ПОДЕЛИТЬСЯ
03 июня 2019 | 17:10
Қай елдерде Абайдың ескерткіші орнатылған
Биыл мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы заңға қол қойған еді. Елімізде ағартушының өмір жолын насихаттау, еңбектерін жас буынға дәріптеу жолында көптеген шара атқарылып келеді. Ал шетелде оның насихаты қалай жүріп жатыр? Қазақтың бас ақынына қойылған ескерткіштер қанша және олар қашан салынған еді? Tengrinews.kz тілшісі шетелде Абайдың құрметіне қойылған ескерткіштерге шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Биыл мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы заңға қол қойған еді. Елімізде ағартушының өмір жолын насихаттау, еңбектерін жас буынға дәріптеу жолында көптеген шара атқарылып келеді. Ал шетелде оның насихаты қалай жүріп жатыр? Қазақтың бас ақынына қойылған ескерткіштер қанша және олар қашан салынған еді? Tengrinews.kz тілшісі шетелде Абайдың құрметіне қойылған ескерткіштерге шолу жасады.
Францияның Ренн қаласыФранцияның Ренн қаласында 2016 жылы қазақ ақынына бюст орнатылған.
Ол кезде ескерткіштің ашылу салтанатына Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен қала мэрі Ренна Натали Аппере қатысқан болатын.
"Гуманист Абай қазақтарға жаңа ойлау жүйесі мен таным сыйлады, Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің көпіріне айналды. Абай бірнеше поэма жазған, 50-ден аса тәржіма жасадыү Француз жазушыларын да аударған. Абай Құнанбайұлы - белгілі адам, Францияда да оны бәрі таниды деп сенеміз. Сондықтан ЮНЕСКО аясында 1995 жыл Абай жылы болып аталған", - деген еді салтанатты ашылу рәсімінде шаһар басшысы.
Венгрияның Будапешт қаласы2014 жылы Абай ескерткіші Венгрияның Будапешт қаласында орнатылған.
Қаланың Астана көшесіне орнатылған бюсттің ашылу салтанатына еліміздің сол кездегі премьер-министрі Кәрім Мәсімов қатысқан. Қазақстандық жас таланттар рәсім кезінде Абайдың әндерін венгр тілінде орындап берді. Бюст қоладан жасалған, биіктігі 1070 миллиметр, ені - 900 миллиметр.
Абайдың бюсті 2016 жылы Каирдің орталық саябақтарының бірінде орнатылған.
Сол кезде Каир қаласының басшысының орынбасары Мысыр астанасында Абайға ескерткіш қою - мегаполистің маңызды оқиғасы екенін және қазақ пен мысыр халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсететінін атап өткен.
Бюстке қаражатты мысырлық меценат Хусейн әл-Шафии шығарған. Ал мүсін авторы мысырдың танымал мүсіншісі Усама әл-Серуи. Оның мүсіндері Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан және Ташкентте орнатылған екен. Ашылу салтанатында Абайдың қара сөздері мен өлеңдері араб тіліне тәржімаланған кітаптар таратылған.
Ресей, Мәскеу2006 жылы Мәскеудің Қазақстан елшілігінің маңында Абай Құнанбайұлына ескерткіш қойылған.
Сол уақыттағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путин Қазақстанда Пушкин жылы және Ресейде Абай жылын жариялаған. Екі ақынға Астана мен Мәскеуде ескерткіш орнатылған. Мәскеудегі ескерткішті қазақстандық тарап қаржыландырған - 162 миллион теңге. Ескерткіш қоладан салынған. Мүсінші Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сулейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенко.
Қытай, Бейжің2014 жылы Бейжіңде "Цзинтай" көркем музейінде Абай Құнанбайұлының ескерткіші қойылған. Ашылу салтанатына ведомствоның сол кездегі басшысы Ерлан Ыдырысов арнайы барған еді.
Мүсінші Юань Сикунь ұлы адам Абай Құнанбайұлының мүсінін жасау зор құрмет екенін атап өткен. Өз сөзінде Ыдырысов бұл айтулы оқиғамен жиналғандарға және мүсіншіге алғыс айтқан. Шара соңында қос елдің жастары қазақ және қытай тілдерінде Абайдың өлеңін оқыды.
Өзбекстан, Ташкент2013 жылы көрші елдің астанасы Ташкентте ҚР елшілігінің алдында қазақ данагөйі Абайдың ескерткіші орнатылған. Оның ашылу салтанатына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен марқұм Ислам Каримов қатысқан.
Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев Абай есімі бүкіл әлемге танымал екенін атап өткен еді.
"Лондонда Абай үйі ашылған, Мәскеуде, Тегеран мен Ыстамбұлда ескерткіші орнатылған, ғаламшардың көптеген қаласында оның құрметіне көшелерге есімі берілген. Бауырлас Өзбекстан астанасы - Ташкенттегі Абай көшесінде оның ескерткішінің ашылуының тарихи маңызы бар", - деген еді Назарбаев. Ал өз кезегінде өзбектің бұрынғы басшысы Ұлы Абай шығармашылығының жүздеген жылдар бойы көршілес өмір сүрген бауырлас екі халықтың ең асыл армандары мен үкілі үміті көрініс тапқанын атап өткен.
"Өзбекстанда Абайды бүкіл өмірін ізгілік пен әділдіктің салтанат құруы үшін күресіп, өз халқының мұң-мұқтажы мен биік мұраттарға ұмтылысын жырлауға арнаған нағыз халықтық ақын, ағартушы және гуманист ретінде жақсы біледі әрі жоғары бағалайды. Өзінің өшпес туындыларында қазақ халқының рухани жан қуатын, оның ең ізгі қасиеттерін жарқын және толық көрсетіп берген Абайдың орасан зор еңбегін бағаламау мүмкін емес", - деген болатын Ислам Каримов.
Иран, Тегеран2007 жылдың 5 қазанында Тегерандағы Иран Ұлттық кітапханасының кіреберісіндегі бас аллеяға қазақ халқының ұлы ойшылы Абайдың мүсіні орнатылған. Салтанатты ашылу рәсіміне Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан еді.
© Азаттық / Қуанышбек Қари
Тегерандағы Абайдың мүсінін орнататын бұл орын кездейсоқ таңдалмаған. Иранның ұлттық кітапханасы Қазақстанмен берік мәдени байланыстар орнатқан. Сол кезде Қазақстан Ұлттық ғылыми кітапханасы мен Ұлттық ғылым академиясының делегациясы Иранда болып, осы елдің Ұлттық кітапханасының құрылымымен және қызметімен танысып қайтқан. Сапар барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының қорына иран кітапханасында сақталып жатқан қолжазбалар тізімі тарту етілген.
Баку, Әзербайжан2011 жылдың мамырында Баку мемлекеттік университетінде Абай Құнанбайұлы атындағы орталық ашылып, сол жерге ұлы ойшылдың бюсті қойылған.
Бұл жерде қазақ тілінде сөйлесіп, қазақ мәдениеті жайлы пікірталас өткізіп, ұлтымыздың ұлыларының шығармаларымен танысуға болады. Орталық мамандары ұлы ақынның шығармашылығын қазақ тілінен тікелей әзербайжан тіліне аударумен айналысады.
Показать комментарии
Читайте также