РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
15 февраля 2022 | 17:22

Өлмейтін бизнес, қателіктер, заңдастыру мәселесі. Кәсіпті қалай дұрыс бастау керек?

Камила Долаева Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Кәсіпкер Батыр Сиябек пен бухгалтер Гүлнұр Шолпанқұл Кәсіпкер Батыр Сиябек пен бухгалтер Гүлнұр Шолпанқұл

Кәсіпке жаңадан аяқ басқан кез келген адам оңай олжа, сиқырлы таяқша болмайтынын түсінуі керек. Оған қоса кәсіпті эмоциямен емес, саналы түрде бастаған дұрыс. Мұндай пікірді 25 жылдық тәжірибесі бар қазақстандық бизнесмен Батыр Сиябек айтып отыр. Ол Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында кәсіпті қалай, неден бастау керегін, мақсат қою, қабілетіне қарай адамның 3 түрі туралы айтып берді. Сондай-ақ, оқуға кеңес берілетін пайдалы әдебиеттер тізімін ұсынды. Ал елордалық есепші Гүлнұр Шолпанқұл бастаған кәсіпті заңдастыру жолдары мен оларға қойылатын талаптарды түсіндірді. 


Кәсіпке жаңадан аяқ басқан кез келген адам оңай олжа, сиқырлы таяқша болмайтынын түсінуі керек. Оған қоса кәсіпті эмоциямен емес, саналы түрде бастаған дұрыс. Мұндай пікірді 25 жылдық тәжірибесі бар қазақстандық бизнесмен Батыр Сиябек айтып отыр. Ол Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында кәсіпті қалай, неден бастау керегін, мақсат қою, қабілетіне қарай адамның 3 түрі туралы айтып берді. Сондай-ақ, оқуға кеңес берілетін пайдалы әдебиеттер тізімін ұсынды. Ал елордалық есепші Гүлнұр Шолпанқұл бастаған кәсіпті заңдастыру жолдары мен оларға қойылатын талаптарды түсіндірді. 

Батыр Сиябек - кәсіпкер, әрі кәсіп жүйелеудің эксперті. Алғашқы кәсібін 9-сыныпта қара базардан бастаған ол бүгінде Қытай нарығына ең алғаш "Баян-Сұлу", "Рахат", Roshen кәмпиттерін енгізіп, айналымын 20 миллион долларға жеткізген, қазір электр-тауарлар өндіретін компанияның, "ІС-РЕТ" бизнесмендер клубының және кәсіпкерлік мектептің негізін қалаушы.

TN: Кәсіпті неден, қалай бастау керек? 

  • Біріншіден, кәсіпкер ата-анасымен, отбасымен, ағайын-туыспен қарым-қатынасын түзеуі керек. Онсыз бастаған ісінің ешқандай берекесі болмайды. Сондай-ақ, оңай жерде нан жоқ екенін, ешқандай сиқырлы таяқша болмайтынын білуі керек. "Алма піс, аузыма түс" демей, адам құйрығын көтеріп, істің тауқыметіне төзгенде ғана кәсіп жемісін береді.

    Кәсіп бастағанда бәріміз лапылдап жанып тұрамыз. Бірақ кәсіпті эмоциямен емес, саналы түрде бастаған дұрыс. Кәсіп бастауды мақсат еткен кісілер ең бірінші ниетті дұрыстау керек. Ақша табуды ғана ойлаған адам ақшаның құлы болады. Адамдардың мәселесін шешуді, оларға бақыт сыйлауды көздеген адамға ақша өзі келеді. Ал сол адал ақшаны қанша көлемде тауып, қайда жұмсайтынын алдынала жоспарлау керек. Нақты мақсат болмаса, ол ақша адамды бұзады.

TN: Кәсіпкердің мақсаты қандай болуы керек?

  • Кәсіпкердің мақсаты үлкен болуы керек. Жақында маған Шымкенттен бір кәсіпкер жігіт білім алуға келді де, "Аға, мүлде мотивация жоқ" дейді. Қарасам, 50 миллионға үй салып тастаған, 50 миллионға көлік мініп алған. Яғни оның әуелгіде өзіне қойған мақсаты осылар ғана болған. Оған жеткен соң, ештеңе қызық емес. Мен сол үшін де жастарға қазіргі ең мықты мақсатыңды 100 еселей сал, осы нысананы көзде деймін. Сонда оның қасында үй де, көлік те түкке тұрғысыз болып қалады, олар онсыз да қолжетімді болады. Мысалы, Дубайды дамытқан менің замандастарым. Олар бір үй мен бір мәшинемен шектелмеді. Олар Дубайды бүкіл әлемнің бизнес орталығы жасады. Соның арқасында қарапайым полицияның өзі Tesla мен Lamborghini мініп жүр. 

TN: Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма? 

  • Сұраққа жауап бермес бұрын өмірде адамдар қабілетіне қарай 3 түрге бөлінетінін айтайын: маман, кәсіпкер, бизнесмен (мен "іскер"  деймін). Ал енді кез келген істі бастамас бұрын адам "Мен қабілетіме қарай осы үшеуінің қайсысымын?" деген сұраққа жауап беруі керек. Маман - біреуге жалданып әрі тапсырылған жұмысын тыңғылықты істейді, өзі кәсіп ашуға қорқады. Кәсіпкер - кәсіп аша алады, тәуекелге бара алады, бірақ оны отырып жүйелегісі келмейді. Бизнесмен - ол кәсіпті жүйелеп, әрі үлкен масштабқа шығара алады. Көп жастар "Кәсіпкерлер, бизнесмендер ғана жоғары табыс таба алады" деп ойлайды. Маман да өз ісін максималды деңгейде үйренсе, кез келген кәсіпкердің қасында жүріп оның тапқанынан кем таппайды.

TN: Бизнесменге қажет басты қасиеттер мен машықтар қандай? 

  • Бизнесменге қажет басты қасиет - қорқыныштарды жеңуді үйрену. Қаншама білімді кісілер бизнестегі қорқыныштан жетістікке жеткен жоқ. Көптеген ақылды адамдардың кедей болуының себебі де осында. Мен де қатты қорқақ адаммын негізі! Менің де кәсіптегі ең үлкен қорқынышым Қытай нарығына кірген кезде үлкен инвестор маған инвестиция салуға ұсыныс жасағанда болды. Соны қабылдамағаныма кейін қатты өкіндім. Өмірде бір нәрсені істемей өкінгеннен істеп өкінген жақсы екеніне көзім жетті.

    Майк Тайсон "Қорқынышты өзіме тиімді пайдаланамын" депті. "Ол қалай?" деп сұраса, "Бәсекелестен қорыққанымнан өте көп дайындаламын, сосын жеңемін" деген екен. Сол секілді қорқынышты жеңуді үйрену керек. Ал менің ұсынатын әдісім: жасағалы жатқан нәрседен емес, өмірде ештеңе істемей өтіп кетуден қорқу керек. Сонда соңғы қорқыныштың таразысы басып кетеді де, бірден тәуекелге көшесіз. Тәуекел еткен адамға ризық келеді.

TN: Жас кәсіпкерің тәлімгері болуы маңызды ма? 

  • Менің де ұстаздарым болды, әрине. 1997 жылы Қытай нарығына кіргеннен бастап үлкен-үлкен кәсіпкерлерден үйрендім. Кәсіпке жаңа келгендер үшін оқып үйренген дұрыс. "Бейнет болмай, зейнет болмас" дегендей, "тез көтерілемін", "тез нәтижеге жетемін", "тез үлкен инвестиция тартамын" деп көбіне жас кезімде опық жедім. Ментордың пайдасы - оның көп жылдық тәжірибесін алып, қауіп-қателіктерге ұрынбай, 5-6 жылда үлкен айналымға шығу. Менорға барғанда да оның ақылын алуға ниеттеніп барған дұрыс. Егер сіз, біріншіден, теорияны үйрететін, екіншіден, оны өзінің практикасында көрсететін, үшіншіден, қателіктеріңізді дұрыстап отыратын ментор тапсаңыз нұр үстіне нұр болады.

    Жалпы кәсіпкер адам өзі де ізденіп, білімін жетілдіріп жүруі керек. Білім инемен құдық қазғандай қиыншылықсыз келмейді. Айналамыздағы кез келген құбылыстан сабақ алуға болады. Бірақ адам шешімді өз пікірімен, өз ойымен шығаруы керек.

TN: Бизнестің аяққа тұрып кетуіне шамамен қанша уақыт керек? Кәсіп ашамын дейтін кез келген адам неге дайын болуы тиіс? 

  • Кәсіп иесі дүкен ашқанда жұмыс қалай жасалуы керек екенін көріп тұрады. Яғни өзінің бір сызып алған "мінсіз картинасы" болады. Бірақ іске келгенде оның мүлдем ойдағыдай болмай жатқанын көргенде көңілі толмай, көп кәсіпкер осы кезде ісін тастап кетеді. "Осының бәрін реттеп, бір жүйеге келтіру үшін не істеу керек?" деп басы қатып жүргендер көп. Ал ол туралы ойламайтындар қаншама. Ойлап жүрген кісілер әрекетке көшсе, оқыса, маман тартса, тез өседі. Яғни бизнесте нақты "осындай уақытта пайдаға кенелесің" деген кепілдік жоқ. Ол өйткені адамға, кәсіп түріне де байланысты.

    Атақты Джек Маның бизнесінде 3 жыл табыс болмаған. Қазір біз кейде 3 айға шыдамай жатамыз. Неге? Өйткені жүйе жоқ. Ұзақ мерзімді көре алмаймыз. Сондықтан жаңа бастайтындарға айтарым: жүйелі бизнес құру керек. Бірақ жүйе жұмыс жүріп бастағанда ғана басталатынын ескеру керек.

    Дегенмен жас кәсіпкерлер тез табысқа шығудан бұрын, көп тәжірибе жинағаны дұрыс. Сол тәжірибе жүйелі кәсіп ашуға, табысты болуға кепіл бола алады. Ол үшін алдымен бір жақсы кәсіпкер тауып алып, қанша ақша төлесе де қасында жүруі керек. Сол кісі қалай шешім қабылдайды, қиындықтардан қалай шығады, ортада өзін қалай ұстайды, соның бәрін үйренуі тиіс. Сонда басқалар 10-20 жылда жететін табысқа 1-2 жылда жетуіне болады.

TN: Қандай жағдайда кәсіптен бас тартқан дұрыс? 

  • Қызық сұрақ екен! Негізі бұл сұрақты кәсіп бастамас бұрын жақсылап ойланған дұрыс. Адамда кәсіп бастауға қандай да бір идея бар болып, бірақ өз шешіміне 50-де 50 сенімді болса, бастамай-ақ қойса болады. 

    Кәсіп бастау үшін адамда 100 пайыз нақты шешім және одан басқа қалау болмауы керек. Тура "Осы кәсіпті жасамасам, маған басқа ештеңе қызық емес. Басқа ештеңе істеп өмір сүргім келмейді" дейтіндей. Ал оның қосымша бір жоспарлары болса, ол кәсіпті соңына дейін апармайды. Сол үшін де кәсіп бастаймын десеңіз, оның өзенінен өтпей тұрып ойланыңыз! Ал ойланып, нақты мақсатпен келсеңіз, судан өткеннен кейін барлық көпірді жағып жіберіңіз дер едім. 

TN: Қазір қазақстандық нарыққа қандай бизнес қажет деп ойлайсыз? Не жетіспейді? 

  • Үлкен-үлкен кәсіптерді көріп, жүйелеп, анализ жасап жүргенде, болашақта нарықта тоқтамайтын 3 саланың барына көзім жетті. Олар: мал шаруашылығы, машина жасау және туризм. Елімізде қазір екеуін жасауға зор мүмкіндік бар. Біріншіден, мал шаруашылығы - қазақтың ата кәсібі. Адам өзі білетін іспен айналысқанда мүмкін емес нәтижелер көрсетеді. Екіншіден, біздің жерімізде туризмді дамытуға табиғаттың барлық ландшафтысы бар. Әсіресе жабайы туризм саласымен айналысқысы келетін адамдарға үлкен мүмкіндіктер ашылатынына сенемін.

TN: Бизнеске қадам басқан адамдар оқуы тиіс топ кітаптар жиынтығын айтып бере аласыз ба? 

  • Айына 80-100 кітап оқитындай керемет кітап жазатын адамдар көп деп ойламаймын. Өзім де олай көп оқи бермеймін. 2-3 айда жақсы жазылған бір кітап қана оқимын, ашығын айтайын. Негізінен "кәсіп бастаймын, сол үшін ізденемін" деген адамға кітап та көп, автор да көп. Бірақ кәсіпте негізгі қадамдар біреу ғана. Ал сол қадамдар туралы әркім әр жағынан айтады.

    Мен жаңа кәсіп бастайтындардың басын қатырып, бастамай жатып адасып кетпес үшін бір-ақ авторды ұсынар едім, ол - Алекс Яновский. Оның "Лидер и его команда", "130 качеств победителья" деген секілді кітаптары бар. Тағы да Рид Хастингс, Эрин Мейердің "Никаких правил", Нассим Талебтің "Рискуя собственной шкурой. Скрытая асимметрия повседневной жизни", "Черный лебедь. Под знаком непредсказуемости", "Антихрупкость" кітабы да оқуға тұрарлық. Бірінші осындай бір ғана авторды зерттеп, оқып және іске асырып алса, қалғанын қосымша игере беруге болады. 

    Менің айтқым келгені: "анау не жазыпты?", "мынау не депті?" демей, нәтиже шығарған кәсіпкерлердің кітаптарын оқып, сосын оны жүзеге асыру. Ары қарай мойнымызға жауапкершілік алып, қате болса да өз пікірімізді қалыптастырып үйрену. Жастарымыз да өткен ғасырдағы құлдық сананы сіңіріп алмасын. Бірте-бірте өз басымен ойланып, шешім қабылдасын.

Кәсіпті заңдастыру шарттары

Кәсіп бастауда оны заңдастыру мәселесі де бар. Елордалық бухгалтер Гүлнұр Шолпанқұл ЖК (жеке кәсіпкер) мен ЖШС (Жауапкершілігі шектеулі серіктестік) ашу ерекшеліктері мен маңызын, шарттарын түсіндірді.

TN: Кәсіпті тіркеудің қанша жолы бар?

Кәсіпті тіркеудің үш жолы бар: 

  1. Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеушісі ретінде
  2. ЖК тіркеу
  3. ЖШС тіркеу

TN: БЖТ төлеудің шарттары қандай? 

  • Жалдамалы жұмысшы болмауы керек, сіз тек жеке тұлғаларға қызмет көрсетесіз. Сауда болса, тек өзіңіздің шаруашылығыңыздағы затты сатасыз, ол бау-бақшада өсетін жеміс-жидек, көкөністер болуы мүмкін, не қораңызда тұрған сиыр я оның өнімі. Ал жылдық табыс 1175 АЕК-тен аспауы тиіс. Осы шарттарға сәйкес келмесеңіз ары қарай ЖК қарастырасыз. 

TN: Кәсіпкер қандай жағдайда ЖК ашуға міндетті?

  • Біз кәсіп, бизнес дегенде көп ақша табуды ойлаймыз, бірақ оны заңдастыруға келгенде қорқақтаймыз. Себебі заңдастыру бізге қиындық әкеледі, көп салақ табысымызды жеп қояды, есептері қиын, мен оны дұрыс түсінбеймін деген қоқыныштар бар. Шын мәнінде кәсіпті заңдастырып жұмыс істеген әлдеқайда тиімдірек. Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, екі жағдайда, яғни екі шарттың ең болмағанда біреуі орындалғанда ЖК тіркеу керек. Олар: жалдамалы жұмысшының болуы және жылдық табыс 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен асуы керек (2022 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 60 000 теңге).

    ЖК-да бірнеше салық режимі бар. Ол - патент, жеңілдетілген салық, тіркелген шегерім, 2021 жылы пайда болған бөлшек салық және 2022 жылы шыққан арнаулы мобильді қосымша арқылы жұмыс істейтін арнайы салық режимі. Осылардың арасынан ыңғайлысын таңдап алған жөн. Сіз тапсыратын салық есептері осы режимдерге сәйкес болады. Мысалы жеңілдетілген режимде жылына екі рет есеп берілсе, жалпыға бірдей салық режимінде бес рет тапсырады.

    ЖК жеке тұлғаға тіркеледі. Оны ашу да, жабу да оңай. Онымен табысты шығарып алу оңай. ЖК-ның жалпыға бірдей салық режимінде табыс салығы аз - 10 пайыз. ЖК жеңілдетілген немесе патент болса, бухгалтерлік есепті жүргізбеуге болады. Ал кәсіпте сәтсіздіктер болған жағдайда ЖК жеке меншігімен жауап береді. ЖК-ны дайын бизнес ретінде сатуға мүмкіндік жоқ. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық болса, айыппұл мөлшерінде де айырмашылықтары бар. ЖК үшін айыппұл мөлшері ЖШС-ға қарағанда азырақ болады.

TN: Қандай жағдайда ЖШС ашу керек?

  • ЖК-мен жұмыс істеу тиімсіз болып, заңды тұлға ретінде тіркелу керек болса, ЖШС ашасыз. Оның өз міндеттері болады, мысалы мөр жасайсыз, оны ашу да, жабу да ЖК сияқты жеңіл емес. Соған сәйкес салмағы, жауапкершілігі бар. Оны онлайн тіркеуге болғанымен, жабу оффлайн түрде өтеді. ЖШС-ны дайын бизнес ретінде сатуға болады. Оның барлық табысы заңды тұлға табысы болып саналады. Табыс салығы 20 пайыз. Сонымен қатар, қай режимде болсын, бухгалтерлік есепті толық жүргізілуі міндетті. ЖШС құрылтайшысы, директоры да сіз болсаңыз да, ЖШС жұмысшысы саналасыз. Сәйкесінше, салығы да көбірек. Кәсіпте сәтсіздіктер болған жағдайда ЖШС тек мекеменің мүлкімен жауап береді.

TN: Салықтарды уақытылы төлемеудің салдары қандай? 

  • Оның салдары - әр кешіккен күн үшін өсімақы жүреді. Кейін оны толықтырып төлеуге тура келеді. Уақытылы есеп өткізбеу, кассалық аппарат қолданбау сынды заңбұзушылықтарда көбіне бірінші жолға ескерту беріледі. Тек екінші рет айыппұл салуы мүмкін. Сол үшін айппұлдан қорықпаңыздар. Біздегі заңнамада, көп жағдайда тек ескерту беріледі. Сондықтан заңды түрде жұмыс істеу әлдеқайда тиімдірек, ол сіздің клиенттеріңіздің алдында да беделіңізді арттыратыны сөзсіз.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети