РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
24 февраля 2020 | 10:55

Қазақ отбасына келін болып түскен қар тазалаушы неге жылағысы келеді?

Даурен Ерболат Журналист
Турар Казангапов Фотокорреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

48 жастағы Татьяна Мускинова 14 жылдан бері елорда көшелерін қардан тазалап жүр. Ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің халыққа есеп беруі кездесуінде тұрғындарға қазақ тілінде үндеу жолдап, қар тазалаушыларға тіл тигізбеуді сұраған. "Астана Тазалықтың" жұмысшысы қазақ тілін қалай үйренгенін, бұл жұмысқа қалай келгенін, нені армандайтынын, қиындықты қалай еңсеріп жүргенін Теngrіnews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.


48 жастағы Татьяна Мускинова 14 жылдан бері елорда көшелерін қардан тазалап жүр. Ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің халыққа есеп беруі кездесуінде тұрғындарға қазақ тілінде үндеу жолдап, қар тазалаушыларға тіл тигізбеуді сұраған. "Астана Тазалықтың" жұмысшысы қазақ тілін қалай үйренгенін, бұл жұмысқа қалай келгенін, нені армандайтынын, қиындықты қалай еңсеріп жүргенін Теngrіnews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

"Қазақ ауылында өстім"

Татьяна Мускинова - Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тумасы. Ол қазақ отбасына келін болып түсіпті. Жолдасы екеуі екі баланы тәрбиелеп өсірген.

"Айнабұлақ ауылында қазақтардың арасында өстім. Осылайша, қазақ тілін үйрендім. Ауылдағы барлық орыс қазақша сөйлейтін. 2 балам бар. Қызым елордада тұрады. Өткен жылы тұрмысқа шықты. Оның бір баласы бар. Олжас есімді ұлым колледж бітірді. Қазір қалада жұмыс істеп жүр", - дейді ана.

"Күйеуімнің денсаулығы сыр берді"

Қазір Татьяна астана маңындағы Рақымжан Қошқарбаев ауылында тұрады. Ол мұнда жұмыс жоқ болғандықтан қалаға қар тазалаушы болып орналасыпты.

"Бұл жұмысқа ауылдағы таныстарым шақырды. Күйеуім екеуміз келістік. Алғашында бірге жұмыс істеп жүрдік. Кейін жолдасымның денсаулығы сыр берді. Сөйтіп, ол үйде отыратын болды. Ал мен әрі қарай жұмыс істей бердім", - дейді ол ағынан жарылып.

"Жылағым келеді"

Татьяна Мускинова алғашында ауыр жұмысты тастап кеткісі келген екен. Бірақ отбасын ойлап, бұл ойынан бас тартыпты.

"Ондай ой болды. Кейбір кездері үйге келіп, жылағым келеді. Мүмкін, шаршағаннан шығар. Біраздан соң ашуым тарқайды. Отбасымды ойлаймын. Кредитіміз бар. Оны төлеу қажет. Сөйтіп, жұмысыма қайта шығамын", - дейді тұрғын.

Ол жұмысқа бару үшін түнде тұратынын, автобуспен қалаға жететінін тілге тиек етті.

"Жұмысқа бару үшін түнгі 3-те тұрамын. Ал сағат 4-те ауылға автобус келеді. Ауылым қалаға жақын. Ол 36 шақырым жерде орналасқан. Алайда Киевка, Ахмет, Оразақ ауылдарынан келетін жұмысшылар бар. Олар 100 шақырым жол жүріп келеді", - дейді Татьяна Мускинова.

"Таңғы 8-ге дейін жолды тазалап үлгеру керек"

Осы орайда "Астана Тазалықтың" қызметкері жұмыс тәртібін түсіндірді. Оның айтуынша, ауылдан келген жұмысшылар таңғы 05:30-да қалаға жетеді. Басшылықтан тиісті тапсырманы алған соң, таңғы 06:00-де қала көшелерінен қардан тазалауға кіріседі.

"Біз таңғы 8-ге дейін жолдарды тазалап үлгеруіміз керек. Себебі, осы уақытта жолда кептеліс басталады. Техника жеткілікті. Бірақ жұмыс күші аз. Мысалы, бұрын бір бригадада 30-40 адам болатын. Қазір 15 адам жұмыс істейді. Оның екеуі ауырып жатыр. Арасында жұмысқа шықпай қалатындары да бар", - дейді ол.

Әңгіме барысында Татьяна Мускинова сағат 10 мен 12-нің арасында демалатынын, әрі кешкі 4-ке дейін жұмыс істейтінін атап өтті. Ал шамамен кешкі сағат 6-7-де ауылға жетеді.

"Жалақы аз"

Сонымен қатар Татьяна Мускинова жалақы мәселесін де көтерді.

"Мұндағы жұмысшылардың жалақысы 100-120 мың теңге аралығында. Арасында сыйақы алып тұрамыз. Биыл менің жалақым сәл көтеріліп, 120 мың теңге болды. Ал еңбек өтілім - 14 жыл. Менің ойымша, жалақы 200 мың теңге болса, бұл салаға адамдар келер еді. Бірақ мұның өзі аз", - дейді жұмысшы.

"Жастар жұмыс істемейді"

Оның айтуынша, бұл салада көбінесе ауыл тұрғындар еңбек етеді. Ал жастардың бұл салада тер төгуге ынтасы жоқ.

"Жастар келеді. Бірақ жұмыс істемейді. Бір апта істеп, кетіп қалады. Олар жұмыстың ауырлығына шыдамайды. Суық қой. Біздің бригадада 15 адам бар. Басым бөлігі әйелдер. Арамызда тек екі ер адам бар. Оның біреуі 63 жаста. Биыл зейнетке шығады", - дейді Мускинова.

Сондай-ақ ол аяз күндері жұмысшылар тоңып қалмауы үшін жанталасып жұмыс істейтінін атап өтті.

"Арманым - зейнетке шығу"

Татьяна ауыр жұмысын тастағысы келмейді. Себебі, оған үйреніп қалыпты. Ендігі арманы тезірек зейнетке шығып, немересін бағу.

"Жұмысымды жақсы көремін. Адал жолмен ақша тауып жүрмін. Жасым 48-де. Зейнетке шығуды армандаймын. Немелерімді бақсам деймін. Алайда зейнетке шығудың өзі оңай емес", - дейді тұрғын.

Әңгіме барысында Мускинова қала тұрғындары тарапынан түсіністік пен құрмет аз екенін айтты.

"Биыл қаланы қар басып қалды. Шамамызша жұмыс істеп жатырмыз. Алайда тұрғындардың басым бөлігі "Астана Тазалық" жұмысшылары жұмыс істемейді деген пікірде. Олар қаладағы аялдамалар мен жолдар қардан тазаланбағанын айтып, бізге ескерту жасайды.

Ал жасы үлкен азаматтар бізді көрсе "Мынау не сұмдық? Жұмыс істемейсіңдер ме? Жай жүріп, ақша аласыңдар" деп ұрысады. Алайда біз адал еңбегімізбен күнімізді көріп жүрміз", - дейді қар тазалаушы.

Сөз соңында Татьяна Мускинова бұл шағымдарға қарамастан өз жұмысын жақсы көретінін айтты.

Мәтін: Дәурен Ерболат

Фото: Тұрар Қазанғапов

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети