22 июля 2021 | 16:54

Спортшылар вирус жұқтырып жатыр. Олимпиада өтпей қалуы мүмкін бе?

©Reuters

Токиодағы Олимпиада ойындарының қатысушыларынан коронавирус табылып жатыр. Салдарынан төртжылдықтың басты додасы тоқтатылуы мүмкін. Ұйымдастырушылар осындай мәлімдеме жасаған. Tengrinews.kz тілшісі төрткіл дүние тамашалайтын басты додадағы коронавирус жағдайына шолу жасады. 

ПОДЕЛИТЬСЯ

Токиодағы Олимпиада ойындарының қатысушыларынан коронавирус табылып жатыр. Салдарынан төртжылдықтың басты додасы тоқтатылуы мүмкін. Ұйымдастырушылар осындай мәлімдеме жасаған. Tengrinews.kz тілшісі төрткіл дүние тамашалайтын басты додадағы коронавирус жағдайына шолу жасады. 

Олимпиада тоқтатылуы мүмкін

Sky Sports мәліметінше, Токиодағы Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің бас директоры Тосиро Муто коронавирусқа байланысты жағдай нашарлаған жағдайда Олимпиада ойындары тоқтатылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Реклама
Реклама

Муто егер вирус жұқтырғандар саны көбейсе, ұйымдастырушылар шұғыл жиын өткізіп, Олимпиаданы тоқтатуы мүмкін екенін айтты. 

"Қанша адам коронавирус жұқтыратынын болжай алмаймыз. Егер ондай жағдай болса, не істеу керегін ойланамыз", - деді Муто. 

@Reuters

Токиода биылғы Олимпиада барлық сақтық шарасын сақтау арқылы өтеді. Барлық құрама ПТР тест тапсырады, карантинде жатады, көрермендер де көп сайысты барып тамашалай алмайды. Бұған дейін Олимпиада ойындарының 26 сайысы көрерменмен, қалған 724-і бос трибунада өтетіні хабарланған. 

Спортшылардан коронавирус табылып жатыр

Тосиро Мутоның бұлай алаңдауына негіз бар. Себебі қазір спортшылар мен делегация өкілдерінен COVID-19 анықталып жатыр. 17 шілдеде Олимпиада қалашығында алғашқы оң нәтиже тіркелді. Жапонияға шетелден келген делегация өкілі коронавирус жұқтырған.

Сол кезде Олимпиаданың ұйымдастыру комитеті одан бөлек тағы 14 адамнан коронавирус анықталғанын хабарлаған. 15 адамның сегізі шетелден барған, жетеуі Жапониядан. Бірақ олардың ешқайсы спортшы емес екені белгілі болған еді. 


@Reuters

Ал 18 шілдеде спортшылардан да COVID-19 анықтала бастады. NHK телеарнасының мәліметінше, сол кезде үш спортшыдан коронавирус анықталған. Ал таяуда Жапонияға барған тағы бір шетелдік спортшы вирус жұқтырған. Қай ел спортшыларынан анықталғаны әлі хабарланбады. Әйтсе де, 1 шілдеден бері Олимпиадаға қатысы бар 80-нен аса адамнан коронавирус анықталыпты.

Гвинея Олимпиадаға қатысудан бас тартты

Ал таяуда Гвинея құрамасы Токиодағы Олимпиада ойындарына қатысудан бас тартты. Бұл туралы елдің спорт министрі Санусси Бантама Соу мәлімдеді. 

Бұл тұста да коронавирус. Бес адамнан тұратын құраманы Олимпиадаға жібермеудің ресми себебі ретінде коронавирус жұқтыру қаупі аталған.

"COVID-19-ға байланысты Гвинея спортшыларының денсаулығына алаңдаған үкімет құрама Токио Олимпиадасында өнер көрсетпейді деп шешті", - делінген Санусси Бантама Соудың Гвинея Олимпиада комитетінің президентіне жолдаған хатында. 


@Reuters

Бірақ, РИА Новости мәліметінше, ел үкіметіне жақын ақпарат көзі мәселенің бәрі сапар шығындарына қаражат жетіспегендіктен деп болжам жасаған.

Қазақстандықтар Олимпиаданы көре алмауы мүмкін

Қазақстандықтар Токио Олимиадасын телеарналардан көре алмай қалуы мүмкін. Себебі бүгінде отандық телеарналар Олимпиада трансляциясын сатып алмаған.

"Токио Олимпиадасының тікелей трансляциялар құқығы Dentsu Inc. компаниясына тиесілі. "Қазақстан" телерадиокорпорациясы мен "Хабар" агенттігі" АҚ Qazaqstan, Qazsport, "Хабар" телеарналары арқылы Жазғы Олимпиаданы ел аумағында көрсету бойынша келіссөзді 2019 жылы бастаған болатын. Тараптар әзірге ортақ келісімге келе алған жоқ", - делінген "Қазақстан" РТРК" АҚ мәлімдемесінде.


@Reuters

Ал екіжақты келісімнің ұзаққа созылу себебі құқық иесінің лицензия бағасын 2016 және 2018 жылдардағы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда 123 пайызға қымбатқа ұсынуы екені айтылады. 

Ал кейін Vesti.kz порталы Олимпиада Қазақстанда тікелей эфирде көрсетілетінін мәлім етті. Портал мәліметінше, қазақстандық арналар телетрансляция құқығын сатып алу туралы келісімге келген. Осылайша, Олимпиада ойындары Qazsport, Qazaqstan және "Хабар" арналарынан көрсетілетіні айтылды.

Артынша "Хабар" телеарнасы Facebook-парақшасында "Ел арнамен" бірге Олмпиада ойындарын көрсететінін хабарлаған. Бірақ кейін жазбасын өшіріп тастады

Ал Qazsport телеарнасының бас директоры Нағи Бақытбек келіссөз әлі жүріп жатқанын мәлімдеген. Әзірше отандық телеарналар Олимпиада трансляциясын көрсету бойынша ресми хабарлаған жоқ. 

Бір күн қалғанда тағы бір шу шықты

Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына бір күн қалғанда тағы бір шу шықты. Reuters мәліметінше, ашылу салтанатының режиссері Кентаро Кобаяси қызметінен босатылды. Себебі Желіде оның 23 жыл бұрынғы видеосы тараған. 

1998 жылы түсірілген видеода Кобаяси комедиялық дуэттегі нөмірі көрсетілген. Онда режиссер "холокост ойнауды" ұсынып, қағаздан жасалғаш кішкентай адамдарды геноцид құрбандары секілді көрсетіп, оны жан-жаққа лақтыра бастайды.

Кобаяси сол видео үшін кешірім сұраған. Ол 1998 жылғы әзілін "ақымақтық" деп бағалады. 

Олимпиада ұйымдастыру комитетінің төрағасы Сэйко Хасимото бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.

"Ашылу салтанаты жақындап қалды, сондықтан мазалағанымыз үшін Олимпиада ойындарының қатысушыларынан, Токио тұрғындары мен Жапония халқынан кешірім сұраймыз", - делінген Хасимото хабарламасында.

Айта кетейік, XXXII Жазғы Олимпиада ойындары Токиода 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді деп жоспарланған. Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың 27 түрінен 97 лицензия бар.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram