Бүгін белгілі журналист әрі медиа менеджер Батыр Қазыбаев фәни дүниенің есігін жапты.
Бүгін белгілі журналист әрі медиа менеджер Батыр Қазыбаев фәни дүниенің есігін жапты.
Екеуміздің арамызды алты жас алшақтығы бөліп тұрса да, мен оған ағалық танытып көрген емеспін. Себебі ол жастайынан бар нәрсеге байыппен қарайтын зерек бала болып өсті. Сондықтан болар, әркез мысы басып тұратын. Ал енді ұқыптылығы сонша, мектеп қабырғасында жүргеннен аяқ киімі жылтырап, шалбарының қыры сынбайтын. Және де ауылдың қарасирақ баласы болып өскендіктен бе, мен өзім де оның осындай жүріс-тұрысына қарап, бой түзейтінмін. Тіпті, сабаққа дайындалып отырған столының үстінде де артық зат жаптайтын. Кітаптары мен дәптерлері де қыздың жасауындай, жып-жинақы тұратын. Осындай бекзат қасиеттері арқылы оның өз қатарластарына қарағанда ерте есейгенін байқау қиын емес еді.
Әлі есімде. 1976 жылы 13 жасымда алғаш Алматыға келіп, қазіргі Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастым. Ол мектеп-интернатқа қабылдануыма белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаев нағашым себепкер болған еді. Және де сол оқу ордасында Кәкімжан ағаның жолдасы, есімі елімізге белгілі педагог-жазушы Орынша Қарабалина апай сабақ беретін. Нағашымның кенже ұлы Батыр болса сол жылы бірінші класта орыс мектебінде оқитын. Интернат нағашымның үйіне жақын жерде болғандықтан, сол жаққа жиі баратынмын. Бір жағынан ауылды да қатты сағынамын.
Кәкімжан ағаның үйіне барған сайын Рейхстагқа ту тіккен қаһарман батырымыз Рақымжан Қошқарбаев, белгілі жазушы-журналистер Сапар Байжанов, Камал Смайылов, Бақытжан Момышұлы, Зейнеп Ахметова, әдебиетші ғалымдар Шерияздан Елеукенов пен Мұхтар Арын, т.б. жиі көретінмін. Сол кезде осындай тұлғалардың әңгімесін тыңдап, қолдарына су құю бақытына ие болған тағдырыма әлі күнге дейін мың да бір шүкіршілік етемін. Бұл жағдайлар өмірде өз жолымды тауып, азамат болып қалыптасуыма үлкен ықпал еткенін ешқашан естен шығарған емеспін. Ал енді қонақтар қайтуға жиналған кезде Батыр екеуміз сырт киімдерін кигізіп, қызмет жасайтынбыз. Олар бізге рахметтерін айтып, баталарын беріп жататын. Түсінге адамға бұл да бір үлкен мектеп екені сөзсіз, әрине.
Қазір ойлап қарасам, ондай зиялы қауым өкілдерінің ғибратты әңгімесін тыңдап, жақсы қасиеттеріне тәнті болу өмір жолында екеумізге де үлкен азық болыпты. Батырдың жас болса да бас болып ер жетуі содан болар деп ойлаймын. Сонымен қатар екеуміздің де журналистика әлеміне келуімізге себепкер болған жағдайлардың бірі осындай зиялы ортаның әсері екені сөзсіз. Біз екеуміз де газет-журналдарға мақала жазуды мектеп қабырғасында жүргеннен бастадық. Және де сол кездері әлгі тұлғалалардың кітаптарына алғаш рет автограф жаздырып алып, кеудемді мақтаныш сезімі кернеп жүрген күндер әлі көз алдымда. Жазғы демалысқа барғанда уылдағы кластастарыма да көрсетіп, мақтанатын едім. Өкінішке орай, талай кітабым қолды болып кетті.
Батыр жастайынан өте зерек болды. Бірде ол мені шахмат ойнауға шақырды. Шахматты мықты ойнамасам да, өз қатарластарымның біразын ұтып жүрген болатынмын. Ұят-ай! Сол кезде жеті жасар баладан ойсырай жеңіліп, бетімнің қызарғаны әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Менің бұл жеңілісімді көрген Кәкімжан аға: "Ой, Бекен-ау! Қаршадай баладан жеңіліп не көрінді? Шахматты жақсылап үйрен. Ол адамның тактикалық ойлау қабілетін арттыратын интеллектуальдық ойын" дегенде өзімді қоятын орын таппай қалған едім. Өкінішке орай, бізден талантты шахматшы шықпады. Кейіннен көп нәрсеге қол жеткізген адамдардың өмір жолын зерттеп қарасам, шынымен де көбісі жастайынан шахматты мықты ойнапты.
Иә, Кеңес үкіметі кезінде оқушы баладан бастап еңкейген кәріге дейін кітап пен газет-журналдарды көп оқитын. Сол кезде зиялы қауым арасында ғана емес, қарапайым ауыл адамдарының ішінде де кітап жинау деген жақсы үрдіс қалыптасқан болатын. Талай адамдар залдағы сөрені жиһазбен емес, кітаппен толтыратын. Кітабы көп үйдің ішінде зайырлылық байқалып, білім бұлағы сусындап тұрғандай көрінетін. Осы орайда маған жұрттың қолына түспей жүрген талай кітаптарды қиналмай оқу бақыты бұйырды. Себебі, Кәкімжан ағамның жеке кітапханасында сол кездегі "ЖЗЛ" сериясынан бастап, шетел, орыс және қазақ классиктерінің барлық шығармалары тұратын. Ол кезде мен дұрыстап орысша да білмеймін. Батыр болса қаршадайынан орысша кітаптарды көп оқитын. Кейде маған: "Мына кітапты оқыдың ба? Керемет екен" дегенде мен ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздайтынмын. Екеуміз тек орысша ғана сөйлесетінбіз. Соның арқасында кейіннен орысшам кәдімгідей жөнделіп, сол тілдегі шағын кітаптарды да оқи бастадым. Осылайша, менің тілімді орысша сындырып, кітап әлеміне бас сұғуыма себепкер болған адамның бірі - жиен інім Батыр болатын.
Батыр екеуміз өмірде нағашылы-жиен болсақ та, туған ағалы-інілерден артық сыйластық. Менің 13 жастан бергі бүкіл өмір жолым Кәкімжан аға мен Орынша апайдың тәрбиесінде өтті. Жоғарғы оқу орнына түсуіме де, кейіннен Алматыда қызметке қалуыма да себепкер болған осы кісілер. Сондықтан да өмірде бір биікке қол жеткізсем, оны Кәкімжан аға мен Орынша апайымның тәрбиесінің арқасы деп мойындап жүремін. Ал енді Батырдың азамат болып қалыптасудағы болмысы бізден сәл бөлектеу болды. Мектепті алтын медальға, университетті қызыл дипломға бітірді. Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің соңғы курсын Америкадан оқыды. Ағылшынша жосылтқанда алдына жан салмайтын. Мінезі орнықты және көп сөзге сараң болғандықтан ба, бос мылжыңды ұнатпайтын. Еңбекқорлығы сонша, үнемі уақыты жетпей жүретін. Әрине, өркениет өрісіндегі бәсекелестік белең алған заманда медиа холдинг құрып, оны аяғынан тік тұрғызу оңай шаруа емес. Ол үшін қаншама тың идеялар мен ізденістер керек екені айтпаса да түсінікті.
Батырдың бойындағы тағы бір айта кететін ерекше қасиеті - ешқашан ішіндегі сырын ашпайтын. Және де қолында бар мүмкіндігі бола тұра, басқалар сияқты жетістіктерін жария етіп, өзінің жағымды имиджін қалыптастыруға талпынған әрекеттерге де бармайтын. Бұл оның арзан беделге бой алдырмайтын өмірлік қағидаты болатын. Осындай қарапайымдылығы оның бүкіл болмыс-бітімін ашып тұратын. Әкесі Кәкімжан аға да сондай азамат еді. Олай дейтінім, Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы болып тұрған кезде өзінің кітаптарын да шығартпады және шығармашылығын жарнамалауға жол бермеді. Осы орайда бірде Д.А.Қонаевтың Кәкімжан ағаға: "Сырға берік жігіт екенсің. Сырға беріктік - сынға беріктік" деп жазған естелігі есімде қалып қойыпты. Батыр да сондай сырға да, сынға да берік азамат болғандықтан, ешқашан артынан өсек-аяң ергізген жоқ. Мен оның бойындағы осындай қасиетіне тәнті болатынмын. Яғни, ағасы ретінде ол менен емес, мен одан үлгі алатын едім.
Кейде адамның тағдыры азан шақырып қойылған атына да байланысты қалыптасады деген ырым да дұрыс шығар. Оның есімінің Батыр деп қойылуының да өз тарихы бар. Оған Батыр деген рухты ұғымға негізделген есімді Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев ағамыз қойған болатын. Ол жастайынан батыр ағаларының тәрбиесін көріп, солардың батасын алып өсті. Олай дейтінім, Кәкімжан ағамыз жастық шағында қазақтың біртуар батыры Бауыржан Момышұлы ағамыздың үйінде тұрып, сол кісінің де біраз тәрбиесін көрген жайы бар. Рақымжан ағамен танысуына да себепкер болған Бауыржан Момышұлы. Ал Рақымжан ағамен жамбасы жерге тигенше туған ағалы-інілердей сыйласты. Батыр да сол батыр ағаларының айтқанын зердесіне түйіп, аялы алақанының табын сезінген баланың бірі және бірегейі. Сондықтан болар, Рақымжан Қошқарбаев аға Батырды ерекше жақсы көретін. Өз баласы сияқты құшағына басып, ерекше мейірім танытқанын көргенде қатты қызығатын едім.
Иә, өмір болған соң биікке шығып, сүйіндік те, өзекке түсіп, күйіндік те. Сондай кездерде Батырға хабарласып, ақыл-кеңес сұраған кездерім де көп болды. Бірде оған жеке шаруаммен хабарласқан кезде: "Жарайды, шешуге болатын проблема" деп көңілімді көтеріп қойды. Алайда, арада бір аптадай уақыт өтті. Батырдан еш хабар болмаған соң, шыдамай телефон шалдым. Сол кезде сыпайы ғана: "Бекен, сен тым шыдамсыз екенсің ғой..." дегенде ұялғаным-ай. Бұл оқиға да мен үшін үлкен сабақ болды. Көп ұзамай айтқан уәдесінде тұрып, проблемамды шешіп берді. Кейіннен Балаларыма да көп көмегі тиді. Осылайша, менің ағалығымнан гөрі, оның маған інілік қамқорлығы көп болды. Алайда, бірде-бір рет жасаған жақсылығын бұлдап, міндетсінген емес. Оның азаматтығы да, адамгершілігі де осындай бекзат қасиеттері арқылы айқындалып тұратын.
Батыр інім еңбек жолындағы барлық биіктерге өзінің білімділігі мен біліктілігі және адамгершілік қасиеттері арқылы жетті. Мемлекетік қызметте Ақордадан бастап Министрлер Кабинетінің канцелярия меңгерушісінің орынбасарына дейін көтерілді. Содан кейін медия бизнеске ауысып, өзін жаңа менеджерлік қырынан танытты. Басқалар сияқты әкесі мен көкесіне сенген жоқ. Себебі, әкесі Кәкімжан аға Батыр университетте екінші курста оқып жүрген кезде қайтыс болып кеткен болатын. Өмір болған соң талай қиындық пен әділетсіздіктерді де бастан кешірді. Алайда, ешбіріне мойыған жоқ. Соның нәтижесінде өзі негізін қалап, басқарып отырған Алаш медиа групп холдингіне қарайтын (Tengrinews.kz ақпараттық сараптамалық порталы, Massaget kz жастар порталы, "Жұлдыз FM", "Ретро FM Казахстан" радиостанциясы, Vesti.kz спорт жаңалықтары, "СТВ" және "7 арналары) әлеуметтік желілерді бұқаралық ақпарат кеңістігінде биік дәрежеге көтерді. Оған мысал ретінде медиа холдингтің құрамындағы бір ғана Tengrinews.kz ақпараттық-сараптамалық порталындағы жаңалықтарды күніне 500 мыңнан аса оқырман қарайтынын және инстаграм парақшасында 2 миллионнан астам аудиториясы бар екенін айтсақ та жеткілікті. Сонымен қатар, 2011 жылдан бастап бірнеше мәрте еліміздегі ең үздік сайт дәрежесіне көтерілді.
Тағы бір ерекше айта кететін жайт, Батырдың тікелей басшылығымен Алматы қаласында бірнеше жыл қатарынан өткізілген халықаралық этникалық Spirit of Tengri фестивалі елімізді әлемдік деңгейде танытты. Оны тамашалау үшін Республика сарайы алдына 20 мыңнан астам адам келіп, Алматы кеші әсем әуенге бөленетін. Осылайша, Батыр Кәкімжанұлы медиа саласындағы журналистік қана емес, кәсіби менеджерлік пен продюсерліктің де жарқын үлгісін көрсетті. Ауқымды шаралардың сценарийін де өзі дайындайтын. Батырдың осындай азаматтық қасиеттері жөнінде белгілі журналист әрі бизнесмен Арманжан Байтасов: "Ол достыққа адал және ешқашан сатқындық жасамайтын жан. Осындай қасиеттері арқылы өмірде алған қойған мақсаттарының бәрін сәтті жүзеге асырып, адамдардың сеніміне ие бола білді. Батыр Қазыбаев сияқты досымның жанында өзімді әркез өте жайлы сезінемін" деп жазыпты. Сондықтан болар, Батырмен журналистер қауымы ғана емес, билік басында жүрген талай шенеуніктер де үлкен сенім артып, пікірімен санаса білетін.
Батыр Қазыбаевтың медиа журналистика саласындағы жетістіктері оның шыққан тегіне де байланысты екені сөзсіз. Себебі, әкесі Кәкімжан Қазыбаев ағамыз көзі тірісінде қазақ журналистикасының қатепті қара нары атанған талантты қаламгерлердің бірі және бірегейі болды. Ол қатардағы журналистен Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысына дейін көтерілген бірінші адам. Өмір жолында елі үшін адал еңбек етіп, қаншама талантты қайраткерлер мен қаламгерлер буынын тәрбиеледі. Ал анасы Орынша Жолмұратқызы Қарабалина апай болса есімі елімізге белгілі қаламгер-ұстаз. Оның алдынан білім алу бақытына ие болған шәкірттерінің ішінде билік басында, саясатта, ғылым мен өнер, т.б. салаларда жүргендер жетерлік. Солардың бірі және бірегейі ретінде бүгінгі күні Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен "Егемен Қазақстан" АҚ президенті Дархан Қыдырәліні, кезінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовты, т.б. айтсақ та жеткілікті. Осындай шаңырақтан тәрбие алып, өмір атты үлкен теңіздің ағысына қарсы жүзе білген Батыр Кәкімжанұлының басқаша болып қалыптасуы мүмкін емес еді. Ол шынымен де тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы деуге лайық азамат.
Ол қызмет барысында тамыр-таныстық арқылы материалдар шығаруға және біреудің тапсырысын орындауға жаны қас болатын. Басқа жұмыстары басынан асып жатса да, әр материалдың мазмұны мен сапасына ерекше көңіл бөлді. Журналистиканың таптаурын болған ескі сарынынан бас тартып, бүгінгі күн талабына жауап бере алатын озық үлгідегі ақпараттық әдістермен жұмыс істеуге тырысты. Әсіресе, адамның ары мен намысына тиетін материалдарды басқызбайтын. Қоғамдық пікірлерді екшелеп, ақпараттарды саралау барысында дақпырт туғызатын арзанқол сенсациялық әдістерге де барған емес. Олай дейтінім, өз басым бір-екі мәрте кеден саласындағы контрабандалық әрекеттер туралы мақала апарған кезде: "Бекен, мына жерлерін кішкене дұрыстап жазып әкелші" деп қайтарып та жіберген кезі болды. Мен оған ренжіген жоқпын. Себебі, жастайынан өзіне де, өзгеге де талапшыл екенін жақсы білемін. Ондай болмаса бұндай биікке жетпес еді, әрине.
Батыр жайлы әңгіме қозғаған кезде оның отбасының тіреуі ретіндегі ерекше тұлғасына да тоқтала кеткенім артық болмас. Ол отбасында өзінің әке ретіндегі ролін әрдайым жоғары ұстады. Балаларының көзінше жат қылық жасап, дауыс көтермейтін. Ол әрине, әкесі мен анасынан алған үлгісі. Себебі, өз басым Кәкімжан ағаның көзі тірі кезінде шаңырағында ыдыс-аяқтың сыңғырлағанын естіген де, көрген де емеспін. Сол дәстүрді Батыр жолдасы Зәуре екеуі жалғастыра білді. Әр баласына жеке бір әлем ретінде қарады және әкелік мейірімін себе білді. Сондай-ақ еліне қорған бола білетін азаматтар болып өссін деп ырымдағаны шығар, үш ұлының атын Шыңғыс, Жәңгір және Райымбек деп қойды. Ал жалғыз қызының есімін әкесінің анасының құрметіне Дәмелі деп атады. Атына заты сай дегендей, балаларының бәрі де жақсы оқып, ата-анасының мақтанышына айналып жүр. "Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі". Осы орайда бүгін ата-анасының мерейін өсіріп жүрген балалары ертең әкелері сияқты елінің мақтанышы боларына еш шек келтірмеймін.
Мына фәни жалғанда "Жұмақ - ананың аяғының астында" деп бекер айтылмаса керек. Осы орайда Батырдың анасы Орынша апайға деген балалық махаббаты бөлек бір әлем. Ол туралы педагогикалық тәрбие мәтінінде бір кітап жазуға да болады. Жұмысқа кетерде және жұмыстан келген бетте анасын құшағына басып, бетінен мейірлене сүю дағдыға айналғалы қашан. Жолдасы Зәуре екеуі үй шаруасына қолын тигізбей, шығармашылықпен айналысуына да барлық жағдайды жасады. Орынша апайға барған сайын қолына қаламын ұстап, беймарал жұмыс ітеп отырғанын көргенде қатты қызығатынмын. Тіпті оның ерінбейтіндігі сонша, мамасына әлеуметтік желілермен жұмыс істеуді де үйретіп қойды. Орынша апай жасы тоқсанға келсе де, Фейсбукқа тіркеліп, интернет желісіндегі қызықты материалдарды да қалт жібермей оқиды. Кей кездері әлеуметтік желілерде шыққан менің мақалаларымды оқығанда пікірін айтып, жігер беріп қоятыны бар.
Сонымен қатар, Орынша апайды қыдыртпаған шет елі, демалдырмаған шипажайы да кемде-кем. Қысқаша айтқанда, анасына әлемнің барлық жарығын сыйлауға тырысты. Баласының осындай қасиеттеріне риза болған Орынша апай бірде маған: "Кәкең мен Нұртас баламның қайғысын ұмыттырған осы Батырым ғой" деп сүйсіне айтқан сөзі әлі күнге дейін көз алдымда. Шынын айтқанда, оның мейірбан жүрегіне қарап отырып, көзі тірісінде анам марқұмға Батыр сияқты қамқорлық жасай алмағаныма талай мәрте өкінген жайым бар. Біз қалада, шешеміз ауылда тұрды. Ауылға барған сайын бар жағдайын жасауға тырыстық, әрине. Қалай десек те балалық махаббатымызды Батыр інімізше көрсете алмағанымызды енді түсінгендеймін.
Әр бейнеттің өз зейнеті болары хақ. Бұқаралық-ақпараттық саладағы жетістігі үшін Батыр Қазыбаевтың еңбегі билік тарапынан ескерусіз қалған жоқ, әрине. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен "Құрмет" және "Парасат" ордендерімен, "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды. Өкінішке қарай, өткен жылы тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай "Парасат" орденімен марапатталғандағы жаңалықты сырқаттанып жатып естіп, салтанатты жиналысқа бара алмаған еді. Осы орайда аталмыш мемлекеттік марапатты Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен экс юстиция министрі Марат Бекетаев екеуі үйіне арнайы келіп, ел басшысының атынан салтанатты түрде тапсырып, үлкен азаматтық танытқандарын айта кеткеніміз артық болмас.
Батыр інімнің қалін білейін деп бүгін ғана үйіне барып едім. Төсекте үнсіз жатыр екен. Орынша апай жанына келіп: "Батыртай, Бекен ағаң келіп тұр" деп маңдайынан сүйіп, қолынан сипады. Бірақ ол үндемеді. Сол кезде Орынша апайдың мұңлы жанарынан ағытылып түскен жасты көру өте ауыр болды. Қазақта үлкен кісілердің: "О, жаратқан ием! Атамды алсаң да, ботамды ала көрме" деп жалбарынатыны да осындайдан екен ғой. Денем тоқ соққандай дір ете түсті. Жанарыма ыстық жастың қалай іркіліп қалғанын байқамай қалдым. Тамағыма кермек дәм тірелді. Дауысым дірілдеген күйі мен де ақырын ғана "Батыржан" деп қолынан ұстадым. Өкінішке орай, тіл қатуға шамасы келмеді. Түстен кейін Батыр бауырым соңғы демін алып, Алла тағаланың құзырына кетті. Сөйтіп, қадамымызды жаңсақ бассақ, ақыл айта білетін, қиналсақ, қамқорлық таныта алатын Бәйтерегіміз биігінен құлады. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, бауырым! Артыңда қалдырған жарқын да жарық іздерің ешқашан өшпек емес...
Бекен Нұрахметов,
Қазақ журналистикасының қайраткері,
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі