РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
04 декабря 2020 | 17:37

Қазақстандықтарды жыл соңына дейін қандай жекпе-жектер күтіп тұр?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ертең қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов кезекті рет рингке шығады. Тәуелсіздік күніндегі демалыста тағы бірқатар боксшы жекпе-жек өткізеді. Оның ішінде әлем чемпионы Геннадий Головкиннің де кездесуі бар. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық боксшылардың жыл соңына дейінгі жекпе-жектері туралы баяндайды.


Ертең қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов кезекті рет рингке шығады. Тәуелсіздік күніндегі демалыста тағы бірқатар боксшы жекпе-жек өткізеді. Оның ішінде әлем чемпионы Геннадий Головкиннің де кездесуі бар. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық боксшылардың жыл соңына дейінгі жекпе-жектері туралы баяндайды.

Нұрсұлтанов алғаш рет Ресей рингіне шығады

Ертең, 5 желтоқсанда, Мейірім Нұрсұлтанов кезекті жекпе-жегін өткізеді. Көбіне АҚШ-та жұдырықтасатын отандасымыз бұл жолы ресейлік Екатеринбургте қолғап түйістіреді. Қарсыласы - ресейлік Илья Баландин. Бокс кешін RCC Boxing Promotions ұйымдастырады. Орта салмақтағы жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған.

Мейірім Нұрсұлтановтың рингке шықпағанына бір жылдан асты. Соңғы рет былтыр қарашада Лас-Вегаста мексикалық Кристиан Оливасты төрешілер шешімімен жеңген. Сол кездесуде ол орта салмақта WBC тұжырымы бойынша АҚШ чемпионы титулын иеленген болатын.


Фото: RCC Boxing Promotions

26 жастағы боксшы 13 жекпе-жегінің бәрін жеңген, оның сегізін - мерзімінен бұрын.

Ал 28 жастағы Илья Баландиннің рекорды керемет емес. 2017 жылы дебютін өткізген ол бүгінге дейін сегіз жекпе-жек өткізген. Оның төртеуінде жеңіске жетіп, үшеуінде жеңілген, тағы бір кездесу тең есеппен аяқталған. Боксшы кездесуінің бәрін тек Екатеринбургте өткізген, қарсыластары да азулы болмаған. Соңғы рет биыл қаңтарда ресейлік Мурад Рамазановтан жеңіліп қалған.

Тәуелсіздік күні бес боксшымыз жекпе-жекке шығады

16 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда "Көшпенділер шайқасы" атты турнир өтеді. Оған еліміздің бірқатар боксшысы қатысады. Турнирді Suleimen Promotions промоутерлік компаниясы ұйымдастырады.

Бокс кешінің басты жекпе-жегінде екінші орта салмақта WBC Asia, WBO Global және WBA International белбеулерінің иегері Айдос Ербосынұлы ганалық Исса Самирмен жұдырықтасып, титулдарын қорғайды.

Екі боксшы да кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген. Ербосынұлы 14 кездесуінің бәрін жеңіп, тоғызын нокаутпен тәмамдаған. Ал Самир рингке 19 рет шығып, бәрінде қарсыласынан басым түскен. 16 қарсыласын нокаутқа түсірген.


Фото: profiboxing.kz© 

Бұл кеште кәсіпқой карьерасын жақында бастаған тағы төрт боксшымыз жұдырықтасады. Бәрінің қарсыласы тәжірибелі боксшылар болмақ:

Бек Нұрмағанбет (2-0, 1 КО) - Эммануэль Дансо (Гана, 32-5, 26 КО);

Евгений Павлов (2-0, 2 КО) - Али Лорель (Филиппин, 18-4-1, 11 КО);

Бекзад Нұрдәулетов (1-0, 1 КО) - Кабиру Товолави (Нигерия, 13-2, 10 КО);

Данила Семенов (1-0, 1 КО) - Абрахам Табул (Гана, 17-4-1, 13 КО).

Нұр-Сұлтандағы бокс кеші көрерменсіз өтеді.

Әшкеев америкалық проспектпен қолғап түйістіреді

Ал 17 желтоқсанда рингке Мадияр Әшкеев шығады. Ол Лос-Анджелесте танымал бапкер Фредди Роучтің Wild Card Boxing Gym залында америкалық Чарльз Конуэллмен кездеседі. Он раундтық жекпе-жекті NBC телеарнасы көрсетеді.

32 жастағы Әшкеев те, 23 жастағы Конуэлл де кәсіпқой бокста жеңіліс дәмін татпаған. Мадияр 14 кездесуінің бәрін жеңген, оның тең жартысын нокаутпен тәмамдаған. Ал Чарльз 13 жекпе-жекте жеңіске жетіп, оның 10-ын мерзімінен бұрын аяқтаған.

Бұл боксшылар биыл 10 сәуірде жұдырықтасуы керек болған, бірақ пандемияға байланысты жекпе-жек шегерілген еді.

Мадияр Әшкеев кейінгі жекпе-жегінде былтыр қарашада АҚШ-та аргентиналық Родольфо Мартинесті нокаутпен жеңіп, USNBC титулын иеленген. Ал Чарльз Конуэлл биыл қазанда Анкасвиллде отандасы Венди Туссанды нокаутқа түсірген.

Америкалық боксшының карьерасында бір қайғылы жекпе-жек бар. Былтыр 7 қазанда Конуэлл отандасы Патрик Дэймен жұдырықтасып, төртінші және сегізінші раундта қарсыласын нокдаунға түсірген. Ал оныншы раундта төреші жекпе-жекті тоқтатып, бірнеше ауыр соққы тиген Патрик Дэйге дәрігер шақырған болатын. Дэй көп ұзамай, ауруханада қайтыс болған.

Америкалық боксшы бірінші орта салмақтағы проспект саналады. Boxrec рейтингінде 23-орында тұр, ал Әшкеев 59-сатыда келеді.

Головкин араға бір жыл салып, рингке оралады

Ал 18 желтоқсанда орта салмақта IBF, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин рингке оралады. Қарсыласы поляк Камил Шеремета болады. Бұл кездесу туралы былтыр хабарланған, бірақ пандемияға байланысты бірнеше рет шегерілді.

Головкин кейінгі жекпе-жегін өткізгеніне бір жылдан асты. Былтыр қазанда Нью-Йоркте украиналық Сергей Деревянченконы төрешілер шешімімен жеңіп, IBF, IBO титулдарын иеленген еді.


DAZN©

Камил Шеремета да соңғы рет сол бокс кешінде жұдырықтасқан болатын. Сол кезде ол мексикалық Оскар Кортесті техникалық нокаутпен жеңген. Поляк боксшысының кім екенін бұған дейін жазғанбыз.

Головкин бүгінге дейін кәсіпқой рингке 42 жекпе-жек өткізіп, 40-ын жеңіспен (35-ін - нокаутпен) аяқтаған. Бір рет жеңіліп, бір мәрте тең түскен. Ал Камил Шереметаның еншісінде 21 жеңіс бар, бес қарсыласын нокаутқа түсірген.

Головкин - Шеремета: GGG неден сақтануы керек?

Сонымен қатар, бұл бокс кешінде қазақстандық Али Ахмедов те рингке шығады. Екінші орта салмақта WBC International Silver титулының иегері эквадорлық Карлос Гонгорамен жұдырықтасады. Кездесу 12 раундқа жоспарланған.

Бұл екі боксшы да жеңіліс дәмін татпаған. Ахмедов 16 қарсыласының бәрін жеңіп, 12-сін нокаутқа түсірген. Ал Гонгора 18 рет рингке шығып, 13-інде мерзімінен бұрын жеңген.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети