01 марта 2021 | 11:18

Көктемде қазақстандық қай боксшылар рингке шығады?

Жыл басынан бері қазақстандық боксшылар Қанат Ислам мен Данияр Елеусінов жекпе-жек өткізіп, жанкүйерлеріне жеңіс сыйлаған. Көктемде де қазақстандықтарды бірнеше бокс кеші күтіп тұр. Tengrinews.kz тілшісі көктемде қазақстандық қай боксшы жекпе-жек өткізетінін баяндайды.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Жыл басынан бері қазақстандық боксшылар Қанат Ислам мен Данияр Елеусінов жекпе-жек өткізіп, жанкүйерлеріне жеңіс сыйлаған. Көктемде де қазақстандықтарды бірнеше бокс кеші күтіп тұр. Tengrinews.kz тілшісі көктемде қазақстандық қай боксшы жекпе-жек өткізетінін баяндайды.

Мәдиев азулы қарсыласпен қолғап түйістіреді


© Тұрар Қазанғапов

Реклама
Реклама

4 наурызда Golden Boy промоушенінің өкілі Руслан Мәдиев карьерасындағы ең маңызды жекпе-жегінің бірін өткізеді. Қарсыласы "Зорро" лақапатымен танылған Даниэлито Зорилья болады. Кездесу Зорильяның туған жері Пуэрто-Рикода өтеді. 

Жекпе-жек 10 раундқа есептелген. Боксшылар WBO NABO белбеуін сарапқа салады.

Мәдиев 2019 жылдың шілдесінен бері алғаш рет рингке шығады, кейінгі жекпе-жегінде АҚШ-та ол филиппиндік Рики Сисмундоны жеңген болатын. 

Руслан да, "Зорро" да кәсіпқой рингте 14 жекпе-жектен өткізген. Мәдиев 13-ін жеңіп, бір мәрте жеңілген. Бес қарсыласын нокаутқа түсірген. Ал Зорилья барлық кездесуінде жеңіске жеткен, 11-ін мерзімінен бұрын тәмамдаған. 

Батыр Жүкембаев АҚШ-та дебютін өткізеді


Фото: Eye Of The Tiger Managment

10 наурызда Батыр Жүкембаев рингке шығады. Бұған дейін тек Канадада жұдырықтасқан ол бұл жолы АҚШ-та дебютін өткізбек.

Жүкембаев Анкасвиллдегі Mohegan Sun аренасында өтетін бокс кешінде өнер көрсетеді. Бірақ қарсыласы кім болатыны белгісіз. Шоуды АҚШ-та Showtime телеарнасы көрсетеді.

Қазақстандық боксшының жекпе-жек өткізбегеніне бір жылдан асты. Соңғы рет былтыр қаңтарда Монреальда мексикалық Рикардо Лараны екінші раундта нокаутқа түсірген болатын. Бүгінге дейін 18 жекпе-жегінің бәрін жеңіп, 14 кездесуді нокаутпен аяқтаған.

Жанқош Тұраров 1,5 жылдан кейін рингке оралады


Фото: Тұрар Қазанғапов

Жанқош Тұраров келесі кездесуін 12 наурызда Дубайда өткізеді. Қарсыласы 30 жастағы ұлыбританиялық Тайрон Маккенна болмақ. Бірінші жартылай орта салмақ санатындағы жекпе-жек он раундқа есептелген.

Тұраров кейінгі жекпе-жегін 2019 жылы жазда өткізіп, аргентиналық Моуро Годоиді жеңген еді. Бүгінге дейін кәсіпқой рингте 24 рет жеңіп, әлі жеңіліс дәмін татпаған. 17 қарсыласын нокаутқа түсірген.

Ал Маккенна 21 рет жеңіске жетіп, екі рет жеңілген, бір мәрте тең түскен. Еншісінде алты нокаут бар.

Әли Ахмедов жеңілісінен кейінгі алғашқы жекпе-жегін өткізеді


Фото: instagram/ali_akhmedov_officialpage

12 наурызда Әли Ахмедов те рингке оралады. Бірақ Дубайда емес, америкалық Флорида штатында жұдырықтасады.

BoxRec.com мәліметінше, Ахмедовтің нақты қай қалада кездесу өткізетіні белгісіз. Қарсыласы да анықталмаған.

Әли Ахмедовтің кейінгі жекпе-жегі сәтсіз аяқталған еді. Ол былтыр желтоқсанда екінші орта салмақта IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулын сарапқа салып, эквадорлық Карлос Гонгорадан жеңіліп қалған. Бұл оның алғашқы жеңілісі болатын. Оған дейін 16 кездесуде жеңіп, оның 12-сін нокаутпен аяқтаған.

Бауыржан Моминов Пуэрто-Рикода жұдырықтасады

Фото: instagram.com/bobirzhan_mominov

Кезінде мексикалық Сауль Альвареспен спарринг өткізіп танылған Бауыржан Моминов рингке 25 наурызда оралады. Ол Пуэрто-Рикода өтетін бокс кешіне қатысады.

Қарсыласы 26 жастағы америкалық Брайан Себальо болмақ. 

Бауыржан да, Эдуард та кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген. Қазақстандық боксшы 12 рет жеңіп, 8 қарсыласын нокаутқа түсірген. Себальо да 12 жекпе-жекте жеңіске жеткен, алты қарсыласын нокаутпен жеңген.

Арман Рысбек Мәскеуде жұдырықтасады


Фото instagram.com/armanrysbek

30 жастағы Арман Рысбек 12 сәуірде жұдырықтасады. Кездесу Мәскеуде өтеді. Қарсыласы ресейлік Магомед Магомедов болады. Жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған.

Бұл Арманның тоғызынша кездесуі болмақ. Бұған дейін жеті рет жеңіп (алтауын - нокаутпен), бір мәрте жеңілген. Ал 24 жастағы Магамедов әзірше үш жекпе-жегінің үшеуін де жеңген.

Арман Рысбек кейінгі жекпе-жегін былтыр 27 қыркүйекте Қазанда өткізіп, беларусьтік Максим Долголевецтен төрешілер шешімімен жеңілген болатын.

Айдос Ербосынұлы әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуі мүмкін


Фото instagram.com/yerbossynuly_aidos

Қазақстандық Айдос Ербосынұлы 17 сәуірде жекпе-жек өткізеді. Оның қарсыласы ресейлік Евгений Шведенко болмақ. Кездесу германиялық Карлсруэ қаласында өтеді.

Бұл жекпе-жектің жеңімпазы екінші орта салмақта IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулына міндетті үміткер болады. Бұл титул қазір ұлыбританиялық Калеб Плантта. Сондықтан, Ербосынұлының әлем чемпионы титулына таласатын мүмкіндігі бар.

Айдос та, Евгений де кәсіпқой рингте 15 жекпе-жектің бәрін жеңген. Ербосынұлының еншісінде 10, Шведенкода 6 нокаут бар.

Головкин, Ислам, Әлімханұлы

Жоғарыда аталған боксшылардың жекпе-жек өтетін күндері белгілі. Олардан бөлек, көктемде рингке шығуды жоспарлап отырғандар бар, бірақ әлі ресми хабарланбады.

Мысалы, шетелдік түрлі БАҚ пен инсайдерлер Геннадий Головкин мамырда жекпе-жек өткізеді деген ақпарат таратқан. Boxing Media мәліметінше, Головкин 22 мамырда мексикалық Хайме Мунгиямен жекпе-жек өткізуді жоспарлаған, бірақ бұл кездесу өтпейтін болды. Енді GGG Жапонияда жергілікті Риота Муратамен жұдырықтасуы мүмкін.

Boxing Media мәліметіне сүйенсек, Хайме Мунгия енді Қанат Исламмен қолғап түйістіруі ықтимал. Бұл ақпаратты шетелдік басқа инсайдерлер де мәлімдеген. Кездесу сәуірде өтуі мүмкін.

Жәнібек Әлімханұлын да көктемде рингтен көріп қалуымыз мүмкін. Ол 27 ақпанда Алматыдағы бокс кешіне қатысады деп хабарланған. Бірақ Әлімханұлы таяуда жарақат алып қалған. Артынша боксшының командасы Жәнібек көктем соңында не жаздың басында жекпе-жек өткізетінін мәлімдеді.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram