05 января 2021 | 17:20

36 жеңіс, 29 нокаут. Головкиннің жаңа қарсыласы туралы не белгілі?

Орта салмақта IBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы белгілі болды. Промоутерлердің айтуынша, Головкин енді мексикалық Хайме Мунгиямен жұдырықтасады. Кездесу 5 мамырға жоспарланған. Tengrinews.kz тілшісі Головкиннің келесі қарсыласы туралы мәліметтер жинады.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Орта салмақта IBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы белгілі болды. Промоутерлердің айтуынша, Головкин енді мексикалық Хайме Мунгиямен жұдырықтасады. Кездесу 5 мамырға жоспарланған. Tengrinews.kz тілшісі Головкиннің келесі қарсыласы туралы мәліметтер жинады.

Хайме Мунгия кім?

Реклама
Реклама

Хайме Мунгия 1996 жылы 6 қазанда Мексиканың Тихуана қаласында дүниеге келген. Ол Головкиннің ең жас қарсыласы болмақ. Мунгия қазір 24-те.

Мунгия отбасындағы алғашқы боксшы емес. Әкесі үлкен Хайме Мунгия кезінде ауыр салмақта өнер көрсеткен.

"Менің әкем әрдайым еңбекқор. Ол жаттықтырушы болды. Бізде көп нәрсе болған жоқ, бірақ қажетті заттың бәрі болды", - дейді Мунгия.


Фото: GBP©

Мексикалық боксшы сұхбаттарының бірінде отбасы туралы айтқан. Оның айтуынша, әкесі бокстан бөлек, сатушы болып жұмыс істеген. Ал анасының азық-түлік дүкені болған.

Әкесінің ізін қуған кіші Хайме басында әуесқой деңгейде жұдырықтасқан. Мексика чемпионы атанған. Әуесқой рингте 138 жекпе-жек өткізіп, оның 128-інде жеңіске жеткен.

2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысқысы келген, бірақ 18-ге толмауына байланысты байрақты додадан тыс қалған. Сөйтіп, жас боксшы кәсіпқой рингке ауысады.


Фото: instagram.com/jaimemunguiaoficial

Мунгия кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2013 жылы 13 шілдеде 18 жасында өткізген. Бүгінге дейін 36 кездесуге шығып, бәрін жеңіспен аяқтаған. Оның 29-ын - нокаутпен.

Бокстағы шаруасымен Golden Boy Promotions айналысады. Ал әкесі бапкерлік қызмет атқарады.

Карьерасындағы басты жекпе-жегін былтыр өткізген

Мунгия кәсіпқой карьерасындағы алғашқы 25 жекпе-жегін Мексикада өткізген. Қарсыластары да мексикалық боксшылар болған.

2017 жылы желтоқсанда АҚШ-та дебютін өткізіп, отандасы кіші Пол Валенсуэланы техникалық нокаутпен жеңген. Ал 2018 жылы мамырда Нью-Йоркте америкалық Садам Алиді жеңіп, бірінші орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулын иеленген. Кейін бұл титулын бес рет қорғап қалған.


Фото: allboxing.ru©

2019 жылы желтоқсанда Хайме орта салмаққа көтеріліп, титулынан бас тартқан. Жаңа дивизиондағы алғашқы қарсыласы ирландиялық Гэри О'Салливан болды. Бұл боксшы Бораттың киімін киіп, Головкинді жекпе-жекке шақыруымен танылған. Хайме оны 11-раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Кейінгі жекпе-жегін 2020 жылы 30 қазанда өткізген. Бұл кездесуде танымал багамалық Туреано Джонсонмен жұдырықтасып, алтыншы раундта қарсыласын нокаутқа түсірді. Осы жеңісінен кейін ол орта салмақта WBO Inter-Сontinental титулын иеленді.

Головкин мен Мунгия екі жыл бұрын кездесуі мүмкін еді

Головкин мен Мунгия 2018 жылы жұдырықтасуы мүмкін еді. Сол жылы Головкин мамырдағы кездесуіне қарсылас іздеп жатқан. Себебі мексикалық Сауль Альварестің қанынан тыйым салынған препарат табылып, кездесу өтпей қалған еді.

Бірақ Головкин - Мунгия кездесуі де өткен жоқ. Себебі Невада штатының атлетикалық комиссиясы бұл жекпе-жекке рұқсат бермеген. Мексикалық боксшының тәжірибесі аз деп санаған болатын.


Фото: boxingscene.com

Головкин оның орнына америкалық Ванес Мартиросянмен жұдырықтасып, екінші раундта нокаутпен жеңген еді.

Биыл Мунгия басқа бір қазақстандықпен жұдырықтасады деген ақпарат шыққан. Дәлірек айтқанда, RingPolska Хайме Қанат Исламмен кездеседі деп хабарлаған. Бірақ бұл кездесу туралы ресми хабарланбады, оған пандемия әсерін тигізуі де мүмкін.

"Головкиннің шеберлігі бәрін шешеді"

Головкин мен Мунгия жұдырықтасады деген ақпарат шыққан соң әлемдік БАҚ өкілдері бұл жекпе-жекке қатысты болжамын жазып жатыр. Бәрі дерлік Головкин жеңетініне сенімді.

"Мунгия шабуылда шебер болғанымен, оның қорғанысы әлсіз: ол өте көп соққы жіберіп алады. Головкин жасы ұлғайып, бұрынғыдай боксшы болмаса да, Мунгияны жеңеді", - деп жазады Bombs Boxing сарапшысы.

PBS NewsHour журналисі Харри Зан да осындай пікірде.

"Бұл өте қызық жекпе-жек, ​​бірақ Головкиннің басымдығы бар. Мунгия - бұл күш пен төзім торнадосы, бірақ қорғанысы нашар. Головкиннің бокстағы шеберлігі мен Мунгияның бетіне тиетін джебі бәрін шешеді", - деді Зан.


Фото: instagram.com/jaimemunguiaoficial

DAZN стриминг сервисінің сарапшысы Крис Мэнникстің пікірінше, Головкин Мунгия арқылы "Канеломен" кездесе алады.

"Егер Головкин Мунгияны жеңсе, мұны әсерлі түрде жасайтын шығар, бұл 2021 жылдың қыркүйегінде "Канеломен" үшінші жекпе-жек өткізу мүмкіндігін арттырады. Бірақ егер ол Мунгияны жеңбесе, бұл мәселе қиындайды. Golden Boy Мунгия Головкинмен жұдырықтасуға дайын деп сенеді. Мен бұған сенбеймін. Менің ойымша, GGG Мунгияға дұрыс қарсылас емес. Ол әлі де ауыр соққы жасайды, ал Мунгия кейде сақ болмайды. Мен сәуір-мамырда Головкин - Мунгия және "Канело" - Сондерс жекпе-жектерін көріп, кейін қыркүйекте олардың трилогиясына көшуге қарсы емеспін", - деп жазды Мэникс.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram