Қазақстан автобизнес қауымдастығы елімізде жеңіл көлік бағасы неге қымбаттап жатқанын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан автобизнес қауымдастығы елімізде жеңіл көлік бағасы неге қымбаттап жатқанын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Отандық көліктің орташа бағасы 7,5 миллион теңге"
"ҚазАвтоПром" АҚ-ның мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда көлік 17 пайызға қымбаттап, оның орташа бағасы 10 миллион 500 мың теңгеден асқан. Қазіргі таңда елімізде құрастырылған көліктің орташа бағасы 7,5 миллион теңге болса, ал импорттық көліктің құны шамамен 14 миллион теңге.
"ҚазАвтоПром" мәліметінше, биыл қазақстандықтардың төрттен бірі бағасы 5 миллион теңгеден аспайтын көлік сатып алса, 13 мыңнан аса адам құны шамамен 7 миллион теңгеден асатын көлік мінген.
"ҚазАвтоПром" мамандарының айтуынша, бағасы қолжетімді көліктің басым бөлігі Қазақстанда құрастырылыпты. Мысалы, Өскеменде құрастырылған Lada Granta көлігінің құны 3 миллион теңгеден басталады екен.
"Кредитке берілетін көліктің пайызы қымбат"
Нұр-Сұлтан маңындағы ауылдардың бірінде тұратын 44 жастағы Досан Кеңесұлы кредитке көлік ала алмай жүргенін, несиенің пайызы қымбат екенін айтады.
"Мен 4 миллион теңгеге кредитке көлік іздеп жүрмін. Қолымда шамамен 1 миллион теңге бар. Алайда бұл ақшаға жақсы көлік табу қиын болып жатыр. Жеңіл көлік қымбаттап кеткен. Көлікті кредитке алайын десем оның пайызы қымбат болып тұр", - дейді тұрғын.
Фото: auto.ria.com
Оның айтуынша, өткен аптада елордадағы көлік сататын орталықтардың біріне барған.
"Мен 2009 жылғы Audi A4 көлігін қарадым. Оның құны 3,3 миллион теңге болды. Көлікті кредитке алу үшін алдымен 30 пайызын төлейді екенмін. Ол шамамен 1 миллион теңге. Енді 2,3 миллион теңге қалады ғой. Көлікті 4 жылға есептегенде 2,3 миллион теңгенің үстіне сонша ақша қосып қайтарады екенмін. Бұл маған тиімсіз. Сондықтан әзірше көлік алмаймын деп шештім", - дейді Досан Кеңесұлы.
"Ресейлік есепте тұрған көліктер 50 пайызға арзан"
Фото: avtomarket.ru
Ал 28 жастағы елордалық Дәурен Маратұлы 2000 жылғы Lexus GS 300 көлігін жақында 3,5 миллион теңгеге сатқанын айтады.
"Кейін сол бағаға Ресейде тіркеуде тұрған 2007 жылғы Infiniti FX35 көлігін сатып алдым. Бұрынғы көлігімді 500 мың теңгеге қымбатқа саттым", - дейді ол.
Сонымен қатар, елордалық тұрғын неге ресейлік есепте тұрған көлікті сатып алғанын түсіндірді.
"Егер мен Infiniti FX35 көлігін қазақстандық тіркеумен сатып алсам, оның бағасы 5,5-6 миллион теңге болар еді. Ал мен жаңа көлігімді шамамен 2 есе арзанға сатып алдым. Себебі, көлік Ресейде тіркеуде тұр. Жалпы ресейлік есепте тұрған көліктер шамамен 50 пайызға арзан", - дейді Дәурен Маратұлы.
Фото: proteu.ru
Ол да соңғы жылдары елімізде көлік қымбаттағанын айтады.
"Қазақстанда көлік қымбаттап жатыр. Мысалы, 2019 жылы менің бұрынғы Lexus GS 300 көлігімнің орташа бағасы 3,5-3,7 миллион теңге болатын. Қазір олардың орташа бағасы 4 миллион теңге. Бұдан да арзандары бар. Бірақ олардың жағдайы нашар", - дейді елордалық тұрғын.
Қазақстанда жеңіл көліктер неге қымбаттап жатыр?
Бұл сұраққа жауап табу үшін Қазақстан автобизнес қауымдастығының баспасөз қызметіне хабарластық. Олардың мәліметінше, осы жылдың 9 айында қазақстандықтар 63 408 көлік сатып алған. Оның 57 753-і жеңіл автокөлік.
"Статистика комитетінің дерегіне сәйкес, 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстандағы автомобиль нарығындағы бөлшек сауда бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6 пайызға өскен. Көліктің қазіргі бағасын 2020 жылдың басындағы бағамен салыстырсақ, ол 5,1 пайызға артқан", - дейді қауымдастық мамандары.
"Көлік бағасы долларға тәуелді"
Сонымен қатар, Қазақстан автобизнес қауымдастығы еліміздегі көлік бағасы доллардың қымбаттауымен байланысты екенін ашық айтты.
"Доллардың бағамы импорттық көліктердің бағасына тікелей әсер етеді. Себебі шетелдік валютаға сатып алынған. Сондықтан бұл фактор бағаға тікелей ықпалын тигізеді. Ал отандық көліктердің бағасы шетелдік валютаға тәуелді емес. Өйткені, бұл көліктер елімізде құрастырылған", - дейді қауымдастықтың баспасөз қызметі өкілдері.
Мамандардың айтуынша, көлік құнының өсуіне қосымша факторлар да әсер етеді.
"Біріншіден, әлемде жаңа көліктердің бөлшектері жыл сайын қымбаттап отырады.
Екіншіден, бұл жағдайға қосымша факторлар да әсер етеді. Мысалы, инфляция, экономиканың өсу қарқыны, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар және тағы басқа. Сонымен қатар, өндіруші елдер мен жеткізуші елдердің қаржылық саясаты тауар бағасына әсер етуі мүмкін", - делінген хабарламада.
Сөз соңында Қазақстан автобизнес қауымдастығы қазақстандар көбінесе мінілген көліктерді сатып алатынын жеткізді.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!