01 ноября 2021 | 16:36

"Хасанбой жеңілген жоқ". Қазақ боксшылары ӘЧ-де әділ жеңді ме?

Фото: ©instagram.com/boxingkazakhstan

Қазақстандық боксшылар Сербиядағы әлем чемпионатында жақсы өнер көрсетіп жатыр. Әсерлі жеңістер мен техникалық нокауттар көрдік. Бірақ жанжал да жоқ емес. Бүгінде екі боксшымызға әділетсіз жеңді деген айып тағылды. Tenrinews.kz тілшісі сараптап көрді. 

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстандық боксшылар Сербиядағы әлем чемпионатында жақсы өнер көрсетіп жатыр. Әсерлі жеңістер мен техникалық нокауттар көрдік. Бірақ жанжал да жоқ емес. Бүгінде екі боксшымызға әділетсіз жеңді деген айып тағылды. Tenrinews.kz тілшісі сараптап көрді. 

"Төрешілер жеңісті ұрлады"

Әлем чемпионатында 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Теміртас Жүсіповтің 1/8 финалдағы жекпе-жегі жанжалға ұласты. Ол ширек финалға берілер жолдаманы жергілікті Омер Аметовичпен сарапқа салған. Жүсіпов қарсыласын төрешілер шешімімен жеңген болатын. 

Реклама
Реклама

Төрешілердің бұл шешімін Сербия бокс одағы "масқара" деп атап, төрешілерді "жеңісті ұрлады" деп айыптады. 

"Төрешілердің тікелей шешімі біздің боксшымызға қарсы болды. Серб боксшыларының бірінші, үшінші және төртінші жекпе-жектерінде осындай жағдай болды. Біздің боксшылар алғашқы раундтарды таза жеңсе де, төрешілер бәрінің көз алдында қарсыластарына берді", - деді одақ президенті Слободан Джурич.

Кездесуді қарайық. Бірінші раундта Аметович шаршы алаңның ортасын иеленіп, көбірек соққы жасауға тырысты. Бірақ оның көбі "ауаға кетті". Нәтижесінде бес төрешінің төртеуі алғашқы раундта жеңісті Жүсіповке берген.

Екінші раундта боксшылар жиі соққы алмасып, өте жақын жекпе-жек өтті. Үш төреші жеңісті Теміртасқа, екеуі Омерге берген. Ал шешуші раундта екі боксшы да шаршаңқырады. Рингтегі қазы кездесуді жиі тоқтатты, серб боксшысына желкеден ұрма, басыңды көтер деп жиі ескертті. Боксшылар да клинчке жиі барды. Бірақ қазақстандықтың соққылары көбірек дөп тиген секілді. Нәтижесінде төрт төреші тағы да жеңісті Теміртасқа берді. Қорытынды есеп - 4:1.

Теміртас Жүсіпов - Омер Аметович жекпе-жегі. ©AIBA

Сербиялық спорт сайттарын бір ақтарып шықтық. Бұл елде бокс танымал спорт түрі емес екен, әлем чемпионатынан аз ақпарат шығарған. Ешқайсында Слободан Джуричтің мәлімдемесінен басқа Омер Аметовичті "тонау" туралы ештеңе жазылмаған.

Сербия бокс одағының бұлай шу шығаруына басқа да жекпе-жектер себеп болып отыр. Аметовичтің жеңілісінен бөлек сербиялық Павел Федоров пен Альмир Мемич те қарсыласына жол берген. Әсіресе, сербиялықтар Мемичтің жеңілісін "ең үлкен тонау" деп бағалаған.

"Хасанбой жеңілген жоқ"

Мұның алдында да қазақстандық боксшының жеңісіне қатысты дау шыққан. Дәлірек айтқанда, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов 1/16 финалда Рио Олимпиадасының чемпионы өзбекстандық Хасанбой Дусматовты жеңген.

Бұл кездесуден соң да өзбекстандық тарап жекпе-жек әділ өтпегенін айтты. Мұны Өзбекстан құрамасының бапкері Фаррух Киличев бастады. 

"Меніңше, Хасанбой таза жеңді. Ол бірінші және екінші раундта үстем болды. Басқаша болуы мүмкін емес", - деді Киличев.

Оны кейін өзбекстандық боксшылар жақтай кетті. Рио Олимпиадасының чемпионы Фазлиддин Гаибназаров былай деді: "Жекпе-жекті толық көрдім. Меніңше, Хасанбой жеңілген жоқ. Бұл бірнеше төрешінің қателігі болды. Дусматов - тәжірибелі, Олимпиада чемпионы, төрешілер бұл жекпе-жекке кәсіби деңгейде қарауы керек еді".

Сәкен Бибосынов - Хасанбой Дусматов жекпе-жегі. ©AIBA

2017 жылғы Азия чемпионы Икболжон Холдаров та төрешілер шешімімен келіспеді: "Әділетсіздік болғаны анық. Тағы не айтайын? Хасанбой үш раундта та басым болды".

Кәсіпқой боксшы Хуршид Таджибаев та Хасанбой жеңгенін айтты. Исраил Мадримов те сондай пікірде.

"Хасанбой өте жақсы жұдырықтасты. Шынымды айтсам, кәсіпқой боксшы әуесқойда осынша жоғары деңгей көрсетеді деп ойламаған едім. Хасанбой екінші және үшінші раундта басым болды. Бірақ төрешілер шешімі басқаша. Меніңше, Дусматов жеңді", - деді Мадримов. 

Бес төреші де бұл жекпе-жекте жеңісті Бибосыновқа берді. Сәкен бұл кездесуде қарсыласынан қолы ұзын екенін жақсы пайдаланып, қашықтық сақтап жүрді. Оның үстіне, Хасанбой - кәсіпқой боксшы, олар сериялық соққыларға қарағанда, нақты жойқын бір соққымен нокаутқа түсіруді жөн көреді. Дусматов та көбіне бір жойқын соққы жасауға тырысқандай болды. Ал Сәкен қарымта шабуылда бірнеше соққы тастап үлгереді. Мұны төрешілер жақсы ұпаймен бағалайтыны анық.

Ал әзірше Сәкен Бибосынов та, Теміртас Жүсіпов те жарыстағы жолын жалғастырып жатыр. Қазір әлем чемпионатында он боксшымыз қалды. Үшеуі жарыс жолын аяқтады. 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram