27 апреля 2021 | 15:27

Бір көрген біліс: Орта Азия чемпионы атанған бодибилдер қазақ кім?

Фото: instagram.com/a.abdulakhat

Tengrinews.kz Қазақстанның әр саладағы үздіктері туралы "Бір көрген біліс" жобасының мақалалар топтамасын бастайды. Алғашқы кейіпкеріміз - Абдулахат Анесов - Қазақстанда аса таныла қоймаған саланың өкілі. Ол алты жылдан бері бодибилдингпен айналысады. Алайда осы уақыт ішінде Қазақстанның абсолют чемпионы атанған. Енді кезінде Арнольд Шварценеггерді жұлдыз қылған ең атақты жарысқа баруды армандап жүр. Анесовпен әңгімелесіп, бұл спортқа қалай келгенін, Қазақстандағы бодибилдинг туралы сұрадық.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Tengrinews.kz Қазақстанның әр саладағы үздіктері туралы "Бір көрген біліс" жобасының мақалалар топтамасын бастайды. Алғашқы кейіпкеріміз - Абдулахат Анесов - Қазақстанда аса таныла қоймаған саланың өкілі. Ол алты жылдан бері бодибилдингпен айналысады. Алайда осы уақыт ішінде Қазақстанның абсолют чемпионы атанған. Енді кезінде Арнольд Шварценеггерді жұлдыз қылған ең атақты жарысқа баруды армандап жүр. Анесовпен әңгімелесіп, бұл спортқа қалай келгенін, Қазақстандағы бодибилдинг туралы сұрадық.

26 жастағы Абдулахат бодибилдингпен 2015 жылдан бері айналысады. 

Реклама
Реклама

"Төртінші курста оқып жүргенімде фитнес-орталыққа түнгі кезекшіліктегі күзетші болып жұмысқа орналастым, сондағы мақсатым тегін жаттығу жасау еді. Бәрі содан басталды. Кейін қарапайым жаттығулар жаңа деңгейге көтерілді. 2017 жылы бодибилдерлер арасында жарыс өтетінін біліп, қатысып көрейін дедім. Кейін өмірім осымен байланысып кетті", - дейді ол. 

Оның сөзінше, көпшілік бодибилдерлер таңнан кешке дейін жаттығу жасайды деп ойлайды екен. Бірақ олай емес, ол аптасына үш күн 1,5-2 сағаттан ғана жаттығады. 

"Сонымен қатар, біз көптеген тамақтан бас тартамыз деген ой қалыптасқан. Кез келген тамақты жеуге болады, бірақ шамасын білу қажет. Әрине, сайыс жақындаған кезде рационнан күнделікті тағамдарды алып тастап, суға пісірілген күріш, қарақұрым, сұлы жармасы, ет, жұмыртқа секілді тамақтарға көшу керек", - дейді Абдулахат.

Қазақстанда бодибилдер болып қана күн көру мүмкін емес. Көбі фитнес-орталықтарда жұмыс істейді. Абдулахат Анесов те сол жолды таңдаған. 

"Бодибилдер боламын десеңіз, көп ақша жұмсайсыз. Өзіңізге, өз денеңізге инвестиция деп айтуға болады. Негізгі жұмыс орным - фитнес-бапкер. Ал сайыстардан ақшадан гөрі, абырой көбірек жинаймыз", - дейді ол. 

Оның сөзінше, бұлшықетті осылай өсіру үшін стероид қажет, "Өтірік айтпай-ақ қояйын, олсыз мүмкін емес" дейді ол. 

"Бұрын мені көргендер қатты таңғалатын. Әркімге әрқалай әсер етеді. Бірі "Денеңе неге бұлай жасадың, мүлде әдемі емес" деп жатады. Тағы бірі "мойның неге кішкентай, аяғыңа неге жаттығу жасаймайсың?" деп сұрайды. Ал бірі таңданысын жасыра алмайды, келіп суретке түсетіндер де бар. Қанша адам болса, сонша пікір. Қазір адамдар үйреніп қалған сияқты, бұрынғыдай қатты таңғала бермейді", - дейді бодибилдер. 

Қызылордада туған Абдулахат қазір Ақтөбеде тұрады. Үйленген, бір ұлы бар. 

"Соңғы уақытта отбасыммен көп уақыт өткізуге тырысамын. Жарым бодибилдинг пен спорт тұрғысында толығымен қолдайды, бұл қатты көмектеседі. Ұлым 1,5 жаста, қазір бірге бассейнге барып жүрміз", - дейді ол.

Ол бодибилдинг тұрғысында Қазақстанда күрделі мәселелер жоғын айтады. АҚШ пен Еуропа елдеріне жетпесе де, ТМД елдерімен бір деңгейде екен. 

Абдулахат таяуда бодибилдерден Орта Азия чемпионы атанған, оның алдында Қазақстанның абсолют чемпионы болған. Siberian Power Show халықаралық жарысында қола жүлде алған.

Енді бодибилдердің арманы - "Мистер Олимпия". Бұл бодибилдерлер арасындағы ең атақты жарыс. 1965 жылдан бері ұйымдастырылады, кезінде Арнольд Шварценеггер бұл жарыста жеті рет топ жарған. "Мистер Олимпияға" бұған дейін Қазақстаннан ешкім қатысып көрмепті. 

"Олимпия - бодибилдинг шыңы. Оған көрінген адам жете бермейді. Көбі үшін ол тек арман болып қалған. Бірақ мен жақын уақытта осы арманыма жете алатыныма сенемін. Бодибилдингтің барлық жұлдызы сонда барады, біз де оған қатысуымыз керек", - дейді Абдулахат.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram