Қазақстандық бокс фанаттарын ең көп күттіріп жүрген жекпе-жек - Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің үшінші кездесуі. Алғашқы екі кездесудің нәтижесі де қызу талқыланып, шу шығарған. Енді көбі Головкин карьерасындағы басты қарсыласын жеңсе деп армандайды. Бірақ пандемияға байланысты бұл кездесудің қашан өтетіні белгісіз. Tengrinews.kz тілшісі Головкин мен "Канело" трилогиясына қатысты соңғы ақпараттар мен пікірлерді жинап шықты.
Қазақстандық бокс фанаттарын ең көп күттіріп жүрген жекпе-жек - Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің үшінші кездесуі. Алғашқы екі кездесудің нәтижесі де қызу талқыланып, шу шығарған. Енді көбі Головкин карьерасындағы басты қарсыласын жеңсе деп армандайды. Бірақ пандемияға байланысты бұл кездесудің қашан өтетіні белгісіз. Tengrinews.kz тілшісі Головкин мен "Канело" трилогиясына қатысты соңғы ақпараттар мен пікірлерді жинап шықты.
"Головкин өткенге оралуы керек"
GGG "Канеломен" бір рет түсіп, бір рет жеңілген еді. Кей маманның пікірде енді қазақстандық боксшыға стилін өзгерту керек. Мұндай пікірді америкалық белгілі бапкер Роберт Гарсия айтты.
"Головкин не жасай аларын білмеймін, бірақ, ол - тәжірибелі боксшы, Олимпиада жүлдегері. Ол тек бір соққыдан нокаутқа түсіруге тырыспай, ескі тәсілге қайта оралуы керек шығар, яғни, ұпаймен жеңіп, комбинациямен ұрған дұрыс болар.
Кәсіпқойдағы карьерасында Головкин барлық қарсыласын нокаутқа түсіріп отырды. Ол стилін ауыстырды. Қазір Геннадий - нокаут шебері, ол мексикалық стильде жұдырықтасады. Қазіргі таңда ол әр жекпе-жекте нокаут жасағысы келеді. Мүмкін оған өткенге оралып, әуесқойда дағдыланғандай жұдырықтасу керек болар", - дейді Гарсия.
© HBO
"Екеуі де нокаут үшін шығады"
Бірініші орта салмақта әлемнің бұрынғы чемпионы, ал қазір DAZN платформасының сарапшысы Серхио Мора Головкин мен Альварестің үшінші жекпе-жегінде кім жеңетінін айтты. Шағын спойлер - Головкин емес.
"Біз жас, күші сарқылмаған "Канело" нокаутпен жеңеді деп пайымдаймыз. Ол рингке Головкинді тоқтату үшін шығады. Екеуі де нокаут үшін шығады. Головкин де жекпе-жекті алғашқы раундтарда аяқтайтындай мықты екенін білеміз. Олардың арасында өшпенділік пен дұшпандық өршіп тұр.
"Канело" жекпе-жектен қашуға тырысты, ал GGG оны қудалап келді. Енді аздап күту қажет. Ал осы тосқан уақыт, түңілу мен жиналған ашу-ызаны есепке алсақ, жекпе-жек нокаутпен бітеді деген ойдамын", - дейді Мора.
"Трилогия бокс өміршеңдігін көрсету үшін қажет"
Саульдің ісін жүргізетін Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының басшысы Оскар Де Ла Хойя болса, пандемиядан соң боксқа "Канело" - Головкин кездесуі қажет екенін айтады.
Фото: Allboxing.com
Промоутердің сөзінше, бокстың өміршең екенін көрсету қажет.
"Әлемді дүр сілкіндру керек. Сондықтан жекпе-жек өтуі қажет. Әлі де үлкен жекпе-жектер ұйымдастыра алатынымызды әлемге паш етуіміз міндет. Бокс бокс болып қалатынын көрсету қажет. Пандемияларға қарамастан, ол ары қарай да өмір сүретінін көрсету үшін. Бокс ықылым заманнан бар. Ары қарай да бола бермек, егер тек мықты жекпе-жектер жасап, ең мықты боксшыларды жұдырықтастырсақ. Ал "Канело" мен Головкиннің қарсылығынан үлкен ештеңе жоқ", - дейді Де Ла Хойя.
Үшінші жекпе-жек желтоқсанда өтуі мүмкін бе?
Головкин мен Альварес биыл желтоқсанда жұдырықтасуы мүмкін. Бұл туралы talkSPORT редакторы Майкл Бенсон жазды.
"Промоутер Эдди Хирннің сценариі бойынша, тамызда Головкин польшалық Камил Шереметамен жекпе-жек өткізеді, ал мексикалық Сауль "Канело" Альварес қыркүйекте британиялық Билли Джо Сондерспен жұдырықтасадыі. Егер Головкин мен "Канело" қарсыластарын жеңсе, олардың өзара трилогиясы желтоқсанда болмақ", - деп жазды Майкл Бенсон.
Редактордың бұл мәліметін Альварестің командасы да растап отыр. "Канелоның" бапкері Эдди Рейносо Box Azteca арнасына берген сұхбатында биылғы жоспарлары туралы айтқан.
© Reuters
Оның сөзінше, биыл "Канело" екі жекпе-жек өткізеді, оның бірі титулдар біріктіретін кездесу екен.
"Биыл шынымен екі кездесу өткізгіміз келеді. Мамырда жекпе-жекке шыға алмадық, бірақ, енді қыркүйек пен желтоқсанда жасауға тырысамыз. Иә, біз әлі де Билли Джо Сондерсті айтып отырмыз.
Сондай-ақ, бізде Калеб Плант пен WBC чемпионы Дэвид Бенавидес бар. Бірнеше вариант шығып тұр. Головкинмен жекпе-жек тек желтоқсанда, өйткені, оның адамдары GGG Шереметаны жеңбей, "Канеломен" жұдырықтаспайтынын айтты", - дейді Рейносо.
Жекпе-жек қайда өтуі мүмкін?
Mathroom Boxing промоутерлік компаниясының басшысы Эдди Хирн таяуда Головкин - Альварес жекпе-жегінің қайда өтетінін абайсызда айтып қойды. Оның сөзіне қарағанда кездесу бұл жолы Лас-Вегаста өтетін сыңайлы.
"Головкин - Шеремета жекпе-жегі тамызда, "Канело" мен Сондерс - қыркүйекте. Ал одан кейін не болатынын тауып көріңдер? Головкин мен "Канело" рингке желтоқсанда шығады. Жыл соңында жағдай түзеліп, қалың көреремен Лас-Вегасқа орала алады деп үміттенемін", - дейді Хирн.
Боксшылар бұған дейінгі екі кездесуін сол қалада өткізген болатын.
© Reuters
Жекпе-жек 2021 жылға шегеріле ме?
Ал таяуда бұл жекпе-жекке қатысты тағы бір ақпарат тарады. ESPN телеарнасының мәліметінше, Головкин - Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек 2021 жылға шегерілуі ықтимал.
Басында бұл кездесу биыл қыркүйекте өтеді деп жоспарланған. Бірақ бұған коронавирус пандемиясы кедергі келтірді. Кейін жекпе-жек желтоқсанға ауысатынын жоғары жазғанбыз. Ал енді кездесудің 2021 жылға шегерілгені белгілі болды.
Не дегенмен боксшылар пандемия тоқтаған кезде бірден жұдырықтаса қоймайды. Себебі "Канело" биыл Сондерспен көрерменсіз жұдырықтасуға келісімін берген. Ол уақытта Головкин польшалық Камил Шереметаға (21-0, 5 КО) қарсы IBF титулын қорғау керек. Ал екі боксшының үшінші рет қолғап түйістіруін биыл көремуіміз де мүмкін.