ПОДЕЛИТЬСЯ
12 августа 2021 | 17:09
Пәтер кілті, 125 мың доллар. Олимпиада жүлдегерлеріне қандай сыйақы берілді?
Кеше Токио Олимпиадасының жүлдегерлеріне берілген көліктер туралы жазған едік. Елге медальмен оралған спортшылардың басым бөлігіне көлік табысталды. Бұл жолы Tengrinews.kz тілшісі Токио Олимпиадасында жүлде алған спортшыларға бюджеттен қанша қаражат бөлінгенін, сондай-ақ, демеушілер қандай сыйлық бергенін баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Кеше Токио Олимпиадасының жүлдегерлеріне берілген көліктер туралы жазған едік. Елге медальмен оралған спортшылардың басым бөлігіне көлік табысталды. Бұл жолы Tengrinews.kz тілшісі Токио Олимпиадасында жүлде алған спортшыларға бюджеттен қанша қаражат бөлінгенін, сондай-ақ, демеушілер қандай сыйлық бергенін баяндайды.
Бәріне 75 мың доллардан
Ең алдымен бюджеттен берілетін сомаға тоқталайық. Қазақстанда Олимпиада чемпиондарына 250 мың доллар, күміс жүлдегерлерге 150 мың доллар, ал қола медаль алғандарға 75 мың доллар қарастырылған.
Сегіз спортшымыз Токиодан қола медальмен қайтқан еді. Олардың әрқайсына 75 мың доллардан беріледі. Бұлар - дзюдошы Елдос Сметов, ауыратлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло, боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов, балуан Нұрислам Санаев, сондай-ақ, каратэшілер Дархан Асәділов пен Софья Берульцева.
Фото: ©Жеңіс Ысқабай, olympic.kz
Ал Олимпиадада төртінші орын алған теннисші Елена Рыбакина 30 мың доллар алады. Бесінші орын алған гимнаст Милад Каримиге 10 мың доллар беріледі.
Осылайша, қазақстандық спортшыларға ел бюджетінен 740 мың доллар табысталады. Бұл - қазіргі бағаммен 314,5 миллион теңге.
Боксшылар 50 мың доллардан алды
Ел бюджетінен бөлінетін негізгі сыйақыдан бөлек демеушілер, федерациялар спортшыға түрлі сый жасайды.
Мысалы, Токио Олимпиадасы басталар алдында Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев боксшыларды ынталандыру үшін жеке жүлдеқорын жариялаған.
Сол кезде бокс федерациясының сайтында Рақышев Олимпиадада "алтын" алған боксшыларға 100 мың доллардан беретіні хабарланған. Ал күміс медаль еншілегендерге 70 мың, қола медаль алғандарға 50 мың доллардан берілетіні айтылған болатын.
Фото: Reuters
Бірақ боксшылар тек қола медальмен қайтқан болатын. Сондықтан Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосыновқа елден бөлінетін 75 мың доллардан бөлек, федерация атынан 50 мың доллар беріледі. Осылайша, бұл боксшылар 125 мың доллар (53 миллион теңге) сыйақы алды.
Төртінші орын үшін 70 мың доллар
Қазақстан тарихында Олимпиадада алғаш болып жартылай финалға шыққан теннисші Елена Рыбакина да назарсыз қалмады. Қазақстан теннис федерациясы демеушілер арқылы оған 70 мың доллар көлемінде сыйақы жасамақ.
"Иә, оны ынталандырамыз. Қазір келіссөз жүргізіп жатырмыз. Демеушілер қызығушылық танытып отыр, оның ішінде Beeline, Forte Bank компаниялары бар. Солармен сөйлесіп жатырмыз. Шамамен 70 мың доллар көлемінде ақша бөлгісі келіп отыр. Бұл спортшының рейтингіде көтеріліп, дамуына көмек болады", - деді теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский ОКҚ-дағы брифингте.
Фото:olympic.kz
Осылайша, Елена Рыбакинаға жалпы алғанда 100 мың доллар (42,5 миллион теңге) көлемінде сыйақы табысталады.
Пәтер кілті табысталды
Ал балуан Нұрислам Санаевқа пәтер кілті табысталды. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірге жүлдемен оралған жалғыз спортшыға пәтер сыйлады.
"Жас ұрпаққа салауатты өмір салты мен спортты дәріптеуде үлгі болып, баға жетпес үлес қосасыздар. Адал әрі аянбай күрескендеріңіз үшін, батылдықтарыңыз бен отансүйгіштіктеріңізге шын жүректен алғыс айтамын", - деді Оңдасын Оразалин спортшылармен кездесу барысында.
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі
Бірақ Санаевқа пәтер өңір бюджетінен не демеушілерден берілгені туралы ақпарат жоқ.
Нұрислам Санаевқа бұған дейін де пәтер сыйға тартылған. 2018 жылы әлем чемпионатында күміс медаль алғаны үшін Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаев екі бөлмелі пәтер кілтін табыстаған болатын.
Еске салайық, Токио Олимпиадасы 23 шілде мен 8 тамыз арасында өткен. Қазақстан қоржынына 8 қола медаль түскен болатын. Ұлттық құрама алғаш рет Олимпиадада алтын жүлде еншілей алмай, медальдар есебінде 83-орынға тұрақтаған болатын.
Показать комментарии
Читайте также