РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
28 июня 2021 | 15:12

Жәнібек бокс тілімен айтқанда "мешоктармен" жұдырықтаспайды - боксшының өкілі

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Жәнібек Әлімханұлы. Фото: instagram.com/janibek_qazaqstyle Жәнібек Әлімханұлы. Фото: instagram.com/janibek_qazaqstyle

АҚШ-тың бұрынғы әлем чемпионы Роб Брантты мерзімінен бұрын жеңген қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан боксшының алдағы жоспарын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


АҚШ-тың бұрынғы әлем чемпионы Роб Брантты мерзімінен бұрын жеңген қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан боксшының алдағы жоспарын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Берік Сұлтанның айтуынша, Жәнібек Әлімханұлы деген есім, Qazaq style деген сөз тек қазақ қоғамында емес, жалпы Америкада қызу талқыланып жатыр. Ал, жалпы Әлімханұлы биыл екі жекпе-жек өткізеді деп жоспарланған.

"Жәнібектің мықтылығын көпшілік бұған дейін де мойындайтын, алайда бұл жекпе-жек оны дәлелдей түсті. Сонымен қатар, бұл жекпе-жек Жәнібекті элиталы, жоғары деңгейлі боксшылар қатарына кіргізген жекпе-жек болды. Сол үшін де Жәнібектің жоспарлары дәл қазір америкалық спортшыларға, сарапшыларға, жанкүйерлерге өте қызық. Баспасөз беттері Жәнібек орта салмақтағы "қауіпті" боксшы болады деп, жоғары баға беріп жатыр. Жекпе-жекті сәтті өткізіп, бүгін Лос-Анджелеске ұшып келдік, 10 күн демалып, Жәнібек жаттығуға кіріседі. Келесі жекпе-жектің нақты уақыты белгісіз, алайда онкүндік демалыстан кейін келіссөздер басталады. Жоспар бойынша, биыл екі жекпе-жек өткізсек деген едік", - деді Берік Сұлтан.

Боксшының өкілінің айтуынша, Жәнібек Әлімханұлы үш чемпионмен жекпе-жекті асыға күтіп жүр.

"Жәнібек бокс тілімен айтқанда "мешоктармен" жұдырықтаспайды, бұрынғы жекпе-жектерінде де әлсіз қарсылас болған жоқ, бұл біздің команданың ұстанымы - әлсіз қарсыласқа жоламау. Себебі, мықты болу үшін мықтымен жұдырықтасу керек, сонда ғана келесі мықтыға жол ашылады. Жәнібек 72 келіде Чарломен, Деметриус Андрадемен және Муратамен жекпе-жек өткізуді асыға күтіп жүр. Осы үш чемпионға жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс жасап жатырмыз. Әзірше олардың тарапынан жауап жоқ, бірақ мүмкіндігінше солармен ертерек кездесу өткізу негізгі мақсатымыз. Тіпті, биыл болса да дайынбыз", - деді Сұлтан.

Айта кетейік, Чарло Джермалл - орта және бірінші орта салмақта жұдырықтасатын америкалық кәсіпқой боксшы. WBC тұжырымы бойынша әлемнің қазіргі чемпионы (2019 жылдан бастап). Деметриус Андраде - америкалық жеңіліс көрмеген кәсіпқой боксшы WBO тұжырымымен қазіргі әлем чемпионы (2018 жылдан бері). Ал, Рёта Мурата - жапон кәсіпқой боксшысы, WBA тұжырымы бойынша әлемнің қазіргі суперчемпионы.

Берік Сұлтанның айтуына қарағанда, қазақстандық боксшы Лас-Вегасқа жекпе-жекке барғанында бокс мамандары мен журналистер Роб Брант мықты, чемпион болған, Жәнібектің кәсіпқой бокстағы тәжірибесі жетер ме екен, дайынсыңдар ма деп күдіктенген. Алайда, Жәнібек "жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаймыз" деп сұхбат берген кезде бәрі таңғалыпты. Ал жекпе-жектен кейін сол басылымдардың бәрі өзгеше пікір жазып, мақала жариялапты.

"Роб Брант Qazaq style-ге қиындық тудыратын боксшы болмады. Кеше промоутеріміз Боб Арум "осы жекпе-жектің жеңімпазы WBO тұжырымы бойынша міндетті қарсылас атануға жұдырықтасады енді" деді. Қазір WBO рейтингінде бірінші орында Мунгия (Хайме Мунгия - мексикалық кәсіпқой боксшы - Авт.) тұр, ол өте мықты, азулы қарсылас. Мүмкін осы жекпе-жектің жеңімпазы мен Мунгияның кездесуін ақылдасамыз делінді. Демек, Арумның сөзіне қарағанда, сол Мунгия мен Жәнібек WBO чемпионымен жұдырықтасуға міндетті қарсылас атану үшін жекпе-жек өткізеді, қай жеңгені WBO чемпионы Деметриус Андрадемен кездеседі", - деді ол.

Сұлтанның айтуынша, Мунгия мен Жәнібектің жекпе-жегін ұйымдастыру - промоутердің жоспары. Ал, боксшы чемпиондық үшін жекпе-жекті биыл өткізуге ниетті.

"Біз бұдан да жақсы, бұдан да жылдамырақ жолдарын қарастырамыз. Себебі, келіссөздер бар, егер ол жақ тарап келіспейтін болса біз чемпиондық титул үшін тезірек жекпе-жек өткізу жолдарын іздейміз. Чемпиондық үшін жекпе-жекті биыл өткізуге тырысамыз, дайынбыз, біздің қолда болса бұл жекпе-жекті кеше өткізіп, чемпион атанып қояр едік", - деді Әлімханұлының өкілі.

Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы өткен демалыста Лас-Вегастағы бокс кеші аясында бұрынғы әлем чемпионы америкалық Роб Брантты жеңген болатын. Алтыншы раундта ол қарсыласын нокдаунға түсіріп, сегізінші раундта Бранттың бұрышындағылар жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Осылайша, Әлімханұлы орта салмақтағы үздік 10 боксшының қатарына енді.

Жекпе-жектен кейін сұхбат берген Жәнібек Әлімханұлы қазақ стилі қандай екенін әлемге көрсеткенін мәлімдеген болатын.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети