ERG компаниясының қолдауымен Тengrinews.kz сайтында "Бірге оқимыз" жобасы басталған болатын. Бұл жобаның негізгі мақсаты - қазақстандықтардың жас буыны арасында кітап оқуды насихаттап, қазақ тіліндегі туындыларға қызығушылықты арттыру. Осы мақсатта Тengrinews.kz тілшісі танымал жазушы Смағұл Елубайдың сүйікті бес кітабын ұсынады.
ERG компаниясының қолдауымен Тengrinews.kz сайтында "Бірге оқимыз" жобасы басталған болатын. Бұл жобаның негізгі мақсаты - қазақстандықтардың жас буыны арасында кітап оқуды насихаттап, қазақ тіліндегі туындыларға қызығушылықты арттыру. Осы мақсатта Тengrinews.kz тілшісі танымал жазушы Смағұл Елубайдың сүйікті бес кітабын ұсынады.
"Күлпаш әңгімесі"
"Жалпы қазақ әдебиетінен оқу қажет болса, Бейімбет Майлиннің әңгімелерін оқуға кеңес беремін. Оның ішінде ашаршылық туралы "Күлпаш" әңгімесін оқыса дер едім", - дейді жазушы.
1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған зауалдан қазақ халқы зардап шеккені туралы бұл тарихи оқиға ақын-жазушыларының да назарынан тыс қалмады. Нәубет жылдар туралы жазылған шығармалардың бірі - "Күлпаш". Бейімбет Майлиннің бұл шығармасы қазақ даласындағы ашаршылықтың боямасыз көрінісі.
"Ақ боз үй"
Қазақ прозасында ХХ ғасырдың 20-жылдарының аяғы, 30-жылдардың бас кезіндегі халық басынан кешкен ауыр жағдай аштыққа ұшыраған кезең біршама қамтылды. Смағұл Елубайдың бұл романының желісіне арқау болған осы тарихи кезеңнің шындығы.
Жазушының айтуынша бұл роман 1985 жылдары дайын болған.
"Жастарға оқуға жазушы ретінде өз шығармашылығымның бас кітабы "Ақ боз үй" романын оқуды ұсынамын. Қазақстандағы ашаршылық туралы жазылған тұңғыш роман. Тіптен Совет әдебиетіндегі деп айтсам болады", - дейді жазушы.
"Шұғаның белгісі"
"Махаббат туралы әңгімелер туралы айтатын болсақ, мұнда да Бейімбет Майлиннің "Шұғаның белгісін" оқуға кеңес беремін. Себебі оның шығармалары жауһар туындылар ғой", - дейді жазушы.
Повесте ең басты мәселе - әйел теңсіздігі. Бірін бірі сүйген екі жастың арманына жете алмаған трагедиялық оқиғасы айтылады. Шұғаның әкесі Есімбек бай қызын кедей жігіті Әбдірахманға бергісі келмей, жастардың кездесуіне тыйым салады. Бұдан кейін Әбдірахманды жер аудартады. Осындай қатыгез зорлыққа душар болған Шұға қайғыдан қайтыс болады.
"Қорғансыздың күні"
Жазушы бұл әңгімені жазғанда өзінің ішкі жан дүниесі қиналған кезін баяндап берген. Бұл әңгіме оқырманның көз алдына қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін, бейшара, қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азапты шыншылдықпен әсерлі баяндайды.
Жазушы өмір шындығын адамның тыныс-тіршілігімен байланыстыра шебер әңгімелеп жеткізеді.
"Қан мен тер"
Смағұл Елубай жастарға егер бұл кітапты оқыған болса да, қайталап оқуға кеңес береді.
Әбдіжәміл Нұрпеисовтың жазған романы, Арал теңізі жанында тіршілік еткен қазақ халқының революция кезіндегі күн көрісі, сол уақытта болған қырғындар, бай мен кедей арасындағы тап күресі, әйел теңсіздігі туралы еңбек. Ең басты кейіпкер орташа шаруадан шыққан Еламанның образы арқылы Аралдағы барлық балықшылардың тағдырын көрсетуден бастап, Шалқардағы жұмысшылардың сол уақыттағы тағдырлары көркем бейнеленген.
Айта кетейік, Alash Media Group холдингі мен ERG компаниясы бірлесіп "Бірге оқимыз" атты жаңа арнайы жобасын бастаған еді. Бұл жоба аясында түрлі туындыларды оқуға дайын эстрада, кино және телевизия жұлдыздарының қатысуымен теле- және радиобағдарламалар шығады. "Бірге оқимыз" жобасының негізгі мақсаты - қазақстандықтардың жас буыны арасында кітап оқуды насихаттап, қазақ тіліндегі туындыларға қызығушылықты арттыру. "Бірге оқимыз" арнайы жобасы ERG компаниясының қолдауымен өткізіліп жатыр.
Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірге "Талантты балалар", "Жеңімпаздар", "Батырлар арамызда" жобалары қолға алынған.