РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
07 апреля 2020 | 13:08

"Дәм мен иіс сезбеймін". Коронавирус жұқтырған спортшылар кімдер?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны миллионнан асты. Олардың қатарында түрлі саладағы жұлдыздар бар. Денсаулығын күтіп ұстайтын спортшылар да Covid-19 індетін жұқтырған. Кейбірі бүгінге дейін айығып үлгерсе, кейбірі вирустан қайтыс болды. Tengrinews.kz тілшісі коронавирус жұқтырған спортшыларға шолу жасады.


Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны миллионнан асты. Олардың қатарында түрлі саладағы жұлдыздар бар. Денсаулығын күтіп ұстайтын спортшылар да Covid-19 індетін жұқтырған. Кейбірі бүгінге дейін айығып үлгерсе, кейбірі вирустан қайтыс болды. Tengrinews.kz тілшісі коронавирус жұқтырған спортшыларға шолу жасады.

Басты салмақ футболшыларға түсті

Коронавирус әлемге тарай бастағанда, коронавирус залалын ең көп көрген футболшылар болды. Кәсіпқой футболшының вирус жұқтырғаны туралы алғашқы дерек ақпанда тіркелген. Сол кезде италиялық С сериясының ойыншысынан вирус анықталған.

Кейін олардың қатары арта түсті. Наурызда "Ювентустың" үш ойыншысы коронавирус жұқтырған. Алдымен Даниэле Руганиден вирус анықталса, бірнеше күннен соң Блез Матюидидің де сынамасы оң нәтиже көрсетті. Ал 21 наурызда туриндіктердің шабуылшысы Пауло Дибала мен оның сүйіктісінен вирус анықталды.


Пауло Дибала. © Reuters 

12 наурызда "Лестердің" үш ойыншысынан Covid-19 табылғаны хабарланды, бірақ олардың есімі айтылған жоқ. Сол күні "Сампдория" шабуылшысы Маноло Габбьядинидің де вирус жұқтырғаны белгілі болды.

Келесі күні "Челси" шабуылшысы Каллум-Хадсон Одоидан коронавирус анықталды. Бірақ футболшы бес күннен соң вирустан құлан-таза айықты.


Каллум-Хадсон Одои. © Reuters  

Аңызға айналған футболшы, қазір "Миланның" техникалық директоры қызметін атқаратын Паоло Мальдини де коронавирус жұқтырған. 51 жастағы Мальдини вирус жұқтырудың ең ауыр кезең екенін айтады.

"Ең жаманы артта қалды - қазір құрғақ жөтел ғана бар. Бірақ әлі де дәм мен иісті сезбеймін - ол да жақында оралады деп үміттенемін. Бұрынғы спортшы ретінде денемді жақсы білемін. Дегенмен мұндайды бұрын кездестірмегенмін: кеудеме қысым түсіп, өте қатты ауырды", - дейді Мальдини.

Коронавирустан танымал бапкерлер де қашып құтылмады. Мысалы, "Арсеналды" жаттықтыратын Микель Артета мен түркиялық атақты бапкер Фатих Теримнен коронавирус анықталған.

NBA жұлдыздарынан да вирус табылды

Бразилиялық Тиаго Сейбот Уайлд коронавирус жұқтырған алғашқы теннисші атанды. Баскетболда да індет кең тараған. NBA жұлдыздарынан да вирус табылды. Мысалы, "Бруклин Нетс" жұлдызы Кевин Дюрант, "Юта" ойыншылары Руди Гобер мен Донован Митчелл, "Детройт Пистонс" баскетболшысы Кристиан Вудтан Covid-19 анықталған.


Руди Гобер мен Донован Митчелл. © AP Photo 

Ал Ұлттық хоккей лигасында вирус жұқтырған алғашқы спортшы "Оттава" хоккейшісі болды, бірақ оның есімі аталмады. Жалпы, хоккейде футбол мен баскетбол секілді вирус жұқтырғандар көп емес.

Сонымен қатар, америкалық кәсіпқой боксшы Трэвис Кауффман коронавирус жұқтырғанын хабарлаған. Кубалық балуан Исмаэль Борреро, жапониялық бейсболшылар Синтаро Фудзинами, Хайяты Ито және Кеньи Нагасаки, америкалық шахматшы Ирина Круш, франциялық волейболшы Эрвин Нгапеттен вирус табылған.

21 жастағы футболшы қайтыс болды

Ақпаннан бастап спортшылардың немесе спорт мамандарының індеттен көз жұмғаны туралы ақпарат тарай бастады. Мысалы, 28 ақпанда 23 жастағы ирандық футболшы қыз Ильхам Шейхидің коронавирустан қайтыс болғаны хабарланды. Малагалық "Атлетико Портада Альта" әуесқой футбол клубының ойыншысы Франциско Гарсия вирус жұқтырып көз жұмған. Ол 21 жаста болған еді.


Франциско Гарсия © facebook.com/AtlPortadaAlta

Негізінен спорт саласында коронавирустан қайтыс болғандардың басым бөлігі - егде жастағы адамдар. Олар клуб президенті немесе бапкер қызметінде болған.

Наурызда ирандық футбол бапкері Ахмад Тахери Covid-19 індетінен көз жұмды.

Көп ұзамай мадридтік "Реалдың" бұрынғы президенті Лоренцо Санс та дүние салды. "Эспаньолдың" бұрынғы бапкері Мариан Феллаиниден вирус табылған. Ол 84 жасында қайтыс болды. Тағы бір футбол функционері көп ұзамай көз жұмды. Бұл жолы футбол әлемі голландиялық "Витесстің" бұрынғы президенті Кис Баккерден айырылды.

Ақпанның басында франциялық "Марсельдің" бұрынғы президенті Папе Диуф 69 жасында көз жұмды.

Вирус жұқтырғандарға спортқа оралуға бола ма?

Коронавирус жұқтырған спортшылардың кейін жүрек ауруы ұшырауы мүмкін. Техас университетінің ғалымдары жасаған зерттеу бойынша, спортшылар вирусты жеңген соң спортқа қайта оралмауы ықтимал. Себебі бұл ауру жүрек-тамыр жүйесіне әсер етеді екен.

Сарапшылар коронавирустың гипертензияны, аритмияны, жүректің ишемиялық ауруын тудыруы мүмкін екенін анықтады. Осыған байланысты мамандар ауруға шалдыққандарға спортқа оралуға тыйым салуды ұсынады.

Бірақ бұл туралы спорт дәрігерлері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы немесе халықаралық спорт ұйымдары ешқандай пікір білдірген жоқ.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети