ПОДЕЛИТЬСЯ
31 декабря 2020 | 10:01
Олимпиада, әлем чемпионаты. 2021 жылы өтетін басты спорт додалары
Биыл пандемияға байланысты көптеген спорт жарысы шегерілді. Енді 2021 жылы қазақстандықтарды түрлі спорттан әлем чемпионаты, Олимпиада ойындары күтіп тұр. Tengrinews.kz тілшісі 2021 жылы болатын басты спорт жарыстары туралы баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Биыл пандемияға байланысты көптеген спорт жарысы шегерілді. Енді 2021 жылы қазақстандықтарды түрлі спорттан әлем чемпионаты, Олимпиада ойындары күтіп тұр. Tengrinews.kz тілшісі 2021 жылы болатын басты спорт жарыстары туралы баяндайды.
Биатлоншыларымыз медаль алып көрмеген
Келер жылы 11-21 ақпан арасында Словенияның Поклюка қаласында биатлоннан әлем чемпионы өтеді. Бұл турнир басында Ресейде өтуі керек болған, алайда допинг дауына байланысты бұл ел жарысты қабылдау мүмкіндігінен айырылып қалды.
Қазақстандық биатлоншылар әлемдік додада үлкен жеңістерімен мақтана алмайды. Әлем чемпионы тарихында қазақстандықтар жүлде алып көрмеген.
Тек 2018 жылғы қысқы Олимпиадада Елена Хрусталева күміс медаль иеленген. Бұл - қазақстандық биатлоншылардың халықаралық аренадағы ең үлкен жетістігі.
Медаль әкелетін Смирнов та, Полторанин де жоқ
Ал 23 ақпан мен 7 наурыз арасында германиялық Оберсдорф қаласында шаңғы жарысынан әлем чемпионы өтеді. Бұл додада Қазақстан құрамасының аз-кем жетістігі бар.
1990-жылдары Владимир Смирнов Қазақстан қоржынына әлем чемпионатынан бірнеше медаль салып берген - 3 алтын, 2 күміс және 2 қола. 2013 жылы Алексей Полторанин екі мәрте қола медаль иеленген.
Алексей Полторанин. Фото: Reuters©
Жалпы, тәуелсіз Қазақстан тарихында шаңғы спортынан әлем чемпионаттарында отандық спортшылар 3 алтын, 2 күміс және төрт қола медаль жеңіп алған.
Смирнов карьерасын өткен ғасырдың соңында бітірген, Полторанин допинг дауына байланысты спорттан төрт жылға шеттітілген болатын.
Тұрсынбаева былтырғы жетістігінен асып түсе ме?
Қазақстандықтар Наурыз мерекесін атап өтіп жатқанда швециялық Стокгольмда мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты басталады. Жарыс 22-28 наурыз арасына жоспарланған.
1896 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл турнирде қазақстандық спортшылар бұған дейін бірнеше медаль еншілеген.
Екі жыл бұрын дүниеден өткен Денис Тен 2013 жылы Лондонда күміс, 2015 жылы Шанхайда қола жүлдеге қол жеткізген еді. Ал былтыр Элизабет Тұрсынбаева Жапонияда өткен жарыстың вице-чемпионы атанған болатын. Қазақстан тарихындағы үш медаль - осы.
Футболдан ӘЧ-2022: іріктеу басталады
Наурызда қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін көптен күткен матч болады. 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі басталады. Жыл бойы қазақстандық футболшылар іріктеуге қатысады.
Фото: ҚФФ©
Алғашқы матч 28 наурызда өтеді. Қазақстанға әлем чемпионы Франция келеді. Ал үш күннен кейін Қазақстан құрамасы Украинамен кездеседі.
Бұл екі командадан бөлек, Қазақстанмен бір топта Финляндия мен Босния және Герцеговина құрамалары ойнайды. Топтан бірінші орын алған құрама әлем чемпионатына тікелей жолдама алады. Ал екінші орын алған командалар тағы да іріктеуден өтеді.
Хоккейшілеріміз әлем чемпионатындағы орнын сақтап қалуға тырысады
Ал 7-23 мамыр арасында шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтеді. Бұл жолғы әлемдік доданы Беларусь пен Латвия қабылдайды.
Әлем чемпионатына 16 құрама қатысады - Еуропадан 13, Солтүстік Америкадан 2, Азиядан бір құрама.
Азиядан қатысатын жалғыз Қазақстан құрамасының тобында қазіргі әлем чемпионы Финляндия мен вице-чемпионы Канада бар. Одан бөлек, азулы АҚШ пен Швейцария құрамаларымен бір топта ойнаймыз. Сондай-ақ, Латвия, Норвегия және Италия құрамалары бар.
© "Барыс" ХК
Бір топтағы сегіз құраманың төртеуі ширек финалға өтеді. Ал соңғы орын алған команда бірінші дивизионның А тобына түсіп қалады. Қазақстан сол төменгі дивизионнан көтерілген болатын.
Футболдан Еуропа үздігі анықталады
Футболдан Еуропа чемпионатына Қазақстан қатыспаса да, қазақстандық жанкүйерлер үшін қызық турнир екені белгілі. Құрлықтық дода биыл өтуі керек еді, алайда пандемияға байланысты 2021 жылға шегерілген. Енді турнир 11 маусым мен 11 шілде арасында өтеді.
Жоспар бойынша Еуропа чемпионаты 12 елде өтуі керек, оның ішінде Әзербайжан, Ресей, Венгрия секілді елдер бар. Пандемияға байланысты УЕФА турнирді бір ғана елде өткізуі ықтимал.
Қазақстан құрамасы турнирдің іріктеуінен өте алмаған. Алты құрама бақ сынасқан топта қазақстандық футболшылар 10 ұпаймен 5-орын алған еді.
Төртжылдықтың басты додасы өтеді
Токио Олимпиадасы да жоспар бойынша биыл өтуі керек болған. Алайда мұнда да пандемия әсерін тигізді. Енді төртжылдықтың басты додасы 2021 жылы 23 шілде мен 8 тамыз арасында өтеді.
Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Токио Олимпиадасына жаңадан бес спорт түрі енді - бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг.
© Reuters
Токиодағы Ойындар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жетінші Олимпиада болмақ. Бұған дейін ел спортшылары 15 алтын, 21 күміс және 64 қола медаль еншілеген. Ең көп жүлде бокс (22 медаль) пен ауыр атлетикада (15). Балуандарымыз да Олимпиада ойындарында 17 медаль жеңіп алған, оның 11-і - қола.
Балуандарымызды екі басты додаға қатысады
Балуандарымызды Олимпиададан бөлек, әлем чемпионаты күтіп тұр. Күрес түрлерінен әлемдік дода 2-10 қазан арасында өтеді. Биыл турнирді Норвегия қабылдайды.
Бұл турнир жыл сайын ұйымдастырылады. Тек биыл өткен жоқ.
Былтыр күрес түрлерінен әлем чемпионаты Нұр-Сұлтанда өткен еді. Сол кезде балуандарымыз 3 күміс және 4 қола медаль еншілеген.
Боксшыларымыз әлемдік додада бақ сынайды
Бокстан 2021 жылғы әлем чемпионаты Нью-Делиде өтуі керек болған. Бірақ үндістандықтар AIBA алдындағы қаржылық міндеттерін орындамай, турнир Сербияға ауысты. Енді жарыс келер жылы Белградта өтеді.
Әлемдік дода өтетін нақты күн әзірше белгісіз. Бірақ кейінгі 15 жыл бойы турнир күзде ұйымдастырылып жүр. Биыл да Олимпиададан кейін өтуі мүмкін.
Бекзат Нұрдәулетов. Фото: boxing2019.com
Қазақстан тәуелсіздік алғалы боксшыларымыз әлемдік додаға 14 рет қатысқан. Бүгінге дейін қоржынға 46 медаль түсті - оның 12-сі алтын, 13-і күміс және 21-і қола. Медальдар кестесі бойынша Қазақстан алдында тек Куба, Ресей, АҚШ тұр.
Показать комментарии
Читайте также