РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
29 июля 2021 | 12:46

"Кеңес заманында қалып қойдық". Бокс әлемі Олимпиададағы сәтсіздік туралы не дейді?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото ©REUTERS Фото ©REUTERS

Қазақстандық боксшылар Олимпиадада сәтсіз өнер көрсетіп жатыр. Токиоға аттанған тоғыз боксшымыздың бесеуі жарыс жолынан шығып қалды. Төртеуі әлі 1/8 финалда жұдырықтасады. Бүгінде сарапшылар мен боксшылар бұл жайттың себебін түсіндіріп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі бокс әлемі қазақстандықтардың жеңілісіне қатысты пікірлерін жинады. 


Қазақстандық боксшылар Олимпиадада сәтсіз өнер көрсетіп жатыр. Токиоға аттанған тоғыз боксшымыздың бесеуі жарыс жолынан шығып қалды. Төртеуі әлі 1/8 финалда жұдырықтасады. Бүгінде сарапшылар мен боксшылар бұл жайттың себебін түсіндіріп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі бокс әлемі қазақстандықтардың жеңілісіне қатысты пікірлерін жинады. 

Айта кетейік, қазір Олимпиаданың жарыс жолында төрт боксшымыз қалды. Бұған дейін Абылайхан Жүсіпов, Василий Левит, Серік Теміржанов, Бекзад Нұрдәулетов пен Надежда Рябец 1/8 финалда жеңілген болатын.

"Бабына келе алмады"

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев жанкүйерлер жүлде күткен Бекзад Нұрдәулетов пен Василий Левиттің жеңілісіне қатысты пікір білдірді. 

"Бекзад төрешілер есептеген соққыларды өткізіп алды. Жекпе-жек әрине ауыр болды. Бірінші раундта есе жіберді, екіншісінде жеңді, үшіншісі тең өтті. Біздің боксшы бірінші нөмірмен жұмыс істеді, бірақ, қабағы жарылды, кездесуді тоқтатып отырды, жалпы бұл айқас осылай болды... Ресейлік боксшы - Бекзадтың ең мықты қарсыластарының бірі. Мұнда әрине осалдары болмайды. Осы жекпе-жек үшін қатты алаңдадым", - деді Кенжебаев. 


Фото: Olympic.kz, © Тұрар Қазанғапов

Оның айтуынша, Левит қазір бабында емес. 

"Болғаны болды. Соққыны өткізіп алды. Иорданиядағы турнирден кейін бабына келе алмады. Физикалық та, психологиялық та қиындықтары болды, осы әсер еткен шығар", - деді ол.

"Кеңес Одағы деңгейінде тоқтап қалдық"

2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов болса, қазақстандық бокс Кеңес Одағы деңгейінде қалып қойғанын айтты. 

"Басқа елдерде боксшылардың деңгейі әлемдік үрдістермен бірге өсіп келеді. Ал біз Кеңес Одағы деңгейінде тоқтап қалдық. Мысалы, біздің спортшылар қашықта қалай жұдырықтасу керегін біледі, бірақ көбіне қарсылас жақындаған кезде не істерін білмей қалады. Мұндай жағдайда біздің боксшылар құшақтасып алады. Бұл техника емес. Соққы жасау үшін техниканы шыңдау керек, секірмеуді және тепе-теңдікті жоғалтпауды үйрену маңызды. Төзім мен жылдамдық керек", - деді Данияр Елеусінов "Жетінші арнадағы" "Студия 7" бағдарламасында.


Фото: Olympic.kz. Тұрар Қазанғапов©

"Жігіттер шаршап қалғаны көрініп тұр"

1997-2002 жылдар арасында бокстан Қазақстан құрамасын жаттықтырып, шәкірттері Сидней Олимпиадасында екі алтын мен екі күміс медаль иеленген Тұрсынғали Еділов те Токиодағы сәтсіздіктер туралы айтты. Оның сөзінше, боксшылар шаршап қалған. 

"Өкінішке қарай, жүлдеден үміт күткен спортшылар жарысты ерте аяқтап жатыр. Левиттің төмен нәтиже көрсететінін ешкім күткен жоқ. Өте тәжірибелі боксшы. Қанша жарыста сыналған, шыңдалған. Олимпиадаға барамын деп бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткізді. Бірақ жігіттер шаршап қалғаны көрініп тұр. Содан кейін тағы да Азия чемпионатын еске аламыз. Сол сары құрлық турнирі бізге керек пе еді деген сұрақ туындайды. Бапкерлік штаб осының бәрін ескеріп, Олимпиада ойындарына дайындықты басқаша өткізуі тиіс еді. Токиоға барған барлық жігіттің тәжірибесі бар. Оларға дайындық емес, үлкен жарыстың алдында демалыс керек еді", - деді Еділов Vesti.kz сайтына. 


Фото: Olympic.kz. Тұрар Қазанғапов©

Оның пікірінше, қазақстандық боксшыларға қысым көп.

"Рингке шыққан соң қарсыласыңның бір соққысына екі соққымен жауап қайтаруың керек. Боксшы деген жанып тұруы қажет. Бізде қазақ боксы кезіндегі Кеңес боксынан бастау алады. Жарысқа баратын спортшыларға дайындықты тым көп жасатады. Қысым көп болады. АҚШ-тың тәсілін қарасаңыз, оларда еркіндік бар. Сондықтан үлкен жарыстар алдындағы дайындықтың әдісін өзгерту керек", - деп кеңес берді құраманың экс-бас бапкері. 

"Ұзақ күтті, бірақ неге?"

Танымал қазақстандық промоутер Болат Манкенов "қазақ салмағы" деп аталып кеткен 69 келіде Абылайхан Жүсіповтің жеңілісіне қатысты ойын айтты. 

"Пайдалы әрекеттер коэффициенті болмады. Әдемі қозғалды, бірақ ертерек өз соққысын жасауы керек еді. Қашан да алда тұрған қолмен жұмыс істеу керек. Біздің боксшылар аяқпен жақсы жұмыс істейді. Америкалық екі-үш соққыдан жасап отырды. Көбі діттеген жеріне дәл тиді. Мұнда басқа қандай сұрақ болуы мүмкін?

Өкінішті әрине, Жүсіпов өз тактикасын көрсете алмады. Ұзақ күтті, бірақ неге? Жекпе-жек тоғыз минутқа ғана созылады. Оның шеберлігі зор. Күтіп, қашып не бір орында тұрудың не керегі бар? Әр жекпе-жек соңғысы секілді болуы керек. Өкінішті, біздің салмақ еді", - деді Манкенов. 


Фото: olympic.kz. Владислав Семёнов©

"Карантин әсер етті"

Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Назым Қызайбай боксшылар сәтсіздігіне карантин де әсер еткенін айтты. Себебі боксшылар карантин кезінде тауда жаттыққан.  

"Біз әдетте үлкен жарыстарға тауда дайындалмаймыз. Бірақ карантинге байланысты барлық спортшы сол жерде жаттықты. Менің ойымша, бұл да әсер етті", - деді ол "Студия 7" бағдарламасында. 


Фото: Olympic.kz. Тұрар Қазанғапов©

Сонымен қатар, Назым Қызайбайдың пікірінше, қарсыластар қазақстандық боксшыларға ерекше жігермен шығады. 

"Біздің боксшыларымыз мықты екенін бәрі біледі. Олармен жекпе-жекке жігерленіп шығады, қатты дайындалады, бірінші раундтан күшін салады. Ал бізде көбіне тактика мынадай: бірінші раундта күтеді, қарсыласты зерттеуге уақыт жоғалтады. Салдарынан аз соққы жасайды. Бүкіл әлем Олимпиаданы тамашалап отыр, және, әрине, ешкім жеңілгісі келмейді. Сондықтан басынан бастап барынша күш салу керек", - деді Назым Қызайбай.

"Қарсыласқа бейімделуге болмайды"

Ал Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко қарсыласқа бейімделуге болмайтынын еске салды. 

"Мұндай деңгейдегі жарысқа соңғы жекпе-жегің секілді шығу керек. Күш-жігер өте маңызды. Жекпе-жегіңді өз мәнеріңді өткізу керек. Қарсыласқа бейімделуге болмайды. Өз боксыңды көрсетсең, жеңіске жетесің. 

Левиттің көздегені Олимпиада медалі еді. Бұл туралы жазылды, айтылды. Ол неге мұндай бокс көрсеткенін түсінбеймін. Қарсыласын дұрыс бағаламаған секілді", - деді Демьяненко Vesti.kz сайтына берген сұхбатында.

"Басты сенсация"

Delcotimes.com сайтының бас редакторы Джек МакКаферри болса, қазақстандықтардың Олимпиадамен қош айтысуын сенсацияға балады. 

"Токиодағы Олимпиада ойындары көптеген күтпеген нәтиже сыйлады. Олимпиаданың күміс жүлдегері Василий Левиттің кубалық эмигранттан жеңілуі, әлем чемпионы мен бірқатар қазақстандық боксшының жарыстан шығуы - басты сенсация.

Оның себебін білмеймін. Бапкерлік штаб шәкірттерін дұрыс дайындамаған болар немесе қате стратегия таңдаған шығар. Боксшылар толқыған да болар. Бұл барлық сарапшыны таңғалдырған нәтижелер болды", - деді МакКаферри.


Фото: Olympic.kz. Тұрар Қазанғапов©

Еске салайық, бүгін 14:15-те (Нұр-Сұлтан уақытымен) 75 келіге дейінгі салмақта Әбілхан Аманқұл өзбекстандық боксшы Фанат Кахрамоновпен кездеседі. Ал 15.51-де бокстан құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев 91 келіден жоғары салмақта мысырлық Есри Мостафа Резкпен жұдырықтасады. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети