жекпе-жегі: Роб Брантпен, 2019 жылы 12 шілдеде

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети