РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
18 июня 2020 | 12:36

"20 сарбаз қайтыс болды". Қытай мен Үндістан шекарасындағы қақтығыстың мән-жайы

ПОДЕЛИТЬСЯ

© REUTERS © REUTERS

15 маусымда кешкі уақытта Үндістан мен Қытай әскерилері қақтығысып қалды. Салдарынан 20 адам қайтыс болды. Бұл екі ел шекарасында болған алғашқы жанжал емес. Қақтығыстың пайда болуына не себеп? Оған сарапшылар не дейді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында. 


15 маусымда кешкі уақытта Үндістан мен Қытай әскерилері қақтығысып қалды. Салдарынан 20 адам қайтыс болды. Бұл екі ел шекарасында болған алғашқы жанжал емес. Қақтығыстың пайда болуына не себеп? Оған сарапшылар не дейді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында. 

Қақтығыс неден басталды?

Дүйсенбі, 15 маусым кешкі уақытта Ладакхтағы Галван аңғарының аумағында Үндістан мен Қытай шекарасында екі ел әскерлері қақтығысып, салдарынан 2 сарбаз бен үнділік армия командирі қайтыс болды. Артынша үндістандық әскерилердің өкілі үш адамнан бөлек тағы 17 адам алған жарақат салдарынан қайтыс болғанын хабарлаған. Қақтығысқа қатысқан адам одан да көп болуы мүмкін. Үндістанның жоғары шенді қызметкері ВВС-ге жалпы үндістандық 55 сарбаз бен Қытай тарапынан 300 сарбаз қатысқанын айтады.

"Олар біздің жігіттерді тікен сым байланған металл биталармен бастарынан қатты ұрды. Біздің жігіттер қарусыз соғысты", - дейді есімі жасырын қалуды сұраған офицер ВВС-ге.

Үндістандық БАҚ кейбір сарбаздардың соққы көріп, басқасын өзенге лақтырып жібергенін жазған.

Үндістан тарапы қақтығыс салдарынан екі елден де шығын барын, ал Қытай бұл ақпаратты растамайтынын жеткізген. Куәгерлердің сөзінше, қақтығыс кезінде атыс қарулары қолданылмаған. Оның орнына таяқ, бита, ішіне шеге салынған бамбук сырығы қолданылған екен.

© REUTERS

Қытайлық тарап Үндістанды шекарадан өтіп, "қытайлық қызметкерлерге шабуыл жасалды" деп айыптаған.

ВВС мәліметінше, үндістандық сыртқы істер министрлігінің басшысы Субраманьям Джайшанкар қақтығыс Қытай тарапы Үндістанға тиесілі шекара маңындағы аймаққа құрылыс жұмысын бастамақ болғанынынан туындағанын айтады. Ал Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И бірінші болып үндістандық әскер қытайлықтарға шабуыл жасағанын хабарлаған. Сөйтіп, Субраманьям Джайшанкар мен Ван И телефон арқылы сөйлесіп, аймақтағы жағдайды ушықтырмауға келіскен екен.

Бұл екі ел арасында болған алғашқы қақтығыс емес

Биыл 15 маусымда екі ел арасында болған қақтығыс 45 жылда болған ең ірі жанжал. Соңғы рет Үндістан мен Қытай шекарасында қақтығыс 1975 жылы болған. Ол кезде Аруначал-Прадеш штатындағы шалғай өткелде төрт үнді жауынгері қаза тапты. Болған оқиға түрлі сипатталған екен: бірі әдейі торуылдау десе, енді бірі абайсызда болған жағдай деседі.

Екі ел шекарасында биыл мамырда да жанжал туған. Үндістан мен Қытай шекара ауданына бірнеше мың әскерді көшіріп, Дели өз ұстанымын  түсіндіргеннен кейін қытайлық тарап осы ауданда 38 мың шаршы шақырым Үндістан аумағын басып алған. Сөйтіп, 6 маусымда болған келіссөз барысында тараптар мәселені жанжалсыз қорытындылауға шешім қабылдап, екі ел біртіндеп әскерін кері қайтара бастаған.

© REUTERS

Сарапшылар не дейді?

Көршілес елдер арасындағы байланыс дүние жүзінің назарында тұр. Қытайдың СІМ өкілі Чжао Лицзянь соңғы кездері шекарадағы ушығып бара жатқан жағдайға байланысты тараптар дипломатиялық және әскери тұрғыда тығыз байланыста болғанын айтады. Маманның екі ел арасындағы байланысы туралы сөзін "Хабар 24" телеарнасы былай келтіреді:

"6 маусымда екі ел де басшылық деңгейде аймақтағы жағдайды тұрақтандыру үшін ортақ шешімге келген болатын. Соған қарамастан үнді әскері келісімді бұзып, шекарадан өткен. Оған қоса Қытай әскеріне шабуыл жасаған. Әлі де болса, ресми түрде Үндістан тарапын келісім бойынша әрекет етуін сұраймыз", - дейді ол.

Үндістан тарапы да бұл жағдайға қатысты пікір білдірген.

"Бұл шайқаста біз ержүрек батырларымызды жоғалттық. Өте өкінішті, ауыр қаза. 1962 жылдағы жағдай қайталанбас үшін үкімет дереу шара қолдану керек. Аздаған түсінбеушіліктер үлкен қақтығысқа алып келуі мүмкін", - дейді Үндістанның қауіпсіздік мәселесі бойынша сарапшысы Дхиллон.

Ал ресейлік доцент Борис Волхонский "Московский комсомолецке" берген сұхбатында мұндай жағдайлар болып тұратынын атады.

"Екі жақтан да ондаған адам қайтыс болды. Дегенмен, әсіресе Қытай тарапынан нақты сан көрсетілмеген. Бәлкім бұл жергілікті жанжал болар, тіпті жай ғана өңірлік деңгейдегі мәселе болуы мүмкін. Ондай қақтығыстар арасында болып тұрады", - дейді ол.

Алайда оған қарамастан кеше, 17 маусымда Үндістанның премьер-министр Нарендра Моди ел қажет жағдайда Қытайға жауап ретінде қарсы әрекет етуге дайын екенін жеткізді. 

"Үндістанның қауіпсіздігіне келгенде өзіміздің күшіміз қандай екенін көрсетеміз. Біздің әскерилер күшіміз қандай екенін көрсетті. Ерлік пен батырлық - дәстүріміздің бірі. Төгілген қанның сұрауы болады", - деп мәлімдеді премьер-министр. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети