РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
03 ноября 2021 | 14:05

Бокстан ӘЧ: Қазақстан қанша алтын медаль алады?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ертең бокстан әлем чемпионатының жартылай финалы өтеді. Ел намысын бес боксшы қорғап жатыр. Қоржында кем дегенде қола медаль бар. Tengrinews.kz тілшісі кімдерден алтын медаль күтуге болатынын сараптап көрді. 


Ертең бокстан әлем чемпионатының жартылай финалы өтеді. Ел намысын бес боксшы қорғап жатыр. Қоржында кем дегенде қола медаль бар. Tengrinews.kz тілшісі кімдерден алтын медаль күтуге болатынын сараптап көрді. 

Теміртас Жүсіпов

48 келіге дейінгі салмақта Жүсіпов беларусьтік Евгений Кармильчукпен жұдырықтасады. Кармильчук Беларусь боксына кейінгі алты жылда алғаш рет әлем чемпионатынан жүлде сыйлап отыр. Биылғы додада Кармильчуктің бабы мықты. 

Алғашқы кездесуде қарсыласын нокдаунға, кейін нокаутқа түсірді. Бұған бар-жоғары 45 секунд қажет болды. 

Ал кеше ширек финалда Кармильчук моңғол боксшысы Ганхяг Ган-Ерденені де мерзімінен бұрын жеңді. 

Кармильчуктің бұған дейінгі үлкен жетістігі 2017 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдесі еді. Ал биыл жастар арасындағы Еуропа чемпионатының күміс медалін иеленген. 

Фото:instagram.com/boxingkazakhstan

Сондықтан бұл жекпе-жекте тәжірибе мен жастық текетіреседі. 33 жастағы Теміртас 23 жастағы Евгенийді тәжірибенің арқасында жеңуі мүмкін.

Жүсіпов бұл кездесуде басым түссе, кейін финалда Сахил Алахвердови (Грузия) - Вуттичай Юрачай (Таиланд) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Таиландтық боксшының да қарқыны жаман емес. Бірақ Жүсіповтің бұл төрттікте "алтын" алатын мүмкіндігі бар. 

Махмуд Сабырхан

54 келіге дейінгі салмақта Махмуд Сабырхан рингтегі өнерімен барша қазақстандықты таңғалдырды. Ресей сарапшылары оны "қазақ Ломаченкосы" деп атап кеткен. Әзірше қарсыласының бәрін сенімді жеңіп жатыр.

©AIBA

Жартылай финалда Сабырхан үндістандық Акаш Кумармен жұдырықтасады. Бұл - Кумардың карьерасындағы алғашқы әлем чемпионаты. News9live.com мәліметінше, Кумар әлем чемпионаты алдында анасына жүлдемен оралуға уәде берген. Сол уәдесінде тұрды. Үндістан тарихында әлем чемпионатында орын алған жетінші боксшы атанды. Бірақ анасы сол жеңісін көре алмай, қыркүйекте өмірден озған екен. 

Акаш аяқпен дұрыс жұмыс істеп, көбіне қарымта шабуылға иек артады. Ширек финалда Рио Олимпиадасының жүлдегері венесуэлалық Йоэль Финоль Ривасты жолдан тайдырған. 

Кумардың Махмудқа қарсы жекпе-жекте жігері мол болары анық. Үндістан өз тарихында әлем чемпионы болып көрмеген, бір мәрте ғана күміс медаль еншілеген. Сондықтан ертең оны миллиардтаған адам қолдайды. 

Бұл салмақта басты фаворит 23 жастағы француз Билал Беннама саналады. Ол кейінгі әлем чемпионатында күміс медаль алған, ал биыл сол жүлдесін жақсартпақ. Ол үшін Беннама жартылай финалда жапон Томоя Цобойды жеңуі керек. 

Финалда Махмуд Сабырхан мен Билал Беннама жекпе-жегін көруіміз әбден мүмкін. 

Абылайхан Жүсіпов

67 келіге дейінгі салмақта алтын жүлдеге басты фавориттердің бірі - Абылайхан Жүсіпов. Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін Абылайхан әлем чемпионатының "алтынымен" есе қайтармақ. 

Фото: Данияр Майлыбаев©

Жартылай финалдағы жекпе-жектерде ең ауыр қарсылас Абылайханға түсті. Ол жапон Севонрет Оказавамен жұдырықтасады. Оказава Токио Олимпиадасында 1/8 финалға жеткен. Азия чемпионатының күміс жүлдегері. 

Бірақ Абылайхан оны жеңуге қауқарлы. Финалға шықса, Лаша Гурули (Грузия) - Омар Ламон Джонс (АҚШ) жекпе-жегінің қай жеңгенімен кездеседі. 

Абылайханнан бұл чемпионатта алтын медаль күтеміз. 

Сәкен Бибосынов 

Сәкен Бибосынов жартылай финалда таиландтық Танарат Саенгфетпен қолғап түйістіреді. Сәкен бұл кездесуде жеңіп, финалға шығатын мүмкіндігі зор. 

Ал екінші жұпта америкалық Роско Хилл мен ресейлік Ахтем Закиров жұдырықтасады. 

Бұл төрттік ішінде ең жүлделісі Бибосынов болып отыр. Танарат та, Ахтем де, Роско да Сәкен секілді әлем чемпионаты не Олимпиадасының жүлдегері болып көрмеген. 

Фото: Reuters

Сәкен әлем чемпионатында басты қарсыласы өзбекстандық Хасанбой Дусматовты жеңген. Енді доданы алтын медальмен аяқтауға мүмкіндігі бар. 

Серік Теміржанов

Серік Теміржанов 1/2 финалда Куба өкілі Освей Кабаллеро Гарсиямен кездеседі. Освей әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отыр. Бұған дейін оның салмағында Куба намысын Олимпиада жүлдегерлері қорғап келген. Ал Кабалерро биылғы додада қарсыласының бәрін 5:0 есебімен жеңіп келе жатыр. 

Сондықтан, Теміржановқа бұл кездесуде өте қиын болмақ. Кубалық боксшылардың деңгейін білеміз. 

©ҚБФ

Ал екінші жұпта француз Самуэль Кистохарри мен америкалық Джамал Харви жұдырықтасады. Кистохарри де биылғы әлем чемпионатын жақсы өткізіп жатыр, Токио Олимпиадасына да қатысып, тәжірибе жинаған. Ал 18 жастағы Джамал Харви әлем чемпионы өзбекстандық Миразизбек Мирзахалиловты жеңгені есімізде. 

Қанша "алтын" күтеміз?

Әрине, бес боксшымыздан да финалға жолдама, кейін алтын медаль күтеріміз анық. Ал егер қарсыластарына қарасақ, үш боксшымыз финалға жолдама алса жақсы көрсеткіш деп балауға болады. 

Ал финалға шыққандардың кем дегенде екеуінен алтын жүлде күтеміз. Оның үстіне, ширек финалдағы төрешілер шешімін де ұмытпау керек. Мысалы, Санатәлі Төлтаев ширек финалда жеңгендей көрінгенімен шотландиялыққа жол берген еді. Қазақстандық делегация бұл шешімді аппеляцияға берген, бірақ нәтижесі әлі шыққан жоқ. 

Еске салайық, Белградтағы әлем чемпионатының жартылай финалы ертең, 4 қарашада өтеді. Ал финал 5-6 қарашаға жоспарланған. 

"Хасанбой жеңілген жоқ". Қазақ боксшылары ӘЧ-де әділ жеңді ме?

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети